Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚУАНДЫҚ ЖЫРАУ

ҚУАНДЫҚ ЖЫРАУ

Әріп таңбасы бар кезде ұлт бастан кешкен қилы тағдырын хатқа түсіреді екен. Бізде де солай болған. Оған тасқа бәдізделген Орхон-Енисей жазуы дәлел. Ал бірақ бабаларымыз жеткізген сол ұлы игіліктің жауыздықпен қасақана жойылғаны тарихтан мәлім.
  Ұлттың ғасырлар бойы қолданып келген жазуынан айрылуы басына зобалаң күн туып, кері кетуінің белгісі. Онан құтылып қайта көркею оңай шаруа емес. Дегенмен, осындай қиын кездің өзінде де біздің бабаларымыз қарап қалмапты. Өткен тарихын ұмытпаудың тәсілін қарастыра алыпты. Қарбаласып жүріп, ол міндетті атқаруды жырауға жүктепті. Олар үмітті ақтап, таңды таңға ұрып ел азаматының ерлігін жырлапты және ұрпақтан ұрпаққа үлгі етіп қалдырып та отырыпты.
  Қоғам өмірінде Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет ауылынан 117 ақын-жыраулар танылып, тарих пен философияны ұштастырып, терме мен дастан жазып, күйді төгілдіріп сонау бабалар аманатын осы күнге жеткізді. Менің ойымша, жыр-дастан қазақ халқының ерекшелігінің немесе құдай жаратқан артықшылығының емес, ұлттық тәуелсіздіктен айрылған этностың рухының және жырау талантының өркендеуінің нәтижесі. Егер өнер атаулының өміршең болуы-болмауының басты құпиясы – өмір шындығын шынайы көрсетуі мен көрсете алмауында десек, қазақ эпосын оқыған кісінің әлі күнге дейін бей-жай қалмайтыны шығармаға арқау еткен заманның тыныс-тіршілігінің шыншыл суреттелуінде деп батыл айта аламыз.
Қайсыбір қисса-дастанда болмасын мифтік жай, символикалық астар, аллегориялық теңеу, мысқыл мен мұқату секілді әдеби тәсілдер молынан қолданылып, кейде кейбір эпостың фантастикалық туындыға ұқсап кететін кездері де бар. Бірақ бұл сырттай қараған кісіге ғана. Әлгідей тәсілдегі жырау ел басына күн туған дәуірдегі ерлік көрсеткен жағымды бейнені күшейтіп көрсетіп, жағымсыз кейіпкерді жирендіру үшін қолданатын тәсіл екенін кім-кімге де пайымдау қиын емес. Өйткені, ел ерлігін айтуды ниет етіп қолына домбыра алған жырау атаулының басты міндеті – қалайда шындықты жұртшылыққа жеткізу. Осы орайда Бүрлібаев Қуандық жыраудың есімін айта аламыз.
Ол – 1970 жылы қазақ зиялыларының көзіне түсіп, жыраулық өнердің қайта жандануына бірден-бір себепші болған күміс көмейлі Көшенейдің ізбасары.
  Өткен ғасырдың соңғы жылдарында дәстүрлі жыраулық өнер, әсіресе Сыр бойы жырауларының шығармашылығы фольклор зерттеушілер үшін тың тақырып, зерттеу объектісіне айналды.
  Сыр перзенті, қазақ өнерінің шын жанашыры фольклорист –ғалым, марқұм Шахмардан Байділдаев пен Сыр мақамдарын шет елдерге насихаттап жүрген жырау Алмас Алматов – түркі тілді елдермен Батыс мемлекеттерін таңдандырып жыраулық өнерді танытқан азаматтар.
  Ал бүгінгі әңгіме арқауы жампоз жырау Қуандық Бүрлібайұлы туралы. Ол 1936 жылы талай сүлейлерді өмірге әкелген Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет ауылында дүниеге келген. Халықтың өзі ұсынған Сүлей, Дүр, Сал, Жырау деген атақты қасиетті адамдар ғана алған. Солардың бірі Қуандық жырау десек артық айтқандық емес.
  Ол ғасыр түкпірінен жеткен жан жүйеңді босатып, алпыс екі тамырыңды балқытып жіберер мақамдарды бүгінгі ұрпаққа жеткізуші жырау, қанында сол өнердің түйіршігі бар азамат.
Атақты Ешнияз салдың немересі, Кете Жүсіптің бел баласы Мұзарап Қуандықтың талабына риза болып, аузына түкіріп, қолына домбыра ұстатып, ақ жол тілепті деседі. Бұл бекер емес-ақ. Өзі құралпы балалармен мектеп қабырғасында сол кездегі саясат рұқсат еткен әндер мен қоса жеңіл терме толғауларды орындап жүрген Қуандық осы ауылдағы мектеп мұғалімі, бұрынғы ақын-жыраулардың мақамдары мен сөздерін шын жанашырлықпен жинап, магнит таспасына, қолжазбаға түсіріп жүрген Сүйінбай Ақбаевтың көзіне түседі.
  Мұзарап жыраудың түгелдей дерлік мақамдарын білетін Сүйінбай ақсақал сол тұста елдегі жиын-тойларда Қуандыққа жыр жырлатып, көп жыл баулиды. Есту мен зерделеу қасиеті өте зор Қуандық ұстазының барлық мақамдарын қисса, дастандарын жатқа айтады.
  Осылай ел арасының той-томалағы мен облыста жылма-жыл өткізіліп тұратын тұрақты да дәстүрлі «Алтын дән» мерекесіне, ақындар айтысы жұптарының арасында жылт етіп бір-екі терме ғана орындауға мүмкіндігі болып жүрген жырауға тағдыр сонау Мәскеу қаласында тұратын, қазақ фольклор өнерін зерттеуші, белгілі ғалым, өнертану ғылымының докторы Алма Құнанбаеваға жолығуды жазады. Нағыз өнерпаз жампоз жырауды бірден таныған ғалым оның үлкен сахналарға шығып, қазақ өнерін, оның ішінде қазақтың дәстүрлі өнерін басқа шет елдерге насихаттауға шақырады.
  Сөйтіп, оны 1986 жылы Ленинград қаласында өткен Бүкілодақтық этнографиялық фестивальге қатыстырады. Келесі жылы Қуандық орыстың Вологда облысындағы Великий Устюг қаласының құрылғанына байланысты Бүкілодақтық 2-фольклорлық фестиваліне шақырылады.
  Ол Алматы қаласында өткізілген Бүкілодақтық халықтар шығармашылығы бағдарламасына енгізіліп, лауреат атағына ие болды. Бұған қоса, Самарқан қаласында «Таяу және Орта шығыс халықтары дәстүрінің осы заманғы музыка мәдениеті өнері» атты халықаралық 3-музыка зерттеу симпозиумына қатысып, «Көрұғлы» дастанын 12 мақаммен орындайды.
1988 жылы режиссер А.Машановтың қойылымымен «Қамбар батыр» дастанын орындап, телефильмге түсті. Ал 1990 жылы жапон елінің астанасы Токио қаласында Дүниежүзілік фольклорлық фестиваліне қатысып, атақты «Ацтек» залында «Көрұғлы» дастанын жырлады. Бұл қазақ өнері тарихында жапон елінде тұңғыш рет дәстүрлі жыраулық өнерді насихаттау барысында жасалған алғашқы қадам еді. Оны бірінші бастаған жырау – сырбойылық Қуандық Бүрлібаев болатын.
Осы фестивальде оны Американың өнер зерттеушісі Уолтер Зев Фельдман өз еліне шақырған. Бірақ Қуандықтың мұхиттың арғы жағындағы алып елге барсам деген арманы орындалмады.
Жапон сапарынан науқастанып келген жырау 1990 жылы 29 қазан күні 54 жасында дүниеден озды. Бүкіл қазақ өнерін дүние жүзіне насихаттап жүрген ерекше өнер иесінің өмірі осылайша өрбіді.
«Ат тұяғын тай басар» демекші, оның Амандық деген баласы ата жолымен дәстүрлі жыраулық өнердің ізіне түскен. Амандық Бүрлібаев Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасында дәріс берген, республикаға танымал жырау.
«Арманың жыр бестіге мінгізу ед,
Көрмедің тізгін қағып жеткенімді», - деген Амандық көкесі қайтыс боларда Ленинградта жүріп қасында бола алмай, серт берген еді.
   Амандық әке арманын іске асырып, сертін орындады. «Орнында бар оңалар» деген осы да.
Ұзаған жылдың мәресінде Жосалы кентіндегі Қармақшы аудандық Мәдениет үйіне Шәмшат Төлепованың есімі берілген еді. Енді міне, тағы бір жағымды жаңалықты есітіп, қуанып жатырмыз. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 23-желтоқсандағы №842 Қаулысына сәйкес, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет ауылындағы ауылдық клуб үйіне Сыр сүлейі, жампоз жырау Қуандық Бүрлібайұлының есімі берілді.
Алдымыздағы мамыр айының 5-жұлдызы күні Тұрмағамбет ауылындағы Қуандық Бүрлібайұлы атындағы клуб үйінің ашылу салтанаты өтеді. Демек, жүз жырау шыққан киелі өлкеде қарапайым ғана ғұмыр кешкен өнер иесінің есімі ұлықталып, салтанатты той өтеді.

Жұмабек АҚҚҰЛОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері


18 сәуір 2018 ж. 1 149 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области