ЖАСТАРҒА ЖОЛ СІЛТЕГЕН БАСТАМА
Туған жерін түлетіп, оған қызмет етуді кім армандамайды? Әсіресе, мұндай мүмкіншілік мемлекет тарапынан жастарға жасалып тұрса. «Қазір мамандық алған жастар қалада қалуға тырысады. Ал, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы жас маманның ауылда тұрақтанып, үйлі болуына септігі зор». Бұл айтулы бағдарламамен үйлі болып, болашағын туған елінің өркенімен ұштастырған жас маман Гауһар Мұратбекқызының пікірі.
Жосалы кентінде дүниеге келген ол осындағы Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепте білім алған. Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан жоғары баллға қол жеткізген түлек Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы колледждің «Бастауыш білім беру» бөліміне оқуға түседі. Колледжді бітірісімен университеттің «Психология-педагогика» факультетіне құжат тапсырып, білімін әрі қарай жетілдіреді. 2015 – Гауһар үшін елеулі жыл болды. Жосалы кентіндегі Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейге жұмысқа тұрып, қазақ тілі бойынша алғаш ашылған даярлық тобын қабылдайды. Жақсы жұмысымен көрінген жас маманға сенім артқан лицей директоры Гүлзира Мұратбекқызы жаңа оқу жылында бірінші сыныпты тапсырады. Қазір ұстаздың сыныбы 3-ке өтті.
Г.Шамаева қай кезде де белсенді. «Алты алаштың баласы басы қосылғанда төр – ұстаздікі»,– демекші, балауса қыздың мұғалім атануына мектептегі ұстаздар әсер етіпті.
– Мұғалім болуды бала кезімнен ұнататынмын. Мұғалім – мерейлі мамандық. Шәкірттеріме қарап, қуаттанам. Шабытым оянады. Жұмысқа деген ықыласым артады. 2016 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен баспаналы болдық. Отбасымызбен қуандық. Жастардың жайын ойлап, оларды ауылға тұрақтандыруға игі бастамашы болған Елбасы мен оның саясатына алғысымды білдіремін. Бұл менің ғана емес, өзім секілді баспаналы болған жастардың көкейінде жүрген риясыз сезім, – дейді жас маман.
Елбасы бастамасымен баспаналы болған мыңдаған жас бүгінде туған ауылында алаңсыз еңбек етуде. Бір де бір мемлекетте баламасы жоқ бағдарламаның шарапаты еліміздегі әлі де талай жасқа тиетіні анық.
С.ЖАУДАТБЕК