Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » БОЛАШАҚҚА ҚАМҚОРЛЫҚ

БОЛАШАҚҚА ҚАМҚОРЛЫҚ


Бірі есту, бірі жүру, бірі ойлау мүмкіндігінен айырылған балалармен жұмыс жасаудың жауапгершілік жүгі сіз бен біз ойлағаннан әлдеқайда ауыр. Бұл бағыттағы іспен айналысудың да осал шаруа еместігі бесенеден белгілі.
Жастайынан тағдыр тәлкегіне ұшыраған бүлдіршіндермен бірге күліп, бірге ойнап, тіпті бірге қайғырудың да ләззатын сезіну – тек осы саланың қазанында қайнап жүрген жандарға ғана тән. Десе де, осындай қиындығы көп тірлікке тәуекел етіп, олармен әр сәтті бірге өткізуге бел буатын жандар қатары кемде-кем. Көбісінің көкейіндегісі – бір.
Ашығын айтқанда, бейнетінен қашып, «сау басыма сақина тілемейін» дегенге келіп саяды. Ал, қармақшылық Бақытгүл Раймбаева көп көңілінде бекіп қалған осы тайыз түсініктің терістігін іспен дәлелдеген бірден-бір жан. Ең бастысы, мақсат қойды. Қолға алды. Нәтиже шығарды.
Алғаш 2007 жылы небәрі 4 баламен құрылған «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар бірлестігінің құрамында бүгінде аудан орталығының өзінен 130-дай бала бар. Ал, тұтас аудан шеңберінде 700-ге жуық өрен тіркелген. Жастайынан арбаға танылып, терезеге телмірген балақайлар үшін мұнда өткізген әр сағат алтынмен пара-пар. Себебі, бұл жақ еңседен басқан бар ауыртпалықты серпіп тастап, бір сәтке болса да естен шығаруға көмектеседі. Жап-жас балғын денесін қара басып, құдды бір өзінікі еместей зілге айналған қорлық сезімін де тарс ұмытады. Керісінше, жігерлене түсіп, күш-қайратын жани түсетіндей. Барлығы бір-бірін көкірек көзімен ұғынып, риясыз ойнап-күледі. Одан бөлек, алуан түрлі қолөнер бұйымдарын жасауды үйренеді. Эстетикалық талғамын арттырады. Бірлестіктің діттеген нысанасы да – осы.
Өз бетінше қимыл-қозғалыс жасау мүмкіндігінен айырылған жандарды еңбекке баулу, қоғамдық өмірге тарту, түрлі іс-шаралар арқылы олардың танымдық қабілетін шыңдау. Жалпы, жаратылысынан жаны жайсаң Бақытгүл әжей әу баста бірлестікті кәсіп көзі қылайын, мемлекет қазынасын олжалайын деп те ашпаған. Асқаралы алпыстың асуын бағындырған кейуана бүгінде жүз баланың бас қосатын берекелі ортасына айналған ұйымның ашылуына өз қызы – Аңсағанның бір ауыз сөзі сеп болғанын айтады. – Төрт ұлдың ішіндегі жалғыз қызым – Аңсаған кішкентайынан біраз қиындықты бастан өткерді.
Оныншы сыныпқа дейін үйден оқыды. Ана үшін өмірдегі ең сорақы нәрсе – бауыр еті баласының екі жанары мөлтілдеп қиындықпен арпалысуы. Оны мен секілді шарасыз күй кешкен аналар қауымы жақсы түсінеді. Бір күні қызым алдымнан шығып: «Анашым, мен секілді қыздар тауып, бірге жұмыс жасайықшы. Білмесе, бірге үйретейік» деді.
Перзентімнің жалғызсырап жүргенін іштей сезіп, қиналып қалдым. Сөйтіп, мүмкіндігі шектеулі 3-4 қыз баланы тауып, ата-аналарымен сөйлестім. Осылайша «Аңсаған» өнер шеберханасы дүниеге келді. Кейін балалар санының көбеюіне байланысты 2011 жылдан бастап «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігі болып қайта құрылдық, – дейді бірлестік төрайымы.
Ашылғаннан бері де мемлекетке қарап, алақан жайған емес. Үкіметтік емес ұйымдардың ережесіне сәйкес өзін-өзі қаржыландырып отырады. Үнемі жан-жағына құлағын түріп, тынбай ізденіп жүретін ол қоғамдық қорлар, әртүрлі жобалармен айналысып, қаражатқа қол жеткізу арқылы бірлестік жұмысын жандандырып келеді. Бірнеше жыл бойы мемлекеттік тапсырыспен аудандық ішкі саясаттан, американдық қор USAID-тан, «Ақниет» бағдарламасы және Тұңғыш Президент қорынан жобалар ұтып алды.
Одан түскен қаржыға балаларды тарихи-өлкетану жерлеріне саяхатқа апарады, түрлі іс-шаралар өткізіп, олардың таным-түйсігін ұлғайтуға ықпал етеді. Ал, бірлестікке атын берген Аңсаған бүгінде шалғайдан тартқан қиындықты артқа қалдырған. Жоғары оқу орнын тәмамдап, аяулы ана атанып үлгерді.
Десе де, бірлестіктің басты кейіпкері өмірден өз еншісін алып кеткенімен, аңсағандықтар орталығы әлі де өз жұмысын жалғастырып келеді. Себебі, Бақытгүл әжей «Өз өгізім өзеннен өтсе болды» дейтін менменшіл жандардың қатарынан емес. Он саусағынан өнер тамған талапты жасты бәйгеге қосып, жетістігіне қуанып, кемшін тұсын толықтырып жүр. Үйретуден әсте жалыққан емес. Тәңір оған осындай таусылмас төзім берген.
Міне, Бақытгүл әжей балаларын бүгін тағы да кезекті экскурссиясына алып келді. Құт қонған Қармақшыдан әуелі Қызылорда қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне ат басын тіреп, шежірелі шаһардың өткенімен таныстырды. Одан соң мәдени-демалыс паркіне әкеліп, шат-шадыман көңіл-күй сыйлады. Көбіне табалдырықтан аттап, аула маңынан ұзап шыға қоймайтын балалар осылайша риясыз күлкіге кенелді. Ал, Бақытгүл әжей болса, өз баласындай әрқайсысына ерекше қамқорлық танытып бәйек болып жүр. Әрбірі жан-жақтан «Әже!» деп жамыраған сайын ана жүрек елжірей түсетіндей. Керемет көрініс! Қараған көз қуанып, көңіл марқаяды.
Жақсылық жасау үшін бай болу міндетті емес... Көз алдымда жаңа ғана өткен бұл көріністен мен осыны ұқтым. Кәсіпкер, саудагер болып, зәулім-зәулім сарай салып бермей-ақ, туған елдің гүлденуіне үлес қосуға болады. Себебі, туған өлке дамуы, тұтас елдің болашағы туралы сөз болғанда ең бірінші салауатты ұрпақ мәселесі тұратынын білеміз. Ол болмаса, мына жасалып жатқан еселі еңбек пен қыруар жұмыстың құны да бес тиын болып қалары анық қой. 
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
08 маусым 2018 ж. 802 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области