ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТЫ ШАРТЫ – ҰЛТТЫҚ КОДТЫ САҚТАЙ БІЛУ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерілгені мәлім.
...Қазіргі кезде елімізде ескі жүйеге негізделген, сол бағытпен жұмыс істеп келе жатқан мекемелер мен шаруашылықтар баршылық. Үкімет берген қаржыны жаратуды ғана білетін, өздігінен табыс көзін таба алмайтын шалажансар күн кешіп келе жатқан мұндай мекемелер елдің дамуына ешқандай да үлес қоса алмайды. Себебі, ілгері қарай дамиын, қосымша қаржы көздерін тартуға қабілетті мекемеге айналайын деген ниеттері болмағандықтан жаңаша идеялар ойлап табуға да қабілетсіз болып қала береді. Елбасы мақаласы осындай ұжымдарға сабақ болуы тиіс. Елге, жерге қызмет етсем деген патриоттық санадағы жастарды тың идеялармен қаруландыра білуіміз керек.
Елбасы өз мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтау жайлы айта келе: «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді», - деп көрсетеді. Демек, әркім өз бойындағы қабілеті мен икемділігін танытатын, сол арқылы өз жағдайын жақсарта алатын уақыт жетті деген сөз. Қазіргі кезде көптеген мамандар білдей бір университетті бітірген соң өзіне лайықты жұмыс таппай сандалысқа түседі. Жұмысқа орналасу үшін көпшілігі тамыр-таныстарын жағалап жүргенін көресің. Танысы арқылы жұмысқа орналасқан мамандардың кейбірі өз жұмысын алып кетуге қабілетсіз боп шығады. Себебі, өзіндік идеясы жоқ, ізденіс қабілетін ұдайы жетілдіріп отырмаған, бәсекелестікке төтеп бере алмайтын әлжуас, жігерсіз маман өзіне сеніп тапсырылған жұмысты өрге сүйрей алмайды. Ондай жасық маманды жұмысқа қабылдаған басшы да ұтылады, өзіне сенбейтін жас маман да өз деңгейін білген соң көбіне қара жұмысқа ауысып кетіп жатады.
Қазіргі заман идеяластардың бәсекеге түсетін заманы. Жақсы кадр қай кезде де сұранысқа ие әрі ондай мықты кадрлар ылғи да тапшы болып келеді. Нарықтың қатаң заңдылығы қабілетсіздердің келеңсіздігін, коррупционерлердің жең ұшынан жалғасқан жемқорлығын көтеріп тұра бермейді.
«Әкенің жиғаны балаға мал болмайды» деп атам қазақ дұрыс айтқан. Әке байғұс бар малын сарп етіп баласын оқуға түсіреді, оқу бітірген соң ол жұмысқа тұрып кетсін деп тағы да таныстарын жағалап жүріп пара береді. Біздегі қазіргі қоғамда орын алып кеткен келеңсіздіктің өзі осыдан кеп шығады. Дайын асқа тік қасық болса, онда жиған малдың қадірін түсінбеген бала бар малды босқа шашады.
«Малды жиғанға бақтыр, отынды шапқанға жақтыр» дейді дана халқымыз. Әркім қолынан келетін іспен айналысуы керек. Кейінгі кезде ұрлық-қарлықтың, жұмыссыз бос сандалудың да белең алып кеткені рас, бұл қоғамдағы келеңсіздікке алып келіп отыр. Бұның да өршуіне бірнеше факторлар себеп боп отыр.
Кезінде кеңестік идеология адамдардың бәрін дайын нәрсеге үйретті. Алдымен балабақша, сонан соң мектеп, әскерде қызметін өтеп келген соң оқуға түсу егер түспеген жағдайда ауылдағы бір мекемеге жұмысқа орналастыру. Адам өздігінен ештеңе ойламауы керек, орташа жалақың бар сонымен көптің бірі ретінде өмір сүре беруге болады. Бірақ бұл жүйе өзін ақтамады, салмақтың бәрі үкіметтің өзіне түсті халық қалыпты өмірге үйреніп өмір сүрді.
Бұл жүйе құлаған соң масылдыққа үйреніп алған өзіндік идеясы қалыптаспаған өзіне сенімсіз топтар табыстың жеңіл түрін табуды кәсіпке айналдырып алды. Экономика еш уақытта бір жерде тұрмайды не алға жылжиды не артқа кетеді. Ұлттық экономиканы алға жылжытып отыратын қашанда заманауи білім алған іскер жастар болмақ. Дамыған елдерде кіші бизнестің салмағы басқа салаға қарағанда қарқынды дамуының өзі әрбір идеясы бар жастардың өз мақсатын жүзеге асыруға жол ашып беріп отырады. Соның негізінде экономика да қарқынды дами бастайды.
Кез-келген халықтың әлсіз тұсы оның кежегесін кейін тартып тұратын, алға жылжуға кедергі жасап отыратын өнімсіз пайымдары мен тар шеңбердің құрсауында қамап ұстайтын, адымын аштырмайтын келеңсіз ырымдары болады. Бұлар игі бастамаларды болдырмауға тырысады, жаңалықты қабылдай алмаған соң салғырттыққа бастайды, себебі оған ескілікті көзқарастары мен үйреншікті әдеті әсер етіп тұрады. Елдің ішінде келеңсіздікке алып келетін жәйттердің бірі рулық деңгейде ойлайтын сананың өзгеріссіз қалуы деуге болады. Мұндай кертартпа ойлар елдің дамуына серпін беретіндей тың идеялар бере алмайды.
Елбасы өз мақаласында «Күн сайын өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес», - деген болатын.
Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандап өткен, ұрпағымыз «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтындай» жерұйықта өмір сүруді аңсаған ізгі тілегі ақыры қабыл болды. Қазақстан республикасы тәуелсіз ел атанды. Тәңірі жарылқап қолымызға тиген қасиетті тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау – кез-келген қазақстандықтың қасиетті борышы!
Бұл қасиетті борышқа әрқашан да сергек оймен қарауымыз керек. Сол елдің ұлтарақтай жерін бар жан-тәнімізбен қорғау, отан үшін жанымызды шүберекке түйіп дайын тұру әрбір кеудесінде намысы бар азаматтың мойнындағы міндеті. Руды айтқанда сол елдің тәуелсіздігі үшін атқа қонған рухы биік батырларымызды мақтанышпен еске аламыз. Ол батыр бабаларымызды бір рудың шеңберінде ғана қарап, өзге рудың батырларынан артық не кем қоюға болмайды. Елі үшін атқа қонған батырлар ұранды жалпақ алаш жұртына тастаған, ел басына күн туған қысылтаяң шақта күллі қазақтың намысы үшін әр руға ат шаптырып сауын айттырған. Себебі, алаштың арда азаматтары күллі қазаққа ел ортақ, жер ортақ екендігін жақсы білген, еншісі бөлінбеген қазақ елі екендігін әрқашан да есте ұстаған. Бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып, білек қосып, тізе біріктіре отырып жауын жеңіп отырған.
Қорқыт атадан бастап Асан қайғыға шейінгі абыз бабаларымыз желмаяға мініп жерұйықты іздеуінің мәні де мәңгілік ынтымаққа ұйыған тату елдің жарқын бейнесін қалыптастыру жолында жасалған ізгі қадамдары еді. «Мәңгі ел» болу идеясы тек қана бүгін туындап отырған көзқарас емес, бұл аталарымыз негізін қалаған бірігу идеясының санадағы қайта жаңғыруы деп түсінуіміз керек.
Біздің аталарымыз Байкалдан – Балқанға дейінгі байтақ жерлерге атпен барған, көптеген елдермен, әртүрлі ұлыстармен араласты, әр елдің де жақсы әдеттерін бойына сіңіре білді. Ұдайы ат үстінде өмір кешкен бабаларымыз өзге ұлттармен араласа жүріп озығынан үйренді, олардың мәдениеті мен өркениетін де бойына сіңіріп отырды. Көптеген отырықшы халықтар өзге тілде сөйлесе акцентпен сөйлейтіні бар, қазақтың бір ерекшелігі кез-келген тілді меңгергенде тілінің мүкісін білдірмей сөйлеуінің де бір ерекшелігі ежелгі дәуірлерден бастап Еуразия даласында еркін көшіп-қонып жүруінде болса керек. Соның арқасында қазақ тілінде өзінің төл дыбысынан өзге де көрші халықтарында қолданатын сөздерден енген дыбыстарды ғасырлар бойы қабылдауының арқасында акцентсіз айта алатын деңгейге жетті. Бұл да қазақтың бір ерекшелігі деуге болады, сөйлесе сөзге мүдірмейтін шешендігі де оның артықшылығы еді. Қазақтың тарихы мен тілін зерттеген көптеген ғалымдар қазақ тілінің бай тілдердің қатарына жататындығын айтып кеткен. Ұлан-байтақ даламызда өмір сүріп жатқан қазақ халқында шығысынан батысына шейін үш мыңнан астам шақырымдық далада мекен еткен ұлтымыздың тілінде ешқандай да диалектінің болмауының өзі қазақ халқының ерекшелігінің біріне жатады. Дүниеде ұлтарақтай жерде өмір сүріп жатқан тайпалардың бірінің сөзін бірі ұқпайтындай күй кешіп отырғандары да ұшырасады. Ендеше рухы биік ата-бабаларымыздың бізге қалдырған осындай асыл қасиеттерін ұрпақтың бойына ұдайы сіңіріп отыруымыз керек. Бұл біздің ұлттық кодымыз болып табылады және мұндай асыл дүниелерімізді ұдайы жаңғыртып отыруға тиіспіз.
Елбасы Н.Назарбаев өз мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», - деп ұлттық кодқа айрықша назар аударады. Ендеше қазақ халқын тәрбиелеп келе жатқан, елдікке ұйытып отырған озық дәстүрін дамытуды жалғастыра беруіміз керек.
Бойдағы асыл қасиетіміздің бірі – өзгенің ала жібін аттамау! Ұлан-байтақ даламызда еркін көшіп-қонып жүрген қазақ халқы көрші аймақтарда өтіп жатқан той-жиындарға емен-жарқын, ақ пейілде бір-бірін жатырқамай тікелей араласып кете беретін болған. Сырттан келген құдайы қонақты құдасындай сыйлаған, жолаушының атын ауыстырып, бар жылы-жұмсақты аузына тосып отырған.
«Кісі ұрпағымен мың жасайды» деп ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Жастарды еркін ұстауға тырысқан, «он үште отау иесі» деп мүшелге толған баланы өзімен тең дәрежеде көрген. Ел басқару ісіне, үй шаруашылығын дербес жүргізуге баулып отырған. Қазақ жастары қанша еркін өссе де қалыптасқан ұлттық дәстүр мен елдің абыройын бәрінен биік ұстаған.
«Атаның емес, адамның ұлы бол» деп ұрпақты адам бойындағы жақсы қасиеттерді көре білуге баулыған, жігіттік намыс пен қыздың арын бәрінен жоғары қойған. Олар өз елдерінің намысты ұлдары екенін дәлелдеуге тырысатын болған. Той-томалақта өтетін қыз қуу, бәйге жарысы, қыз бен жігіт айтысы секілді ұлттық ойындарға өзге ауылдың қыз-келіншектері келгенде сыйлап төрінен орын ұсынған. Өз өнерімен танылған жастар қай жерде де сыйлы болған. Шілдехана, бесіктойларда күні бойы ұлттық ойындарды тамашалаған жастар кешке қарай ақсүйек ойнаған, алтыбақан теуіп жігіттер мен қыздар өзара ән салып, айтысқа түсіп отырған. Кез-келген үйдің есігі ашық болған, біреудің дүниесіне көз сұғу, сандығын ашып алтын бұйымдарын ұрлау, қыз-келіншектерді зорлау секілді келеңсіз дүниелер болмаған. «Тең теңімен, тезек қабымен» деп көкірегі ояу жастар өздеріне жар болатын қыздарды айттырғанда оның тегіне аса мән бере қараған. Бұл жағынан шаңырақ иесі әкесі мен атасының өзі деңгейлес текті жердің қызын айттыру дәстүрін балалары да құптап отырған. Тектілердің құда болғандығы туралы оқиғалар көптеп кездеседі, бұл дәстүр ел ішінде әлі де жалғасын тауып отыр. Тектілікке ұмтылудың өзі біздің дәстүріміздегі рухани жаңғырудың бір көрінісі, бұл үрдіс те алдағы уақыттарда жалғасуы қажет. Ұлтымыздағы бекзаттық пен тектілік институтының қалыптасуы сан ғасырлық жалғасы бар өткен тарихымыздың бірі. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ұлттың ұрпағы болғандығымызды ұдайы жастардың санасына сіңіріп отыру керек. Жастардың санасы халқымыздың осындай қасиетті дәстүрімен толығып, жаңғырып отырса игі бастама болар еді.
«Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар» демекші өркениетке ұмтылып отырған еліміз дамудың келесі сатысына көтерілуі үшін ылғи да санада сілкініс туғызып отыруы тиіс. Кезінде намысты ұлдар бір өзі бір ауылды асыраған. Елде қолынан іс келетін жалынды жастарды ортақ жұмысқа жұмылдырып отырған, тапқан табысымен елді асыраған. «Қамбар батыр» жырында да дүйім елді өзінің аңшылығымен асырап отырған батырға байдың қызы Назым келіп сөз салғанда да «елімді ойламай қарақан басымды ойласам менің жігіттіме сын емес пе» деп қарамай кететіні бар. Қазіргі кезде ел ішінен шыққан кәсіпкерлер арасында өзі өскен ауылдарына демеушілік жасап, мүмкіншілігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, туған аймағынан кәсіпорындар ашып жұмыспен қамтып отырғандар бар. Мұндай азаматтарды ел болып, мемлекет болып қолдауды қолға алудың маңызы зор.
Қазіргі заман инновацияның дәуірі, идеялардың бәсекеге түскен уақыты. Тыңнан жол тапқан өнертапқыштар мен сол идеяны жүзеге асыруға ұмтылатын, озық идеяны әлемге таныту жолдарын іздейтін жанкешті бизнесмендердің әрбір сәтті қадамын көкірегі ояу, көзі ашық зиялы қауым ылғи да қолдап, моральді жағынан қолдау көрсетіп отыруы тиіс. Мұндай істерді қолға алуда әр аймақта ашылып жатқан рухани жаңғыру орталықтары да осындай іс-шараларға тікелей атсалысып отырғаны дұрыс.
Тың идеяларды әкімшіліктермен біргелікте қолға алатындай жоспарлы жұмыстардың аясында қарастырып отыратын шараның механизмдерін жетілдіре беру керек. Бұл өз кезегінде аймақтағы, ауыл мен қаладағы жастардың өз бойындағы қабілетті жетілдіруге, заманауи келбеттегі жұмыс орындарын ашуға, өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып елдің дамуын ілгері жылжытуға деген тегеурінді стимулға жол ашатын болады. Адами капиталды дұрыс бағытқа бұру үшін ұлттық экономиканың даму бағыттары мен алдағы істелетін мүмкіншіліктерін ұдайы насихаттап отыру керек. Қазіргі заман керісетін емес келісетін, руыңмен оқшауланатын емес, ұлттық рухқа қызмет жасайтын уақыт. Қазақ елін әлемге таныту жолында ұлттық кодты дәріптей отырып, рухани мұрамызды жаңғырту идеясын дамытатын уақыт та келіп жетті.
/соңы/
Бақыт ӘБЖЕТ,
«Рухани жаңғыру» орталығының
жетекші маманы
Қызылорда қаласы