Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Ақын-жазушылардың билікте отырған балалары кімдер?

Ақын-жазушылардың билікте отырған балалары кімдер?

Kyzylorda-news.kz. «Әке көрген оқ жонар...». Дүние есігін шыр етіп перзенті ашқанда жұдырықтай жүрегі жарылардай қуанатын әке үшін перзенті үкілеген үмітін ақтаса – бақыт сол емес пе?! Әсіресе ел алдына шығып, халықтың сөзін сөйлесе, елге қызмет етсе – ата-ана қатты қуанады. «Ата-анаға көз қуаныш, алдына алған еркесі», – дейді Абай. Соңғы уақытта елімізде ақын-жазушылардың ұл-қыздары жоғары биліктен көріне бастады.

Оның бір жарқын көрінісі маусымда өткен президент сайлауында қазақ детективінің атасы Кемел Тоқаевтың ұлы Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланды. Кемел Тоқаев «Жұлдызды жорық», «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс» сияқты шығармалардың авторы.
Парламент Сенатының спикері Дариға Назарбаева да – ақынның қызы. Әкесі Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның Әнұранының авторларының бірі. Сонымен қоса, «Елім менің», «Үшқоңыр» сияқты танымал әндердің де мәтінін жазған. Оған қоса, ондаған публицистикалық кітаптары бар.
Президент кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлы Қарин де – жазушының ұлы. Әкесі Тынымбай Төлепбайұлы «Өмір сыры», «Қанағат», «Шырғалаң» секілді прозалық шығармалардың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бір айта кетері Ерлан Тынымбайұлы белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлының күйеу баласы.
Президент көмекшісі Мәулен Әшімбаев болса – қазақ әдебиетіне белгілі сыншы, қоғам қайраткері болған Сағат Әшімбаевтың ұлы. Сағат Әшімбаевтан «Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік» сияқты әдеби сын кітаптар қалды.
Мәулен Сағатханұлының анасы Шәрбәну Бейсенова да әдебиетімізге белгілі жазушы. «Тойға келген келіншек», «Қызғалдақтар», «Тағылымды тағдырлар», «Сүзгенің соңғы күндері», т.б кітаптардың авторы.
«Астана» Халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов – белгілі түрколог ғалым, драматург Немат Келімбетовтың ұлы. Әкесі "Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі", "Ежелгі түркі поэзиясы", "Көркемдік дәстүр жалғастығы" сияқты зерттеулердің авторы.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова – жазушы Рахметолла Райымқұловтың қызы. Әкесі «Уәде», «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам» сияқты кітаптардың авторы. Ақтоты Рахметоллақызы белгілі жазушы, «Доктор Дарханов», «Тоқаш Бокин», «Ұядан ұшқанда» сияқты белгілі кітаптардың авторы Зейін Шашкинге жиен болып келеді. Анасы Мәкиза Дайырбайқызы ағасы Зейін Шашкиннің шығармашылығын әрдайым насихаттап, жоқтаушысы болып өтті.
Ерлан Бекхожин – «Қазақстан Республикасы Президент телерадиокешенінің» директоры. Әкесі Қалижан Бекхожин қазақ әдебиетінің көрнекті ақыны, Халық жазушысы. Әдебиетімізде поэма жанрын меңгерген үлкен ақын ретінде қалды. «Ақсақ құлан», «Орман қызы» дастандарының авторы.
Вьетнам Социалистік Республикасындағы Қазақстаннның Өкілетті және Төтенше Елшісі Ерлан Байжанов – белгілі журналист, жазушы Сапар Байжановтың ұлы.
Сапар Байжановтың тағы бір ұлы Ұлан Байжанов – қазір «Цесна банк» АҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі. Оған дейін «Казкоммерцбанк» АҚ төрағасының орынбасары, Бас Прокуратура жанындағы құқыққорғау органдары академиясының ректоры, Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс вице-министрі, «ҚазМұнайГаз» компаниясында басшылық қызметтерде болған. Сапар Байжановтан «Замандастар туралы толғау», «Архив-айғақ», «Абай және архив» сияқты кітаптар қалды.
Қайрат Шораұлы Сарыбай Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі. Әкесі Шора Сарыбаев - филология ғылымдарының докторы, Тіл білімінің диалектология, лексикология, тіл тарихы, аударма, есімнама, алтаистика салаларына арнап көптеген еңбек жазған ғалым. Сондай-ақ, түркітану әдебиетінің библиографиясын жазып, әдебиеттануға да үлес қосқан. Шора Шамғалиұлының бауыры Болат Сарыбаев қазақтың ұлттық аспаптарының тарихын терең зерттеп, үлкен іргелі еңбек жазған. Қазір ұлт аспаптарын жасайтын шеберлер сол кісінің еңбегіне сүйенеді. Ал әкелері Шамғали Сарыбаев та қазақ тіл біліміне үлкен еңбек сіңірген, тіл біліміндегі үлкен ғалымдардың бірі.
Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Оразалин – ақын Нұрлан Оразалиннің ұлы. Нұрлан Оразалин ұзақ жылар Қазақстан жазушылар одағын басқарды. Парламент Сенатының депутаты болды. "Беймаза көңіл", "Көктем көші", "Жетінші құрлық", "Азаматқа аманат", "Құралайдың салқыны", "Ғасырмен қоштасу", "Сырнайлы шақ" атты жыр жинақтары мен "Азаматтық айдыны" атты көркем публицистикалық-эссе толғаулар кітабы жарық көрген. Нұрлан Оразалинның "Шырақжанған түн", "Тас киіктер", "Аққұс туралы аңыз" ("Бойтұмар"), "Қарымта", "Қилы заман", (М.Әуезовтың аттас шығармасының ізімен жазылған), "Бастықтың бір күні", "Қарақазан ғасыр", "Көктемнің соңғы кеші" тәрізді драмалық шығармалары театрларда сахналанған.
Тұңғыш Президент – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев – ақын, публицист, жазушы Ербол Шаймерденұлының күйеу баласы. Ербол Шаймерденұлы Қазақстандағы баспасөз қызметін алғаш жасақтаған журналситердің бірі. Жиырмаға жуық кітабы жарық көрген.
Ұлт руханиятына қызмет еткен тұлғалардың перзенттері елге қызмет етсе, халық өзіне жақын көріп, жақсылық үміт етеді. Әрдайым оң істің басынан көргісі келеді. Бұл кісілер ел үмітін ақтап жүр ме, жоқ па оны уақыт көрсетеді.

19 тамыз 2019 ж. 698 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области