Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚАПЫДА ҚАЗА ТАПҚАН ОРАҚ БАТЫР

ҚАПЫДА ҚАЗА ТАПҚАН ОРАҚ БАТЫР


    Қазақ даласының әр пұшпағы құпия-сырға толы екендігі белгілі. Дәл сондай Қазалы жерінің тарихы да сан тарам. Дүңкейіп жатқан дөңдері мен қатпарлы қырларында бағзыдан қалған із бары анық. Ал, белгілі бір оқиғаға, немесе, апайтөс батырларының құрметіне арналып қойған жер-су атаулары шаш-етектен. Жазиралы өлкеде белгілі тұлғалардың мұнартып тұрған мұнаралары да алыстан мен мұндалайды.
    Осындай көнеден қалған жәдігердің бірі – Орақ батыр мұнарасы. Ол Қожабақы ауылынан алты шақырым жерде орналасқан. Қолдағы деректерге иек артсақ, ХVIII-ХIХ ғасырларға жататын архиологиялық ескерткіш.
    Орақ батыр Сыр өңіріне белгілі ғұлама, бiрнеше жерге мешiт салдырған Қожаназар ишанның атасы. Орақ батырдан: Артықбай, Арланбай, Отбай туылған. Артықбайдан: Қожаназар, Бекназар, Ақназар тараған.
     Батыр бабамыз діни өте сауатты болғанымен молдалықпен айналыспаған кісі. Аса қайратты, жаужүрек ол елін-жерін анталаған жаудан қорғау үшін батырлық жолын таңдаған. «Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін» деген қағиданы берік ұстанған.
    Қазақ халқының көптеген тарихи әңгімелері, аңыз-әфсаналары ауыздан-ауызға жетіп отырғанын көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Сондай ұрпақтан-ұрпаққа жеткен деректің бірі төмендегідей өріледі.
    Орақ батыр Хиуа хандығы әскерлерімен соғыс кезінде бесін намазын оқып отырғанда жау келіп қалса да, намазын бұзбапты. Хас дұшпаны Аллаға құлшылық етіп, мұсылмандық парызын өтеп отырғанына қарамастан, артынан келіп, көк желкеден басын шапқан. Наркескенмен шабылған Орақ батырдың басы шоршып түсіп, ылдиға қарай домалап кетіп, бір айдан кейін әрең табылыпты. Ағайын-туыстары Орақ батырдың басы қиылған жерге «Орақтың белгісі» атты биік мұнара орнатқан. Осы күні Аранды қыратының биік төбесі «Орақтың белгісі» деп аталады. Бүгінгі таңда мемлекеттің қамқорындағы ескерткіштердің санатына кіргізілген.
    Иә, ел тәуелсіздігі жолында жанын беріп, басын бәйгеге тіккен түрлі сайыпқыран ерлер өткен. Оның әрбірі біздің шежіремізден ойып орын алып, бүгінгі жас буынның көкейінде сақталады деген сенімдеміз.
    Есет ТАБЫНБАЕВ

15 қараша 2017 ж. 1 963 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области