Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Алаштың бір асылы

Алаштың бір асылы

Қызылорда облысының мемлекеттік архивінде мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың өмірі мен еңбек жолына қатысты құжаттар көшірмелері сақтаулы.

Қазаққа, жалпы түркі жұртына айтулы еңбек сіңіріп, өшпес із қалдырған тарихи тұлға - Сұлтанбек Қожанов 1894 жылы 10 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында малшы отбасында дүниеге келген.
Ауыл молдасынан хат танып, 1906-1908 жылдары Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін, 1908-1913 жылдары 3 сыныптық қалалық мектепті тәмамдаған. 1913-1917 жылдары Ташкенттегі мұғалімдер семинариясында оқып жүріп, қазақ жастарынан құралған астыртын «Кеңес» атты ұйымын құрады. 1918 жылы қараша айынан бастап Ташкенттегі Қазақ педагогикалық училищесінде мұғалім, 1919 жылы қыркүйек айынан қалалық білім беру уездінің инструкторы,Түркістандағы атқарушы комитеттің мүшесі,1920 жылы Түркістанның Компартия Орталық Комитетінің мүшесі, Түркістан Орталық атқару комитетінің орынбасары, 1920-1921 жылдары ішкі істер қызметі,1921-1922 жылдары Ташкент қаласындағы халық ағарту комиссары, 1922 Түркістан Республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл шаруашылығының ахуалына ерекше көңіл бөліп, қазақ халқын отырықшылыққа, егін егуге шақырды. 1923 жылы 10 қарашада Түркістан Республикасы өңірлік сьезіне делегат болып бекітіліп, Президиум құрамына енгізіледі. 1924 жылы 6 қаңтарда Бүкілресейлік Кеңестер сьезінің делегатына кандидаттыққа ұсынылып, Түркістан Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалады. 1925 жылы (өлкекомының) екінші хатшысы қызметіне жіберіледі.
Сонымен қатар, Түркістан Коммунистік партиясының V-VII сьездерінің, Түркістан республикасы Кеңестері X, XII, XIV сьездерінің мәжілістеріне белсене қатысып, өзінің ойлы ұсыныстарын айтып, іскерлігін танытты. 1924-1925 жылдары Қызылордадағы қазақ өлкелік комитетінің хатшысы, 1925 жылдан бастап жауапты инструктор ретінде Мәскеу қаласына ауыстырылады.1926 жылы ақпан айынан бастап Мәскеудегі Марксизм-Ленинизм курстарының тыңдаушысы,1927 жылы желтоқсан айында Ортаазиялық бюросының қарамағына жіберілді, онда ол үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасары ретінде жұмыс істеді. 1929-1931 жылдары Орта Азия мақта-ирригациялық институтын құрып, оның алғашқы директоры, 1932-1933 жылдар аралығында Ортаазиялық одақтастық басқарушының орынбасары, 1934 жылы жұмысшы инспекциясының Орталық бақылау комисариатының техникалық мәдениет басшысының орынбасары, орталық Кеңестік мақта орталығының бақылаушысы, КСРО Жер наркомат басшысы, Өзбекстан бойынша Кеңестік бақылау комиссиясының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
Ақын, публицист, педагог С.Қожановтың есте қалар қасиеті - білімге құштарлығы. Ол негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен де ұштастырып отырды. Сондай–ақ оқу ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етіп, Мәскеу, Петроград секілді ірі қаларда жоғарғы оқу орнында білім алып жүрген Түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде біршама іс-шараларды жүзеге асырды. 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін Қожановтың бастамасымен Ташкентте «Бірлік туы» баспа серіктестігі құрылып, «Бірлік туы» газеті шығарыла бастады. Алғашқы екі саны М.Шоқайдың басқаруымен, қалған сандары 1918 жылдың мамыр айына дейін Қожановтың қол қоюымен шықты. Газет Оренбург қаласында шығарылатын «Қазақ» газеті бағытында шығарылып тұрды. Қаржының тапшылығына орай бұл газеттің шығарылуы тоқтатылды. Газеттің өзі және қызметкерлердің құрамы Ташкентте орналасқан «Алаш» партиясының филиалы болды.
С.Қожанов оқу ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. «Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. Оның мектепке арналған «Есептану құралы», «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі жеке кітап болып шыққан. С.Қожанұлы қай кезде де, қай жұмыста да жерге бөліну, жүзге бөліну сияқты теріс түсінікке үнемі соққы беріп отырды. 1925 жылы 19-шы ақпанында облыстық партия ұйымы өлкелік комитет болып өзгертілгенде, С.Қожанов екінші хатшылыққа жоғарылатылады. Ол ірі-ірі партиялық мәселелерден бастап жер дауы, жесір дауына дейін араласып, көптің ойындағы шешімді айта білді. Ол Қазақстанның бес жылдығының өз дәрежесінде аталып өтуіне зор еңбек сіңірді. Ол әуелі кезекте елдің астанасын «отар қала-Орынбордан» қалың қазақтың ортасына көшіру қажет екендігін мәжіліс мінбелерінен сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ баспасөз бетінде қайта-қайта қозғады.
1925 жылдың көктеміне қарай астананы басқа жерге ауыстыру проблемасы тұрды. «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан, қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек...Қазақ ұлт мемлекетшілігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман болса да өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қамына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын»,- деп жазды С.Қожанов.
1925 жылы 9-шы ақпанда Қазақстан Орталық Комитеті астананы Орынбордан Ақмешітке көшіруге қаулы қабылданды. Қазақ кеңесінің бесінші съезінде төрағалық еткен С.Қожанұлы күн тәртібіне екі мәселе енгізген, біріншіден, «қазақ» деген шын атымызды орнына келтірдік, екіншіден, сол кісінің ұсынысымен «Қызылорда» деген.
С.Қожанов 1937 жылы 8 шілдеде Ташкент қаласында тұтқындалып, 1938 жылы 8 ақпанда КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының үкімімен атылды. 1957 жылы ақталды.
Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларындағы көшелерге С.Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған.

29 наурыз 2019 ж. 538 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области