ТҮРКІМЕНСТАН ӘЙЕЛДЕРДІҢ КӨЛІК ЖҮРГІЗУІНЕ ТЫЙЫМ САЛДЫ
Енді Түркіменстанда жүргізуші куәлігі болған күннің өзінде де әйелдерге көлік жүргізуге тыйым салынады. Бұл туралы habartm.org сайты жазды.
Әйелдердің көлік жүргізуіне тыйым салу жұмысы 2017 жылдың желтоқсан айынан басталған. Бастапқыда тек айыппұл салынатыны туралы ескерту жасалған. Алайда осы жылдың қаңтар айынан бастап жол полициясы қызметкерлері әйел жүргізушілерге қатысты шараларды қатаңдатып, олардан жүргізуші куәлігін алып, көлікті айыппұл тұрағына қоя бастаған.
Ашхабадта тұратын әйелдердің сөзіне қарағанда, бастапқыда көпшілігі мұны қалжыңға балапты. Алайда тыйым салу күшіне енгендіктен, қазір әйелдер көлік жүргізу мүмкіндігінен айырылды. Тіпті мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін әйелдерден көлік жүргізбеу туралы қолхат алынған. Бұдан бұрын Ішкі істер министрі Іскендір Муликов Түркіменстан басшысына елдегі жол көлік апаттарының көбі әйел жүргізушілердің қатысуымен болатыны туралы статистиканы таныстырыпты.
Осыдан кейін Президент Құрбанғұлы Бердімұхамедов министрге жағдайды реттеу туралы тапсырма берген.
The Qazaq Times