АРДАГЕР АТЫНДАҒЫ КӨШЕ
Шиелі кентіндегі жаңа көшеге аудандық сотының төрағасы қызметін атқарған Өтеген Жарықбайұлы Жарықбаевтың есімі берілді.
Өтеген Жарықбайұлы Жарықбаев Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек жолын 1946-1949 жылдары аралығында Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотында сот отырысының хатшысы қызметін атқарудан бастаған.
1949-1951 жылдары Алматы заң мектебінің тыңдаушысы ретінде заң саласындағы білімін жетілдірген.
1951 жылы Атырау облысы (сол кездегі Гурьев) Қызылқоға ауданының халық сотының төрағасы болып сайланып, одан кейін облыстық соттың мүшесі болды. 1957-1963 жылдары Ташкент университетін сырттай оқып тәмамдаған.
1957-1975 жылдары Ө.Жарықбаев Қызылорда облысының Тереңөзек, Сырдария, Қармақшы аудандарында сот төрағасы болып абыроймен қызмет атқарады. Одан кейін 1975 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін 10 жыл қатарынан Қызылорда облысының Шиелі аудандық сотының төрағасы қызметін атқарған.
Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Қызылорда облыстық филиалының мүшелері Қызылорда облыстық сотының судьясы М.Ахметов, Қызылорда қалалық сотының төрағасы М.Еркінбеков, Шиелі аудандық сотының төрағасы М.Күздеубаев, аудандық сот судьялары, сот саласының ардагерлері, аудан, кент әкімдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, прокуратура, адвокатура, ішкі істер органдарының өкілдері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты шараны Шиелі ауданының әкімі Ә.Оразбекұлы құттықтау сөзбен ашты. Өз кезегінде Қызылорда облыстық сотының судьясы М.Ахметов, сот саласының ардагерлері Ж.Аяпбергенов, Т.Баймағамбет, З.Жаңбыршаева ардагер судья Өтеген Жарықбайұлы Жарықбаевтың өмірі мен қызметі жайлы естеліктермен бөлісті.
Шараға қатысушылар Ө.Жарықбаевтың сот жүйесінің дамуы мен өркендеуіне қосқан ерен еңбегін ерекше атап көрсетті.
Шара аясында салтанатты жиынға қатысушылар Шиелі аудандық сотының музейінде болып, онда ардагер судья Ө.Жарықбаевтың өмірі мен қызметінен сыр шертетін деректермен танысып, музейге қойылған судьяның пайдаланған заттарын тамашалады.