Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » «МЕДИАЭТИКА» КІТАБЫ ҚАНДАЙ БАҒЫТТАРДЫ ҚАМТИДЫ?

«МЕДИАЭТИКА» КІТАБЫ ҚАНДАЙ БАҒЫТТАРДЫ ҚАМТИДЫ?


Бұл кітап студенттер мен жас мамандарға бұқаралық ақпарат құралдары саласында кездесетін этикалық мәселелерді шешу жолдарын көрсетуге арналған. Еңбекке жарнама, жаңалықтар, қоғамдық қатынастар саласында жұмыс істейтін жас мамандар тап болған күрделі мәселелер мен шынайы оқиғалар арқау болған. Әрбір жағдаят кеңінен баяндалып, қатысушылар әрекеті арқылы жан-жақты ашылып көрсетіледі.
Сондықтан, оқырман «Мұндай жағдайда мен не істер едім?» – деген ой үстінде болады. Кіріспе материалда философиялық толғамдар мен теориялық тұжырымдарға, моральдық мәселелерге де орын берілген. Кітап – студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен оңтайлы ұштастырып, өмірде кездесетін тосын, күрделі мәселелерден жол тауып шығуға баулитын тағылымды еңбек.
Яғни, аталған кітаптың қазақ журналистикасына, ақпарат саласына және қоғаммен қарым-қатынаста болатын салаларға қосатын үлесі зор. Алдағы уақытта «Медиаэтика» кітабы республиканың барлық жоғары оқу орындарын қамтып, студенттерге осы оқулық бойынша толыққанды білім беріледі. Бұл кітаптың ерекшелігі неде?
Аталған оқулықты әлемнің үздік университеттері өздерінің білім беру үдерістеріне әлдеқашан енгізіп, Ли Энн Пек жасаған оқу құралымен дәріс өткізіп келеді. Кітаптың ерекшелігі сол – бұл еңбекте жаттанды және таптаурын болған теорияны көшіре басу жоқ. Нақтыланған теорияларды мамандық бойынша кәсіп қылып жүрген жас мамандардың іс-тәжірибесінен алынған түйіндемелерді талдап берген.
Ли Энн Пек, Ph.D. – Грили қаласындағы Солтүстік Колорадо университеті Коммуникация мектебінің журналистика және медиа зерттеулер профессоры. Ол ағылшын журналистикасы және коммуникация курстарынан сабақ береді. UNC университетіне ұстаздық қызметке орналаспас бұрын Швейцарияның Лугано қаласындағы Франклин университетінде халықаралық коммуникациялар департаментінің ассистент профессоры болды. Оның зерттеулері студенттердің этикалық шешім қабылдауында тиімді жолдарын табуға бағытталған.
Гай С. Рил, Ph.D., – Оңтүстік Каролинаның Рок-Хилл қаласындағы Уинтроп университетінің бұқаралық коммуникация профессоры. Мемфис қаласындағы (Теннесси штаты) The Commercial Appeal басылымында тілші және редактор қызметтерін атқарған. Журналистикадағы проблемалар мен коммуникация тарихы туралы еңбектер жазған Рил журналистика және бұқаралық коммуникация бойынша сабақ береді.
Журналистика саласындағы үздік еңбекті қазақ тіліне Б.Мұқанов, Б.Сәбит және Б.Қадылбек тәржімалады.
«Редакторлар бұл кітапты 2015 жылы 20 тамызда дүниеден өткен Дэниэл Реймолдқа арнайды. Оның журналистикадағы еңбегі орасан зор» деп жазылған кітаптың ішкі мұқабасында.
Қазір «Медиаэтика» және де басқа қазақ тілінде жарық көрген 17 кітап оқырмандарға қолжетімді. Электронды нұсқалары ғаламторда жарық көрген еңбектермен танысуға кез-келген қолданушының мүмкіндігі бар.
«Медиаэтика» кітабының басты мақсаты – ақпараттың тазалығын, ақпараттың өтімділігін, қылмыстық ақпараттарды сараптау, жедел құрықтау органдарының ісін жеңілдетуге көмек беруге тырысу.
Журналистке қандай қысымдар түсуі мүмкін, жарнама берушінің талаптарында қандай шектеулер болуы керек, үні шықпайтындардың дауысын көпшілікке жеткізу үшін қандай әрекеттерге бару керек деген сұрақтардың жауабы дәл осы еңбекте толығынан қамтылған.
Кітаптың ерекшелігі сол, туындының тұла бойында талай талқыға түсіп, таптаурын болған теория емес, журналистиканың аясында өте шулы резонанс тудырған тәжірибелер мен жағдаяттық материалдарды қамтыған.
Кітаптың ғылыми редакторы қазақ журналистикасында өз ізін, өз сүрлеуін салып үлгерген әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы болды. Туындыны қазақ тіліне тәржімалаған аудармашы - филология ғылымдарының докторы, доцент Қарлыға Мысаева. Ал журналистикаға жаңа серпін әкелетін еңбектің жауапты редакторы ретінде дінтану ғылымдарының кандидаты Дәурен Дариябек есімді азамат тағайындалған.
«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» кіші бағытының аясында жүзеге асқан құнды аударманың еліміздің ақпарат саласына қосар үлесі зор болмақ деп сенім білдіреді мамандар.
20 шілде 2018 ж. 1 345 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области