МАҚАМ-САЗДЫ МӨЛДІРЕТКЕН РЫСБЕК ЖЫРАУ
Сонау 80-жылдарда, айы-күні есімде қалмапты, халық театры бөлмесінде Рысбек екеуміз нағашы-жиен болып, қағытпа сөзбен бір-бірімізді қажай әңгіме сүреңдетіп отырғанбыз. Кенет, тақылдаған таяқтың дыбысы Мәдениет үйінің ұзын фойесін бойлай естілді. Рысбек айтып отырған әңгімесін жұмыршағына қайта жұтып, маған қарады. Мен де түсіндім. Бұл "шал келе жатыр" дегені.
Шал дегеніміз ұстазымыз – Әбілхан Маханов болатын. Бөлме есігін айқара ашып, мал түгелдегендей жоқ көзінің қасын қимың-қимың еткізіп, гүрілдеген жолбарыс дауыспен "Отырсыңдар ма?!" - деп күркіреді. "Отырсыңдар ма?" деген сөздің астын кеулей, біз екеуміз "Ассалаумағалейкүмді" жаудырып жатырмыз.
– Ой, қу тұяқтар, әусек пен сәусек құсап отырғандарыңа не жорық?!
Мен де шалт балаққа жабысқандай:
– Әбеке, "домашний арестен" қашан босадыңыз? Айтпадыңыз ба, хабарласатын едік қой?! - деп түрткілеп жатырмын.
– Әй, жарықпас, жайыңа отыр. Ләйлә Қызылордаға кеткен, - деп Әбекеңе ғана жарасатын ерекше күлкіге көміліп, саусағымен сау көзінің жасын сүртті.
– Қатын алғанның бәрі құрдас деген, ә! – Сараң ашылған қабақтан көзі жылтырап, тіреу таяғын қос қолдап, иек тұсына сүйеді.
– Әй, құйын көт, сені домбыра ұстап жүр дейді ғой мына жұрт?! (маған емес Рысбекке айтып жатыр).
Рысбек қопаң-қопаң етіп алды да:
– Нағашым Дәріқұл жырау емес пе? Ұстаса несі бар?! – деп қылғына күлді. Әбекең:
– Жарадың, белбарысым, бүктеле бермей басыңды көтер деген осы. Талабың оң болсын! Ал енді, Нұртуған ақыннан жаттағаның бар ма? – деп, қолын төс қалтасына салып, сарғайған дәптерді суырды.
– Тыпырши бермей бері кел. Нұртуғанның мына өлеңін жазып ал.
Көктен іздегені жерден табылған Рысбек дәптерді қолына алды. Қаламын қалтасынан суырып, "Кәнекей, тілім сөйлеші, көрсетіп көпке өнерді" деген екі жолды ойдақтата тез жазды. Сөйтті де ұшып тұрып, бөлме ішінде әрлі-берлі жүріп алды. Жүрегі өкпей соғып, көзіне бөлменің оң жағында сүйеулі тұрған домбыра түсті. Сол сәтте... О, тоба, оның домыққан қысқа саусақтары пернеден пернеге зыр жүгіріп, ойнақ салды. Жалт бұрылып, өлеңге қайта шүйлікті.
– Жыбырлама, мақамың дұрыс емес, Нұртуғанның бұл өлеңі Құттық Мысабай жыраудың мақамына жайғасатынын білем. Соған салып көрші. Сөз бен мақам сүйіспесе жырда сүрең болмайды, солай, қара жорғам!
Рысбек бір қақырынып алды да, басын шұлқи шайқап, Мысабайдың мақамына салып, төгілте жөнелді. Мақам мен сөз мұрындықтасып, бір бұйдада желмая жырды жыр керуеніне айдады.
– Төк, бала, төк! Пәлі, Аралдың қара жорғасы! Мына мақамың қаяздың қармасындай тәтті екен. Батамды бердім, баса бер. Борық болма, анық бол. Жыр теңізінде жүзетін балық бол, бақайбасарым! - деп Әбекең орнынан тұрып, ойлы қабағын есікке қадады. – Ал, енді мен кетейін.
Бұл оқиға Рысбек Әшімовтің өнер тізгінін өз қолына алғаш алған сәтіндей болып көрінеді маған.
Бұдан кейін Рысбек жыраулық өнерге басыбайлы ден қойды.
Арал өңірінде дәстүрлі өнердің мақам-мұрасы, жыр-жақұты көнеден сақталған. Әйтсе де аста айтылып, тойларда төгілтіп жүрген жыр кәсіби сахнаға Набат апамыз сүрең салып, Сұраған, Рысбек, Бекұзақ, Демеулер жалғастырды. Аралдың дәстүрлі өнері кәсіптік сахнаға осы қайталанбас дауыстар арқылы келгендігін келешек білуі шарт. Қайран Әбекең, мақам мен жырдың тағдырын тамаша таланттарға тапсырған болатын. Олар ұстаз үмітін ақтады.
Терме-жыры қазақтың төгілгенде,
Көкке қанат қағады көңіл демде.
Жырау жігіт желпініп жолға түсті,
Жыр көбесі түн ауа сөгілгенде.
Иә, Рысбек адами заттың біртектілік өнері – жыраулық әлемінің қазақ топырағында сақталғандығын бағзы бастау ғасырдан, қанда сақталған қасиетті өнерді бүгін мен ертеңнің түйсігін дәндеп, мақам майыстырып, тамашасына таңғалдырғаны рас. Оның дәлелі, Алматыда өткен халықаралық "Лорд" конференциясында шеберлік дәрісін өткізіп, 1994 жылы Ленинградта өткен бүкіл дүниежүзілік "Ленинград көктемі" фестивалінде үздік өнер көрсетіп, Еуропа жұртшылығы музыка зерттеушілерінің көзіне ілікті.
Кейіннен 2002 жылы АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен әлемдік Снидсониян университетінің өнер фестивалінде шеберлік болмысымен таң қалдырғаны баршаға аян.
Бұдан кейін Саха елінде (Якутия) өткен халықаралық ІІІ Лорд конференциясына жырау А.Алматов, Ұ.Байбосынова, Р.Әшімов, Ш.Орынбаева қатысып, қазақ өнерінің даңғайыр даралығын тағы да әлем жұртшылығына паш етті.
Рысбектің орындауындағы терме-жырлар 1994 жылы Ш.Төлепова, Б.Рүстембеков, А.Алматовтармен бірге одақтық радионың "Алтын қорына" жазылып қалдырылды. Сондықтан Арал өңіріндегі жыршылық өнерді әлемдік сахнаға алып шыққан Рысбек тұлға есебінде есті ұрпақтың есінде сақталу қажет.
Қазақ өнерінің кие қазынасының қара нардай талантына теңдеген жапырақ-жырды жалауындай желбіреткен, мақам-сазды мөлдіреткен, болмысынан дара Рысбек ортамыздан ерте кетті. Тәні тылсым жердің құшағында болғанмен, өнері өлместің өркен биігінде "Мен Рысбекпін" деп, болашақ жыраулық өнердің жампозы болып жасампаздана бермек.
Мен әңгімелеп отырған Рысбек ешкімге ұқсамайтын талантымен теперіш көрген текті өнерді талай жерге сүйреді. Шәкірт тәрбиелеп, мұра өнерді мәңгілікке қалдырды.
Міне, ұлы тіршіліктің тағы бір беймаза күні басталды. Алыстан Рысбек салған ән қара жорғадай қан қыздырып, үн-ұрандай рух үкілетіп, түйсік тазалайды. Шағаласы шулаған, толқыны билеген көк айдын менмұндалап, әлденені іздеген рухты жырдың Рысбегі күн астында теңіз кешіп бара жатыр...
Оңталап НҰРМАХАНОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері