Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » КИЕЛІ ЖЫРДЫҢ ЖАМПОЗЫ

КИЕЛІ ЖЫРДЫҢ ЖАМПОЗЫ

Көшпелі өмір аясында қалыптасып, хандық дәуірде айрықша дамыған мәдениет саласы – жыраулық өнер. Бүгінгі қазақ топырағында әріден бастау алатын жыраулық дәстүрді сақтап, біздің заманымызға дейін жеткізген бірнеше тарихи-мәдени аймақ бар болса, соның бірі – Сыр өлкесін айрықша атауға болады.
  Мұндағы жыраулық өнерге тән негізгі ерекшелік – жыр мен толғауларды көмейге салып, құмығыңқы үнмен созыңқы және әуезді айту. Ондай орындаушылар сирек, қазіргілерден – Жұмабек Аққұлов, Демеубай Жолымбетов, Берік Жүсіпов, Берік Саймағанбетовтер бар. Жыраулар елдің мұң-шерін, арман-мақсатын еш бүкпесіз, ашық айтып отырған. Мақтанышпен айтар болсақ, жыршылық өнердің туы тігілген, ақындық пен жыраулықтың ақ бесігі атанып, жүз шайырға мекен болған қасиетті Қармақшы өлкесінен талай дүлдүлдер шыққан.
Небәрі 27 жыл өмір сүріп, артына өшпес мұра қалдырған, киелі жырдың жарық жұлдызы – Көшеней жырау солардың бірегейі-тін...

БАБАЛАР МҰРАСЫ
Қасиет пен кие дарыған мекенде дүниеге келген Сыр сүлейлері Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, Даңмұрын, Ешнияз сал, Тасберген, Сәрсенбай, Тұрымбет өз заманының біртуар дарындары болған. Олардан қалған осы өшпес мұра мен рухани байлықты солардың ізбасарлары қазіргі ұрпақты күні бүгінге дейін сусындатып келеді.
Ұрпақ сабақтастығын ХІХ-ХХ ғасырларда елін жырмен сусындатқан Дүзбенбет жыраудан бастау алатын жыраулық өнерді атап айтуға болады. Оның баласы Жиенбай жырау туралы әңгімелер ел аузында осы уақытқа дейін айтылып келеді.
Жиенбайдың балалары Рүстембек, Дастанбек жыраулығымен ел ықыласына бөленіп, қыздары Марқыма мен Алқыма инабаттылығымен көпке үлгі болған жандар.
Жиенбай атақты Сыр сүлейі Шораяқтың Омарының апасынан туған. Оның ерекше дарыны үш жүздің басын қосқан Шонайдың асында танылады.
Ас Қызылдың ішіндегі «Ақтайлақ» деген жердегі «Бозкөлді» айнала 300 киіз үй тігіліп, бір аптаға созылады. Астың ерекшелігі 40-тан астам жыраулар мен жыршылар, әншілер қатысып, бас жыраудың жүлдесі 300 бас жылқы болған. Бәйге шарты бойынша жыраулар жыр, терме, толғауларын қайталамаған, бес-алты айналымда көбі шығып қалып отырған. Соңында Жиенбай мен Тасберген ғана қалады. Сонда Тасберген: «Мен болдым, Жиенбай жалғастырсын» деген екен. Тыңдаушы халық алдын ала белгіленген алаңға сыймай, Жиенбай төбе басына шығып жырлаған.
Осылайша бас бәйге – 300 бас жылқыны Жиенбай жеңіп алған. Жиенбай мал жинамаған, қолындағысын елге бөліп беретін сахи кісі болған. Осы бәйгеден алған 30-40 жылқыны ошақ иесіне деп, тағы 30-40-ын қожа мен төреге және 30-40 басын билер мен бектерге деп, қалғанын жолшыбай жиен сыбаға, көрші сыбаға және сарқыт сұрағандарға үлестіріп беріп, өзі үйіне азын-аулақ жылқымен қайтқан екен.
Баласы Рүстембек жастайынан Қожагелді Балтоқа деген ауыл молдасынан дәріс алып, ауыл балаларын оқытып, білім алу жолында аянбай еңбек еткен. Заманның қиындығына байланысты жыраулығын кеңінен дамыта алмаған. Ал Рүстембек жыраудың баласы Көшеней, Бидас ата-баба жолын ерекше жалғастырған жандар.
Көмейіне ғасырдың үні қонған «Қазақ фольклорының алтын тәжі» деген атқа ие болған Көшеней жырау жайлы айтылған бір үзік сырды апасы Ыдық Рүстембекқызының аузынан, арнайы барып жазып алған едік.

ЖЫР КИЕСІ
Көшпан бауырым аз ғана өмірінде жыраулық өнерді әлемдік сахнаға алып шықты... Көшпан әкемнің соғыстан оралғанда сағына күткен баласы болды (Ыдық апа бауырына деген ыстық сағынышты осы бір Көшпан деген сөзге сыйғызып жібергендей болды авт.), - деді Ыдық Рүстембекқызы.
Жыраулық өнерді «тәңірмен тілдесу» дейді, расында жырау арқалы, киелі болады. Үлкен әкем Жиенбай жыраудың киесі (иесі) жолбарыс болған. Сол жолбарыс түсіне еніп, арқасын тістейді екен. Мына аңызға бергісіз оқиғаны айтайын. Қазақтың дархан даласында бір би нөкерлерімен келе жатады. Ол бидің алдынан ешбір жан кесе көлденең өтпейді екен. Ал атақты жырауды орталарына алған бір топ аттылар болса, бидің алдынан емін-еркін өтіп кетеді. Би болса жасы үлкендігіне қарамастан жырау бастаған аттыларға жол береді.
Аттылар өтіп кеткенде биден нөкерлері «Өзіңізден кішіге неліктен жол бердіңіз?» деп сұрайды. Сонда би «Менің атымның алдына бір жолбарыс жата кетіп, жүргізбей қойды» деген екен. Иә, ол жолбарыс – Жиенбайдың жолбарысы, киесі-тін. Негізінде тылсым күштің өзі анау-мынау жай адамға көрінбейтінін де айта кету керек. Жиенбай әкем домбыраға қарап сол күні қанша жер қонаққа шақыратынына дейін біліп отырған, яғни қабырғада ілулі тұрған домбырасының шегі неше рет белгі берсе, сонша жерге баратынын дөп айтып отырған.
Әулие кісі ғой... Түнде ұйқыға жатар алдында өзді-өзінен күбірлеп, «Пайғамбар жасынан асырма» деп жатады екен. Айтқанындай 63 жасқа келіп өмірден озады. Жиенбай әкем суретке түспеген. Діни наным бойынша адам басына сурет қоймаған. «Суретке түскен адамға енді жан тауып бер деп айтады» деп қорыққан. Өз заманында сауатты болған, «Көрұғлы» дастанын арабша жазып, алып келген. Әкем Рүстембектің айтуынша үлкен әкемнің 10-15 мақамы бар.
Әкем Рүстембек төрт жыл соғыста болып, аман-есен, ешбір жарақат алмай елге оралған. Алайда қудалауды көп көрген кісі. Үйге даладан біреу келсе, қуыстанып, «мені айдап кете ме екен» деп, бөтен кісіге тіс жарып әңгіме айтпайтын болған. Әкемнің өмірі үрейленумен, жалтақтаумен өтіп, 59 жасында көз жұмды. Оның киесі бура болған. Бірақ әкесі Жиенбайдай жарқ етіп көріне алмады...
Жыраулық өнері – қыры мен сыры тереңде жатқан киелі дүние. Ұзақ дастанды жаттау үшін мықты зерде керек. Оқып отырып жаттау, біреуден естіп отырып жаттау, бір айтқанды қағып алып жаттап алу деген бар. Сонымен қатар түсінде аян беріп, не бата алып өнері өрлеп жатады. Жалпы әр өнердің өз киесі болатынын айтқым келеді.


ЖАНҒАН ДА СӨНГЕН ШОҚ ЖҰЛДЫЗ
Көшпан тамылжыған тамызда, 1946 жылы дүние есігін ашты. Ол дүниеге келгенде ел қуанды. Әкемнің көзі таныс достары келіп, қуанышты күнде баталарын берді. Бала Көшеней өте ерке болды, бесікке жатпай, қолда өсті. Алғыр еді, 6 жасында оқуға барды. 16 жасында мектепті аяқтап, 22 жасында Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітірді.
Әрқашан мұнтаздай әдемі киініп, жинақы жүретін. Шашы қап-қара, қой көзді, қоңыр үнді болатын. Жыраулық өнер оған да ата-бабасынан дарыды. Жеті атасынан жырау, жыршы болған соң, әруақ қонған, арқасы бар болатын. Бірде түн баласында шошып оянды. «Түсімде бір жолбарыс ту сыртымнан келіп, арқамды тістеді, содан шошып ояндым» деді. Сол түсті көргеннен кейін Көшенейдің өмірінде үлкен өзгеріс болды. Оған дейін ауыл халқы мойындамай жүрсе, ендігі жерде оны көтермелеп, алғыстарын жаудырып, оның жырларын таңды таңға асырып тыңдайтын болды. Бұрын даусы дұрыс шықпай, мақамдарды бұзып айтатын болса, енді барлық жағынан түзеліп, құлаққа жағымды дауыс пайда болды. Даусы зор болып, әсем жырдан бойына күш-қайрат жинады.
Көшеней 1969-1970 жылдары Мәскеудің M.Горкий атындағы Бүкіл дүниежүзілік әдебиет институтына оқуға аттанып, «Малая Бронная» деп аталатын көшесіне орналасқан КСРО Ғылым Академиясының ескі жатаханасының, үшінші қабатына орналасады. Бесінші қабатында ақын жерлесіміз Өтеген Күмісбаев отбасымен бірге тұратын. Ол өзінің «Көшеней, Көшеней...» деп аталатын мақаласында: «...Көшеней Сыр сүлейлерінің құдіретін Алматыдан көшіріп әкелгендей әсер етті. Көмекейі бүлкілдеп, көзі найзағайдай жарқылдап, бізді ғасырлар түпкіріне әкетіп барады. Кетіп барамыз. Құдайым-ай қайда жүрміз осы, не деген салалы сәулелі саусақтар, не деген қуатты қағыстар. Кәрілеріміздің көзіне жас келеді, жастарымыздың жанарында қызғаныш, қызығу ұшқыны жатыр-ау. Қорқу мен қуану сезімдері қатар арпалысады. Қорқатынымыз мына қатал заманда бұл баланың үні биігіне бара алар ма, қуанатынымыз осынау жүйрік өнердің ғасырлардың жалына жармасып, біздің уақытпен үндесіп, үміт отын жағып бергендігінде болып отыр. Бүкіл әдебиет және өнер институтының дәліздері, бөлмелері «Көшеней, Көшенейге» салып күмбірлеп кетті. Сонау Сыр бойынан келген жас жырау жағамызға жармаспай, жағымпазданбай-ақ жанымызды билеп бір жөнелді. Бағана келгенде танымай тіксіне қарап едік, енді тамсанып, тағзым ете қалыппыз. О, ұлы өнер, құдіретіңнен айналайын. Жеті қабат жардай толқыныңа кімдер қолын созбаған, асқарыңа атымды жазам деп кімдер армандамаған. Кәдуілігі қара домбырасын көтеріп, бізге басын иді де Көшеней шығып кетті»,-деп жазады.
Ыдық апа бауыры Көшенейдің өте көпшіл болғанын, жан-жағын көңілдендіріп, күлдіріп отыратынын алысқа көз тастай отырып, ерекше сезіммен, сырт көзге білдіргісі келмесе де аса бір толқыныспен жеткізді. Әңгіме арасында дастарханнан дәм татуға шақырып, сонау ғасырлардан бері сақталып келе жатқан, беті сарғая бастаған суреттерді алдыма жайып салды. Жансыз бейнелерге телміріп, одан қалса кітаптарын парақтап, ескі газет қиындыларын көрсетіп, әңгімесін жалғап отырды.
Бауырым балажанды еді, кішкентай баланы көрсе басынан сипап, маңдайынан сүйіп, жадырап қалатын. Алыста жүріп, жалғыздыққа үйренісе алмай елегізіп, үйін, жас жарын, балаларын сағынатын. Тәкаппарлығы да бар болатын, онысы өзіне құп жарасатын, ол салмақты сөзімен әр нәрсенің жайын біліп, тігісін жазып сөйлейтін. Жазмыш қой. Алыс жерде білім қуып жүргенде асыл бауырдан айырылдық. 1973 жылдың 8 наурызында кештен келе жатқанда бір қалтарыста электричка іліп әкеткен... Қабырғамыз қайысып, біріміз бауырдан, біріміз жан жардан, енді біріміз асқар тау әкеден қапелімде көз жазып, ауыр қайғыда қалдық. Санаулы ғұмыр кешсе де, ол соңына ғасырға татырлық еңбек қалдырып үлгерді. Оның бейнесін тірідей көз алдымызға әкелетін әулетіміз үшін аса қымбат дүние – Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасының желісі бойынша түсірілген Болат Мансұровтың «Ас беру» деректі фильмі. Сонда Көшпан Ақан серінің мылқау баласының образын сомдайды... Ыдық апа аз-кем іркіліп қалды, үнінің бәсеңдегенінен жанарына жас тұнып тұрғанын байқадым. Әңгімеміз осы тұстан тәмамдалды.
Көшеней жырау жұбайы Жұпармен 17 жасында отау көтеріп, 4 перзент сүйді. Бүгінде Арбалы, Нұрбол, Ақнұр, Арнұр әке жолын жалғап, киелі өнерді дәріптеп жүр. Жыр көшін бастаған жыр жампозы Көшеней Рүстембекұлы арамызда болмаса да, оның көзіндей болған мұраларын бүкіл ел ұлықтап келеді.

Жанар ТҰРДЫБЕКҚЫЗЫ,
журналист
Қызылорда қаласы
15 мамыр 2018 ж. 1 597 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области