СҮЛЕЙЛЕР СӨЗІН СІҢІРСЕК…
Сыр бойы ақындық мұраларын зерделей қарасақ, оның қос қанатта: бірі – шығыс философиясынан, ислами таным мен білімге негізделген қазақтың шайырлық əдебиетінен, екіншісі – тек қана Сыр бойы халқына тəн, көне оғыз мəдениетінен, Қорқыт сарынынан саға тартатын жыраулық дəстүрде дамығандығын көреміз.
Ал, осы екі қанатты айшықтап, ақпарат құралы жоқ уақытта халық санасына сіңіретін тағы да Сыр бойының өзіне ғана үндесетін орындаушылық, жыршылық өнері. Осы үш қасиетті бір-бірінен алшақтатпай, бірін оздырып, бірін кенжелетпей дамытып келе жатқан Сыр бойы ақындық дəстүрі өзіндік синкреттік болмысқа ие.
Айтса барлық болмысыңыз бен санаңызға қуат беретін, жазса сөз мəдениетінің нағыз ұлттық сыйпатын танытатын үлкен əлем. Ендеше, бүгін тəуелсіздік алған уақытта аталмыш əлемге қазақ əдебиеті тарихында белгілі бір орын берілмей, оны жай ғана жыраулық дəстүр деп мəдени тұрғыдан ғана қараудың қисыны келе қояр ма екен!? Қазақ əдебиетінің шығыспен байланысқан шұрайлы да көркем саласын дамытуға үлкен үлес қосқан Сыр бойы шайырларының шығармашылығы бір ғана мектеп дəрежесінде қарауға сия қоя ма?
Оның үстіне, елімізде мемлекеттік тіліміз мəртебе алып, бəсекеге қабілетті. Дамыған елуліктің қатарына енуге жанталасқан үкімет саясатының бір міндеті – ұлттық болмысымызды алапат əлемдік кеңістікте сақтау болса, оның ғылыми негізі қазақтың төл тілі мен əдебиетінің тұтас тарихи құндылықтарын сақтай отыра, алаламай ұрпақ санасына сіңіру болмақ. Əйтпесе, əрбір аймақтың өзіне тəн ерекшелігіне үрке қарап, бірін құнды, бірі құнсыз деп айырып, əрі-сəрі тартқаннан бүгінгі ғылымға да, ұлттық мəдениетімізге де, келешек ұрпақ тəрбиесіне де келетін пайда жоқ.
Ең алдымен, Сыр бойы ақындарының мұраларын танып-білудің қажеттілігіне тоқталайық. Қазақ əдебиетінде ешкімге ұқсамайтын өзіндік өрнегі бар, терең əрі бай мазмұнды Сыр бойы ақындарының мұралары – Орта Азияға сонау ислам дiнiнiң келуiмен (VIII ғ.) көркейе түскен, Қорқыт сарынымен үндесе, ежелгі Тұран ойпатының көне мəдениетінен тамыр тартқан халқымыздың рухани қазынасы. Ғасырдан ғасырға жырауларының қоңыраулаған үнімен, қос ішекті домбыраның күмбірлеген күйімен керуен басын тежемей келе жатқан Сыр бойы мəдениетінің бір ғана əдебиет саласында қалып қоймасы анық. Ежелгі Оғыз-қыпшақ ұлысына астана болған бүгінгі Сырдария өзенінің ежелгі Яксарт, кешегі Кердері, бүгінгі Арал теңізіне құяр басын мекендеген халықтың тұтас тіл мəдениетінің, сөз байлығының, рухани жетістіктерінің көркем белгілері – осы сүлейлер шығармашылығы болса керек. Оған сонау данагөй, əулие, ұлы музыкант Қорқыт Атаның мифтік бейнесі ғана емес, дана ғалым Əуелбек Қоңыратбаевтың тілімен айтсақ: “Қорқыт ата кітабы Сыр бойында жырланып, 15 ғасырда Кавказ жерінде хатқа түскендігі” дəлел.
Ал, сол Сыр бойы ақындарының “сүлей” деп аталуында да жоғарыда аталған тарихи соқпақтың ізі жатқандығын аңғару қиынға түспесе керек. Тек қана Сыр бойы ақындарының бағыт-бағдары мен мазмұнын айқындай түсуге негіз болатын “сүлей” сөзi арабтың «салауи» сөзiнен шыққандығын көреміз. Ол орысша «природный оратор» мағынасын бiлдiрсе, қазақша «тума талант» не «шешен» мағынасындағы «сүлей» сөзiнiң туғандығы анық. Ал «шайыр» сөзiнiң де арабтың «ша-ара», көпше түрде «ша-ир», орысша «сочинять стихи», «чувствовать», қазақша «шайыр»-«ақын» мағынасында қалыптасқандығын байқаймыз.
Қазақ əдебиетi XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың бас кезінде екi бағытта: бірінші, еуропалық əдебиет негiзiнде, екінші, Шығыс үлгiсiнде дамыды десек, еуропалық, яғни əдебиетшілер кеңес заманында “жаңа үлгiдегi əдебиет” деп айдар таққан саланы Шоқан, Абай, Ыбырай, Мағжан, Шəкəрiм, Сұлтанмахмұт есiмдерiмен айшықтаймыз да, шығыс үлгiсiндегi əдебиет Сыр сүлейлерiнiң үлесiне көбiрек тиедi. Оған Тұрмағамбет Iзтiлеуов (1882-1939), Шораяқтың Омары (1878-1924), Керейiт Даңмұрын (1870-1923), Кете Жүсiп Ешниязов (1871-1927), Қаңлы Жүсiп Кəдiрбергенұлы (1873-1923), Қарасақал Ерiмбет (1844-1916), Бұдабай Қабылұлы (1842-1911), Балқы Базар (1842-1911) жəне т.б. Сыр сүлейлерiн жатқызамыз.
Қазақ əдебиетіне Сыр сүлейлерінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Олар ең алдымен, ұлттық танымның тəрбиелік мəнін арттыруға, екіншіден, халқымыздың ұлттық болмысын нақтылай түсуге үлес қосса, үшіншіден шығыстың бай əдебиетін тануға, шығыс философиясын, олардың романтикалық кеңістігіне бойлауға, халық санасында асқақ адамгершіліктің рухын қалыптастыруға айтарлықтай еңбек етті. Бұл ұлттық өсиет, терме өлеңдер негізін құраса, шығыс сюжеттеріне негізделген “Көрұғлы”, “Қарасай-Қазый”, “Сəйфүлмəлік”, “Бəдіғұл-Жамал”, “Шаћнама” сияқты т.б. жүздеген дастандардың қазақша нұсқалары ұлттық əдебиет қорына қосылды.
Ұлы ғалым Əуелбек Қоңыратбаев: “...Көп уақытқа дейін қазақ əдебиетін зерттеушілердің бір тобы қазақ даласының Ресейге қосылуы бір ғана ағартушылық əдебиетін туғызды деп, мəселені біржақты толғап келгені бар. Дұрысында қазақ даласының Ресейге қосылуы бір ғана Шоқан, Абайларды туғызып қоймай, сонымен бірге қазақтың терме, əсіресе жазба (қисса) əдебиетіне де жол салған еді” деп қиссалық əдебиеттің негізін қалаушылардың біріне тағы да Тұрмағамбет Ізтілеуовті атайды.
Айтса айтқандай, Сыр бойы ақындарының ұстазы саналатын Тұрмағамбеттің “Бітірдім он ай жазып, шаршап-терлебі” қазақ əдебиетіне Фердоусидің “Шаћнамасын” алып келгені үлкен жетістік болған еді. Ендеше, Сыр бойы ақындық мұраларының ата салт, баба ұстанымына, қазақы нақышқа құрылғандығының негізгі айғағы – осы.
Екіншіден, Сыр бойы ақындарының ұлт мəдениеті, ұрпақ тəрбиесіне қосатын үлесі қандай?
Оған жауап беру үшін Сыр сүлейлері мұраларының көркемдік ерекшеліктерінің күрделілігін, олардың терең мазмұнын ұғып, талдай білсек жеткілікті болады деп ойлаймын. Мысалы, олардың шығармашылығында сөзді тұспалдап жеткізу, ойдың нақты ғылыми мəнін бере білу, оқушы танымын арттыру сияқты поэзияның қилы көркемдігі арқылы ақындық шеберліктің шыңына жету тұтас əдеби құбылыс іретінде дамыды. Оны осы құбылыстың басында тұрған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің:
“Қабанға қарсы ұмтылма ер дегенге,
Сортапқа тұқым шашпа – жер
дегенге.
Ұялып орын таппай қалмаңыздар,
Төменнен тұра ұмтылып төр дегенге.
“Артық па ата-тегі осының” деп
Таласпа талабы асып өрлегенге.
Басыңа бақыт қонып,
халық айналса –
Көзің сал көкірегі шерлегенге.
Жармақты жаман ас деп
теппе аяқпен,
Қарыныңды қазы-қарта кернегенге.
Қалайша күнелтем деп
қайғырма бос,
Қораңнан қой мен қозы өрмегенге.
Таңдағы тамағыңа еңбек кепіл,
Дей көрме: “Өлі балық –
өлмегенге!”...”– дегенінен,
Омар Шораяқұлының баласы
“Шайхыға жазғанындағы”:
“Шырағым “шын” мен “ия”,
саумысың “хи”,
Басыңнан бақ-дəреже, таймасын күй.
Парықсыз, ақпақұлақ ақымақ
болмай,
Көрінсе нұсқалы сөз көңіліңе түй.
Жасыңнан базар-жайға барып
тұрсың,
Өнердің порасын қой, жібегін жи.
Ай сайын əр насихат аңдатамын,
Қауіп ойлап, толқый ма деп
қатпаған ми.
Тұрғанда бидай бітеу нан болмайды,
Тері де тон болмайды көрмегени..”,
немесе Кете Жүсіптің: “Көп жүкті
көтереді бүтін туған,
Ерлік іс – мүсифатқа белін буған.
Аздырмас ата жолын əрқашанда –
Жоспарлы ізгіліктің ізін қуған.
Бір күні демі бітсе,
сүрінеді.
Топ жарған тұлпарлар да озған дудан...” деп келетін өлең жолдарынан тани отырып, нағыз ұлттық сипаттағы тағылым үлгісін, нақыл-өсиетін ұғынасыз.
Аталған жыр жолдары – жас ұрпақтың тəрбиесіне аса мəн беріле айтылған, өсиетті маңыздылығы басым шығармалар. Осынау жыр жолдарын кез келген мектептің баласына оқытып, жаттатса, оның бала тəрбиесіне нақты ұсынылатын тезис, əдеби құрал бола алатынына сөз жоқ. Өкінішке орай, бүгінгі таңда жалпы білім беретін мектеп оқулықтарында Сыр сүлейлерінің шығармашылығы жұтаң.
Бастауыш сыныпты айтпағанда, 5-6-7 сынып оқушылары Сыр бойының көркем шығармашылығынан мүлде хабарсыз. Тек 2001 жылы ғана қолға алынған “Атамұра” бағдарламасымен шыққан 8-сынып оқулығында ғана Тұрмағамбет шығармашылығына 2 сағат бөлініп, оған Тұрекеңнің “Ақыл – тон аңдағанға тозбайтұғыны” мен “Адамдық ісі” шығармасы ғана енген.
Ал, енді Сыр бойы мұраларын оқыту ісі тек бала тəрбиесіне емес, жалпы əдебиет тарихының құндылықтарын білуге де негіз бола алады. Осы орайда, ғалым Ə.Қоңыратбаевтың 1994 жылы “Санат” баспасынан шыққан “Қазақ əдебиетінің тарихы” атты еңбегі əдебиеттану ғылымында ең бір жан-жақты жазылған ғылыми еңбек болды.
Автор бұл еңбегінде қазақ əдебиеті тарихы мəселелеріне тоқталып, XV-XVIII ғасырлардағы хандық дəуір əдебиетін, XIX ғасырдың бірінші жартысындағы əдебиетті, XIX ғасырдың екінші жартысындағы əдебиетті, XX ғасырдың бас кезіндегі əдебиетті талдауды жоғарыда атап көрсеткеніміздей, еуропалық жəне шығыс үлгісінде бере білген. Онда, мысалы, “XIX ғасырдың екінші жартысындағы əдебиет” тарауында “Ағартушылық əдебиет” деп Шоқан, Ыбырай, Абай шығармашылығы сөз етілсе, осы тараудың “Халық ақын-жыраулары” бөлімінде Бұдабай мен Балқы Базар шығармашылығына тоқталады.
Сондай-ақ, XX ғасырдың бас кезіндегі əдебиетті “ағартушылық бағыттағы (кітаби) ақындар” тобымен Нұржан Наушабаевтың, Мəшһүр Жүсіп Көпеевтің, Шəді Жəңгірұлының, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығармашылығы сөз болады.
Бұл – қазақ əдебиеті тарихын ғылыми жүйелеп, оқытудың дұрыс бағыты. Ал, жоғарыда аталған Сыр сүлейлерінің шығармашылығын жалпы əдебиеттану мəселесінде кеңінен сөз етіп, жалпы мəнін түсінбей, келешек ұрпақ бойынан ұлтымызға тəн болмыс пен тіл мəдениетін, сөз байлығын көре алмасымыз анық. Құнарлы тіл тереңдігін тануға мүмкіндік беретін Сыр бойы ақындарының шығармашылығы баланың сана-сезіміне ақылдылық, азаматтық рухын себетініне сөз жоқ.
Олай болса, жалпы орта білім беретін оқу орындарының факультативтік сабақтары ғана емес, жалпы білім бағдарламаларына Сыр сүлейлерінің мұрасын көптеп оқытуды енгізу қажеттілігі – бүгінгі ұрпақ бойындағы қазақтың төл болмысын сақтап қалудың бірден-бір жолы болмақ.
Елена ƏБДІХАЛЫҚОВА,
филология ғылымдарының
кандидаты