Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚАҢҒЫП КЕТКЕН КЕМЕЛЕР...

ҚАҢҒЫП КЕТКЕН КЕМЕЛЕР...


Бүгінде әлемдегі мұхиттар мен теңіздерде ешкімнің басқаруынсыз жүзіп жүрген кемелер аз емес. Кейде осы иесіз су көліктері алып айдындағы елес секілді көрініп, жұрттың қорқынышын тудыруда.

 «БАЙЧИМО» – АРКТИКА ТҰТҚЫНЫ


«Байчимо» сауда судносы 1911 жылы Германия тапсырысы бойынша Швецияда жасалыпты.  Аң терілерін тасуға лайықталған кеме бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлыбритания иелігіне өтіп, АҚШ пен Канада арасына қатынай бастайды.  
1931 жылы күзде «Байчимо» бір бәлеге кезікті. Аң терісін толтыра тиеп алған кеме Аляска жағалауындағы алып мұздардың қыспағында қалып қояды.  Жағалауға шыққан кемедегілер «Байчимоны» көп ұзамай құтқарып алатындарына сенімді еді. Алайда, аяқ асты тұрған алапат дауылдан кейін олар кемені таппай қалады. Судноны батып кеттіге жорыған олар көп ұзамай «Байчимоның» лагерден 45 мильдей жерде тағы да мұзға қамалып тұрғанын естиді.
Айтылған жерге жеткенімен оның түкке де жарамай қалғанын көрген теңізшілер  «Байчимоны» тұрған орнында қалдыруды жөн көреді.  Көп ұзамай мұз құрсауынан босаған «Байчимо» мұхит бетімен маңып кете беріпті...
Иесіз судно 1969 жылға дейін әлсін-әлсін көрініп тұрыпты. 2006 жылы Аляска «Байчимоны» іздеу операциясын бастағанмен ол сәтсіз аяқталды. Осыдан кейін судно ақыры суға батып кетті деп байлам жасалды. Бірақ, оны біржола жоғалдыға қимайтындар әлі де бар. Кім біледі, бір күні Арктика тұтқыны тағы төбе көрсетіп қалар.

«РЕУУН МАРУ»  – ТІРШІЛІК ҮШІН «КҮРЕСКЕН» ТРАУЛЕР

Жапонның «Реуун Мару» траулері Аомори префектурасындағы Хатинохэ портына қарасты еді. Балық таситын алып траулер 20011 жылғы 11 наурызда болған алапат цунамиде ашық теңізге шығып кетті.  
Тура бір жылдан кейін оның Британдық Колумбия жағалуында жүргені белгілі болды.  Тот басқан траулер 2012 жылдың сәуірінде АҚШ шекарасын кесіп өтеді.  Жағалау күзеті Жапонның иесіз судносы кеме қозғалысына қауіп төндіреді деген шешім қабылдап, оны біржолата құрту үшін атқылай бастайды.  Төрт сағатқа созылған атыстан кейін ғана «Реуун Мару» су түбіне шым бата бастайды. Қазір тіршілік үшін күрескен траулер Аляска жағалуынан 240 шақырым қашықтықта 350 метр тереңдікте жатыр.
 
АВСТРАЛИЯЛЫҚ ЯХТАНЫҢ АҚЫРЫ  


 2007 жылдың 18 сәуірі Австралия аспанында ұшып жүрген тікұшақ пилоты ашық теңізден иесіз яхтаны байқап қалады. Оның хабарлауынша іздеуге кіріскен теңіз патрулі яхтаны екі күннен кейін әзер табады. Бір қызығы, жаныңа керектінің бәрі табылатын шағын кемеде тірі жанның жоқтығы еді. Зерттей келе, Kaz-II яхтасының  Таунсвилттегі Эрли-Бичтен осыдан 3 күн бұрын шыққаны анықталды. Онда оның иесі, 56 жастағы Дерек Баттен, 63 және 69 жастағы ағайынды Питер мен Джеймс Танстедтер болған екен.
 Судно тергеу аяқталғанша Таунсвилл портына қойылып, полиция оның иелерін іздеуге кірісті.   Көп күндік сабылыстан кейін ағайынды екеудің балық торын тарқатпақ болып суға түскенде батып кеткені белгілі болды. Ал оларды құтқармақ болған яхта иесі де сол жерде қаза тапқан.   

HIGH AIM 6 – СҰМДЫҚҚА ТОЛЫ СУДНО


 2003 жылдың 8 қаңтарында Австралияның солтүстік-батыс жағалауынан    High Aim 6 деп аталатын Тайвань судносы табылды. .
Балық аулауға лайықталған судно 2002 жылдың 31 қазан күні порттан шығып, ондағылармен байланыс осы жылдың желтоқсанында үзілгені анықталды.
 Табылған мезетте High Aim 6-те бәрі бар еді. Экипаж мүшелерінің мүліктері де өз орнында тұр. Трюмоларға теңіз балықтары ретімен қойылыпты. Бәрі бар, тек адамдар жоқ. Полицейлердің балықшыларды теңіз дауылы ұшырып әкетті деген болжамын көптен бері қатты жел тұрмағанын дәлелдеген метерологтар жоққа шығарды.
Кейін бір индонезиялықтың тылсымға толы кемеге қатысты жаңа дерек айтқаны белгілі болды.  Оның дерегінше,  High Aim 6-дағы 14 адамның арасында дау туып, команда капитаны мен оның көмекшісі өлтірілген. Осыдан кейін суднодағы жалдамалы  индонезиялықтар қайыққа отырып, белгісіз бағытқа бет алыпты.
Бірақ, бұл болжам да расталмады. Осылайша сұмдыққа толы суднода қандай оқиғаның болғаны белгісіз күйде қалып қойды.

«ЛЮБОВЬ ОРЛОВА» – МҰХИТТЫҢ КЕҢЕСТІК КЕЗБЕСІ  
 

Екі палубалы «Любовь Орлова» кемесі 1976 жылы Югославияда Совет үкіметінің тапсырысы бойынша дайындалған.  Жиырма жылдан астам Кеңестегі  теңіз тасымалына қызмет еткен «Любовь Орлова» тоқсаныншы жылдардың ортасында  Мальтада тіркелген бір компанияға сатылып кетеді.
Қайта жасақтап, одан қыруар пайда тауып отырған жаңа қожайындары да 2010 жылы кемеден айырылып қалады. Компанияның қарызы үшін Канададағы порттардың бірінде 2 жыл тұрған «Любовь Орлованың»  темір-терсекке өткізілетіні анық болды. Бірақ, оны Доминикан республикасына жоюға алып бара жатқан жерінен дауыл басталып, «Любовь Орлова» ашық теңізге шығып кетеді.
Көп адам оны батып кеттіге жорып, іздеуді артық жұмыс санайды. Бірақ, «Любовь Орлованы» су астына кетті дегендер қатты қателескен еді.  
«2013 жылдың ақпанында АҚШ-тың геокеңістікті барлау ұлттық агенттігі  спутник арқылы Ирландя жағалауынан 1700 шақырым қашықтықта су бетін кезіп жүрген «Любовь Орлова» кемесін  байқайды.  
2014 жылдың қаңтарында The Mirror басылымы Ұлыбритания мен Ирландияның жағалау қызметі кеңестік теплоходтың тым жақын қалуына байланысты дабыл көтергенін жазды. Бірақ, олардың қаупі бекер болып шықты.
Базбіреулер кеңестік кезбе кеменің 2013 жылы суға батып кеткенін айтады. Бірақ, оған тиянақ болар дәлел әлі табылған жоқ.
М. АҚЫНҰЛЫ


24 қазан 2017 ж. 1 912 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области