БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында, Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығы және Қармақшы ауданының 90 жылдығына орай 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында қармақшылық мүмкіндігі шектеулі бір топ бала Қызылорда қаласына экскурсия жасады.
Оны аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Қорқыт елі-Қармақшы» жастар қоғамдық бірлестігі және «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігі (төрайымы Бақытгүл Райымбаева) ұйымдастырды.
Экскурсияның негізгі мақсаты балалардың жеке қасиеттерін дамыту, бір-бірін сыйлауға, адамгершілік қасиеттерін жоғалтпай ұстауға жетелеу.
Көбіне өз табалдырығынан ұзап шыға қоймайтын мүмкіндігі шектеулі балалар өмірін жақсы біледі. Сондықтан оларға мағыналы күн, жақсы көңіл-күй сыйлау үшін алдымен ұйымдастырушылар оларды Қызылорда облыстық тарихи-өлкентану музейіне апарды.
Ал музей қызметкерлері өз кезегінде ерекше қонақтарына экскурсия ұйымдастырып, оларды Қызылорда облысының тарихы мен мәдениетінің қалыптасуымен, бүгінгі таңдағы жетістіктерімен таныстырды. Кешегі күндерден, тарихтан сыр шертетін құнды экспонаттар туралы тереңнен әңгімелеп берді.
Балалар облыстық тарихи-өлкентану музейінен кейін балалар Қызылорда қалалық мәдени және демалыс паркіне болды. Ол жақта балалар жанашыр кәсіпкерлердің қолдауымен ұйымдастырылған ойын алаңдарымен аттракциондарға тегін сырғанау мүмкіндігіне ие болды.
Даму мүмкіндіктері шектеулі балалар барлық мерекелік шаралардың нағыз белсенді қатысушылары болып табылды, өткізілген шаралар балалардың айналадағы ортаға бейімделуіне, өзін азамат ретінде сезіне отырып адамдармен тең дәрежеде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызды.
Ұйымдастырушылар экскурсияға қолдау көрсеткен жанашыр азаматтарға алғысын білдіреді.
Ж.НҰРПЕЙСОВА,
«Қорқыт елі - Қармақшы» жастар қоғамдық
бірлестігінің қызметкері