ШИЕЛІДЕ ЖАБЫҚ ЖҮЗУ БАССЕЙНІ САЛЫНАДЫ
Елбасының биылғы Жолдауындағы тапсырмаларын орындау мақсатында Шиелі ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 5 жобаны іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жыл басынан бері Ақмая, Жуантөбе елді мекендерінде жобалық құны 58-70 млн. теңгенің спорттық сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілсе, Жөлек ауылында жобалық құны 22 млн. теңге болатын кешен құрылысы жүргізілуде. Дәл осындай нысан Бестам елді мекенінде де (жобалық құны 68 млн. теңге) салынып жатыр.
Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласынан туындайтын "Атамекен" кіші бағдарламасына сәйкес "Туған жерге тағзым" акциясы аясында жерлесіміз Бегман Қауасұлының қаржыландыруымен Шиелі кентінен жобалық құны 95 млн. теңгенің жабық жүзу бассейінін салу жобасының құжаттары әзірленіп, келер жылы құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.