Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Мұрат Насимов: Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог – халық көптен күткен мәселе

Мұрат Насимов: Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог – халық көптен күткен мәселе


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты бірінші Жолдауын жариялағаны баршамызға белгілі. Жолдауда көтерілген мәселелер қоғамдық өмірдің түрлі салаларын қамтиды. Атқарылатын жұмыстардың барлығы бес институционалдық реформа және Ұлт жоспарын жүзеге асырумен байланысты екендігі негізделеді. Жолдау қағидаларын іске асыру үшін бес іргелі міндеттер айқындалды: заман талабына сай тиімді мемлекет; азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету; қарқынды дамыған және инклюзивті экономика; әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі; Қуатты өңірлер – Қуатты ел.
Президент заман талабына сай тиімді мемлекет құрудың бес міндетін атап көрсетеді. Жолдауда қоғамды мазалайтын негізгі мәселелер көшеде емес, азаматтық диалог шеңберінде Парламентте талқыланып, өз шешімін табу керектігіне ерекше тоқталады. Бүгінде біз елімізде орын алып жатқан түрлі наразылықтардың куәгеріміз. Мысал ретінде, жер митингтері, көп балалы аналар наразылықтары, басқа да әлеуметтік мәселелерге қанағаттанбаған кейбір азаматтардың наразылықтарын айтуымызға болады. Сондықтан шерулер туралы заңнамаларды жетілдіру маңызды болып табылады.
Мемлекет басшысы саяси реформалар өз ретімен жүріп, іргелі қағидалары елдің қоғамдық-саяси жаңғыруы негізінде сәтті экономикалық реформаларды жүргізумен байланыстырады. Мемлекет тұрақтылығының негізі ретінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы саяси жүйенің болашақ моделіне айналатындығын дәйектейді. Біздің ойымызша, күшті Президент халқының алдында жағымды бейнені қалыптастырғанға қарағанда, саяси билікте нақты мақсаттарға жетуді көздейді. Осы нақты мақсаттарды жүзеге асыру үшін халықтың саяси қолдауы қажет. Ықпалды Парламент еліміздегі демократиялық құндылықтарды нығайтып, атқарушы билік жауапкершілігін қамтамасыз етеді деп ойлаймыз. Жария құқық пен саяси зерттеулер негіздеріне сүйеніп, есеп беретін Үкімет институттары мен тетіктерін анықтау қажет. Расында саяси жүйенің бұл формуласы қазіргі күрделі жаһандық ахуалдағы еліміздің мұқтаждықтарын қанағаттандырып, стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға ықпал жасайды. Бұл өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын өмірге енгізудің іргетасы.
Заман талабына сай тиімді мемлекет құру бағытындағы шаралардың төртінші міндетіне қоғамдық келісімді нығайту жатады. Негізінен кез келген мемлекет үшін этносаралық қатынастар мәселесі өте күрделі құбылыс болып табылады. Еліміздегі көп этникалық факторды тиімді пайдалану, мұны қажетті арнасына бағыттау тәуелсіздік алғанымыздан бастап маңызды саналады. Бүгінгі таңда елімізде қалыптасқан этникааралық қатынастар моделі қоғамдық келісім, ұлттық бірегейлік, бірлігімізді нығайтудағы ықпалы айқын көрініп отыр. Сондықтан ұлтаралық келісімнің Казақстан моделі әлемдік қауымдастықтағы өзге елдерге үлгі болып отыр деп санаймыз.
Қоғамдық келісім мен бірлік тәуелсіздігіміздің индикаторы әрі мемлекетіміздің тұтастығының негізін қалады. Мемлекет басшысы Жолдауда «Ел бірлігі – оның әралуандығында!», - дейді. Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихында Қазақстан халқы Ассамблеясының халықтың бірлігі мен келісімін қамтамасыз етіп отырудағы орны бөлек. Сондықтан еліміздегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдайдың жасала беруі орынды деп ойлаймыз. Бұл тұста мемлекет басшысының қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келетіндігіне сенетіндігін айта кеткеніміз жөн.
Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше мәселелерге ерекше тоқталады. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғаудың басты факторы ретінде сот және құқық қорғау жүйелерін терең реформалау қажеттілігіне назар аударады. Қоғамда кеңінен таралып кеткен қылмыс түрлерін атап көрсетіп, Парламент пен Үкіметке жедел түрде ауыр қылмыстарға жазаны қатайтуды тапсырды. Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күрес те назардан тыс қалмады.
Мемлекет басшысы қарқынды дамыған және инклюзивті экономикада құрылымдық өзгерістер жасаудың сегіз міндетін атап көрсетті. «Білім экономикасы» ақпараттық қоғам мен білім қоғамына тән постиндустриалды экономика мен инновациялық экономиканың дамуындағы жоғарғы кезең екенін білеміз. Бүгінгі әлемдік қауымдастықтағы алдыңғы қатарлы елдер жер қойнауындағы қазбаларды емес, адамның ақыл-ойын басты байлық санайды. Сондықтан осы «Білім экономикасы» қағидаларына сүйену арқылы Орталық Азиядағы беделімізді арттыру стратегиялық міндетін жүзеге асыра аламыз.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде ерекше мән беріліп келе жатқан жер мәселесіне тоқталып, жеріміздің шетелдіктерге сатуға жол берілмейтіндігін атап көрсетті. Халық байлығы болып табылатын жерді тиімді пайдаланудың тетіктерін ұсынуды Үкімент пен Парламентке тапсырды. Бұл тетіктер отандық аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің сапалы дамуына септігін тигізетіндігіне сенімдіміз.
Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін бастаудың алты бағытына ерекше мән береді. Білім беру сапасын жақсарту үшін жасалған ұсыныстармен қатар, жастар, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау білдіру қажеттілігін дәйектейді. Еліміздегі жоғары білімнің сапасына жеке тоқталып, орын алып отырған келеңсіз жәйттерді жойып, білім сапасын арттыруға күш салынатыны белгілі болды. Ұлттың ілгері дамуы үшін қажетті ғылымның рөліне тоқталуы саладағы көптеген мәселелердің шешілетініне сенім ұялатады. Ғылыми жұмыстардың жүргізілуі және оның тәжірибеде қолдануы маңызды мәселе. Әсіресе, қоғам мүшелері үшін тиімділігі көп көріне бермейтін әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардағы зерттеулерді қоғамдық құбылыстарға сай жүргізуге ерекше мән беруіміз қажет. Білім беру, ғылыми мәселелермен қатар, медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік көмек беру жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілетін болды.
Президент Қуатты өңірлер – Қуатты ел бағытында төрт міндетті жүзеге асыруды тапсырды. Жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажеттілігіне тоқталды. Мұндай бағалаулар әлеуметтік желілерде, әсіресе фейк-парақша қолданушылар арасында жағымсыз жәйттер кеңінен тарап жатқандығын байқаудамыз. Бұл шараны жүзеге асыру үшін тәуелсіз сарапшыларды тартқанды жөн санаймыз. Бірыңғай тұрғын үй саясатын жүзеге асыру арқылы әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру негізгі қағидаты айқындалды.
Біздің ойымызша, билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог әрдайым халық арасында сұраныста. Жолдауда айтылған қоғамдық диалогтың мақсаты биліктің жоғарғы деңгейдегі ашықтығы және халық қажеттіліктерін қанағаттандыруға жедел жауап беру деп ойлаймыз.

Мұрат НАСИМОВ,
Қызылорда «Болашақ» университетінің профессоры,
саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.
09 қыркүйек 2019 ж. 1 923 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области