ҚЫЗЫЛОРДАДА КӨМЕКБАЙ ҚАРАКӨЗОВКЕ АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ БЮСТ АШЫЛДЫ
Қызылорда қаласындағы №235 орта мектепке көрнекті қоғам қайраткері, соғыс ардагері Көмекбай Қаракөзовтің атын беріп, ескерткіш бюстының ашылу салтанаты өтті.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев мектеп ұжымын құттықтап, атақты жерлесіміздің есімін абыроймен алып жүруге тілектес екенін жеткізді.
- Бар өмірін Сыр бойының өркендеуіне арнап, адалдық пен қажырлықты ғұмырының туы еткен үлкен өнеге иесі Көмекбай Қаракөзов - қабырғалы қайраткер. Бес жасында әке-шешеден бірдей айырылып, жетім қалған бала тағдырдың тауқыметін бір адамдай-ақ тартса да, ертеңге үмітпен қарап, тез жетілді. Азамат болып, ат арқасына ерте мінді. Ауылшаруашылық саласында басшылық қызмет атқарып жүріп, ел басына күн туған алмағайып сәтте Отан қорғауға аттанды. Әр жылдары облыстың Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарын басқарған Көмекбай Қаракөзов соғыстан кейінгі ел тұрмысын түзеді. Шиелі ауданын басқарған жылдары ауданда 30-дан астам диқан Социалистік Еңбек Ері атанса, 130 еңбеккер түрлі орден, медальдармен марапатталды. 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев «Дала академигі» атанады, - деп атап өтті облыс әкімі.
Салтанатты шараға қатысқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов пен еңбек ардагері С.Далдабаев К.Қаракөзовтің ескерткіш бюстының ашылуымен құттықтап, өнегелі өмірі, жарқын істері, өшпес іздері туралы айтып берді.