КӨП ТІЛДІ БІЛУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
“Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі”
Н.Ә.Назарбаев
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда мемлекеттік тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Тіпті Отанымызда өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысы күннен-күнге арта түсуде. Бұл жағдайды қазақ тіліне көрсетіліп отырған құрмет деп түсінуіміз қажет.
Ұлтаралық қарым-қатынасты реттеуде, қоғамдық татулық пен келісімді тұрақты ұстауда, халықаралық маңызды мәселелерде ортақ шешімге келуде, жаңа инновациялық технологияларды, заманауи көзқарастар мен идеяларды енгізіп, кеңінен таратуда орыс тілінің рөлі айрықша екендігі баршаға мәлім.
“Тілдердің үш тұғырлылығы” бағдарламасының негізгі мақсаты мемлекеттік тіл – қазақ тілін орыс және ағылшын тілдерінің деңгейіне дейін көтеріп, бәсекелестігін арттыру болып табылады. Өскелең ұрпақтың үш тілді: қазақ тілін – мемлекеттік тіл, орыс тілін - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілін - халықаралық тіл ретінде оқып үйренуге ұмтылыс жасауы — заман талабы, болашақ ұрпаққа қажеттіліктен туындап отыр. Бүгінгі таңда көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік.
Тіл арқылы өсіп келе жатқан ұрпақты әмбебап, жаһандық құндылықтарға қосу, әлемдік кеңістік пен көршілес мәдениеттер өкілдерімен қарым-қатынас жасап, сөйлесе білу дағдыларын қалыптастыруға болады. Көптілділік қазіргі әлемнің басты мәселесі адамдар арасындағы келісім мен өзара түсінушілікті шешуге көмектеседі.
Осы орайда Жаңақұрылыс елді мекенінің тумасы, №74 орта мектебінің түлегі Базарбаев Бауыржан Әлиханұлын тілге тиек еткінді жөн көрдім. Базарбаев Бауыржан Әлиханұлы – 1985 жылдың 5 қыркүйегінде Жаңақұрылыс елді мекенінде дүниеге келген. №74 орта мектептің 11-сыныбын бітіріп, сол жылы Ақтөбе Мемлекеттік педагогикалық институтының «Математика» факультетіне грантқа түсіп, 2008 жылы «Үздік» дипломмен бітіріп шыққан. 2008-2012 жылдар аралығында Астана қаласындағы «Астана-Достық» білім беру орталығында директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметімен бірге еліміздің бас қаласындағы математика пәнін тереңдетіп оқытатын ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасаған. Тынымсыз атқарған еңбегінің нәтижесінде 2010 жылы Сағындық Ғизат, 2012 жылы Қысықова Әсел есімді ҰБТ-те дайындаған оқушылары мүмкін болған 125 балдың 125-ін толық жинап, абыройын асқақтатты.
2012-2014 жылдары Алматы қаласындағы С.Демирел атындағы Халықаралық ағылшын тілінде ғана оқытатын университеттің «Математика» факультетіне магистратураға түсіп, «Үздік» дипломмен бітірген. Тәжірибе алмасу мақсатында Семей, Ақтау қалаларындағы «Достық» білім беру орталығында директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған Бауыржан Әлиханұлы қазіргі таңда Орал қаласындағы «Орал-Достық» білім беру орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Математика пәні бойынша Стамбул, Анкара, Мәскеу, Баку қалаларында өткен семинарларға қатысып, біліктілігін арттырған. Бауыржан Әлиханұлы - отбасында жұбайы Ақшолпанмен бірге балаларын тәрбиелеп отырған отағасы, ана тілінен басқа орыс, түрік, ағылшын тілдерін еркін меңгерген, ерекше қабілетті азамат. Мектебіміздің түлегі Бауыржан Әлиханұлына ұжым атынан, ұстаздары атынан әрдайым да мықты денсаулық, бақыт, шығармашылық табыстар тілеймін! Әрқашан ел абыройын биіктетіп, биіктерден көріне беруіне тілекшіміз.
Жұмагүл ИСАЕВА
Жаңақұрылыс ауылы,
№74 орта мектептің қосымша білім беру педагогы