Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ТӨЛ ӨНЕРІН ТАНЫТҚАН ТҰЛҒА

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ТӨЛ ӨНЕРІН ТАНЫТҚАН ТҰЛҒА


Темірбек Жүргенов қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында ұлттық мәдениет пен руханиятқа өлшеусіз еңбек сіңірді. Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың туғанына биыл 120 жыл толып отыр.
Темірбек Қараұлы Жүргеновтың есімі тек қана қазаққа ғана емес, Орта Азия елдеріне, қала берді түгел түркі жұртына әйгілі. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Бүгінде бұл ауыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргенов есімімен аталады. Бұған қоса, Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданында мектеп атаулары берілген. Облыс орталығындағы Шығармашылық үйі де Т.Жүргеновтің есімімен аталады.
Даңғайыр шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуовтей ұстаздан дәріс алған зерделі жас Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы  училищеде бастауыш білім алған соң 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. Осында оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене араласады.
Соның бір дәлелі, 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына енсе, 1919 жылы  Ырғыз уезі Кенжеғара болысы революциялық комитетінің  төрағасы қызметіне тағайындалған.
Ал арада бір жыл өткенде БК(б)П қатарына өтіп, Ырғыз уездік революциялық комитетінің, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып сайланған. Одан соң Орынборда жұмысшы факультетінде оқып, 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі.
Осы жылдары Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, Қазақ АКСР-і мен Түркістан Республикасының Орталық Атқару комитеттерінің мүшесі боп сайланған Темірбек Қараұлы өлкелік және республикалық партия ұйымдарының конференциялары мен пленумдарына қатысады. Ол осынау жауапты жұмыстардың бел ортасында жүріп, елдің болашағына қажетті тың бастамалар мен толғақты жайттарды айқындай білді.
Айталық, Т.Жүргенов Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры қызметінде жүрген уақытында жоғары оқу орындарына арналған саяси экономия және құқықтану пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударып, сондай-ақ, қазақ термелерінің жинағын құрастыруға көңіл бөлді.
1934 жылы әйгілі Шығыстың жеті жұлдызының бірі Ә.Фирдоусидің туғанына мың жыл толуына орай Тұрмағамбет Ізтілеуовке әлемдік әдебиеттің алтын қорына енген Фирдоусидің "Шахнамасын" аудартып, жаҺанға мәшһүр жауҺар туындының қазақша нұсқасының жазылуына бастамашы болады. Аударманы қарап қабылдау жөніндегі әдебиет, тіл, тарих саласындағы мамандарынан құрылған комисияны Т.Жүргеновтің өзі басқарады.
Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов аса көлемді эпопеяны он айдың ішінде аударып шығады. Онда ақын қырық мың жолға жуық "Шахнаманың" оқиға желісін негізгі ала отырып, өз өлеңімен жеткізген деседі.
Сол 1930 жылдары Жүргеновтің тікелей атсалысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына негіз қаланды.
Т.Жүргенов Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды.
Оның 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін ұйымдастыру арқылы халқымыздың төл өнерін төрткүл дүниеге танытуға ерекше еңбек сіңіргенін ел жақсы біледі. Сол онкүндік кезінде республикамыздың өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге Т.Жүргенов те "Еңбек Қызыл Ту" орденімен марапатталады.
28 қыркүйек 2018 ж. 1 030 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области