Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » МҮСІРӘЛІ –ҚАЗАҚТЫҢ БАС ПІРІ

МҮСІРӘЛІ –ҚАЗАҚТЫҢ БАС ПІРІ


Елбасы Н.Назарбаев ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеясын тереңінен зерттеп, оның ғылыми-теориялық негізін қалау қазіргі қазақ зияткерлеріне үлкен сын.
Рухани құбылыстардың бастаулары ұлттың тарихымен, сол ұлттың өкіліне тән адам-азаматтық болмысымен де тығыз байланысты. ХIХ-ХХ ғасырлардағы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың классиктері өздерінің қоғамдық және әлеуметтік өмірге тән заңдылықтарын, басты сапалық ерекшеліктерін, түрлі елдердегі өмір салттарын, сенімдерін, аңыздары мен мифтерін зерттеп ашқан. Қазіргі біздер үшін де рухани жаңғыру мақсаттарына жету жолындағы бір сүбелі нәрсе ‒ өзіміздің ұлттық тарихымыздың жалпы жылнамалық жақтарын ғана емес, сонымен бірге халқымыздың танымал тұлғаларының ғибратты өмірін, өнегелі сөздерін, ерекше қасиеттерін түйсініп-біліп, басты рухани құндылықтарын тиісті деңгейде көрсету арқылы жастарды тәрбиелеуге және рухани-мәдени байлығымызды байытуға пайдалана білу.
Осы бағытта жарық көрген жұмыстар да аз емес. Солардың бірі – «Әзиз Мүсірәлі» атындағы қоғамдық қордың қолдауымен өткен 2017 жылы жарықкөрген «Сопы Әзиз Мүсірәлі» атты кітап. Авторлары – философ, әрі теолог ғалым Досым Омаров және ҚР білім беру ісінің үздігі Еркетай Иманбаев.
Бұл кітапта әулие Мүсірәлінің өнегелі өмірі мен мол мұрасы сарапталып, солардың негізінде бүгінгі рухани жаңғыру ісіне қосуға болатын талдаулар мен тұжырымдар жасалған.
Мүсірәлі Жәдікұлы – ХVІІ ғасырда Тәуке хан тұсында бүкіл қазақтың алғашқы бас пірі болып сайланған әулие. Ол Тәуке ханмен біріге отырып халықты жоңғар шапқыншылығына қарсы ұйымдастыруда маңызды рөл атқарған. Мүсірәлі 1639 жылы Бұхар хандығына қарасты Тамдыбұлақ аймағында өмірге келіп, 1721 жылы қайтыс болады. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи медресесінде оқып, Бағдат, Басыра шаһарларында сопылық ілімнің тереңіне бойлап, «ахун» дәрежесін алған. Рухани жетілу барысында жоғары тылсым қасиеттерге ие болған.
Тәуке ханның «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын қабылдауда өз үлесін қосқан. Өмірінің соңында Құдай жолына толық беріліп, өзінің рухани ұстазы Баба Түкті Шашты Әзиз әулие басына шырақшы болып, дүниеден өткен соң, соның жанына жерленеді.
Кітапта қазақ хандығы тарихына шолу жасалып, Мүсірәлі тұсындағы қазақ елінің әлсіреу себебі баяндалады. Басты себеп – сол кездегі халықтың рухани жүдеуі еді, деп көрсетілген.
Оның ерекше адами қасиеттері болған. Оның үстіне өз дәуіріндегі негізгі ғылыми орта болған жерлерде білім алуы, алған біліміне қоса өзінің адами, әулиелік қасиеттерін дамытуы оның Пір және әулие атануына үлкен негіз болса керек.
Үш жүздің Бас Пірі болып сайлануы үшін бірнеше адам сынақтан өтеді. Олар туайын деп тұрған буаз сиырдың ішіндегі бұзаудың қандай екенін айтып беруі керек еді. Сынаққа түскен басқа адамдардың арасында Мүсірәлі: «Бұл сиырдың ішінде ұрғашы қара бұзау, құйрығы ақ, құйрығының ағы бұзаудың басынан маңдайына оралып келіп жатыр» деп басқалардан анық жауап беріп, алға шыққан екен. Осындай көрегендік қасиетімен қатар, Мүсірәлінің жалғыз өзі көптеген жау әскеріне қарсы тұрып, оларды жеңе білгені; ауа райына әсер етіп, дауыл тудырғаны; алақанының биотоғымен құмғандағы суды тез жылыта алатыны; табалдырықтың астындағы тығылған Құран Кәрімді сезіп-білуі; жауды адастырып, жеңуі; өзен ағысын тоқтатып, денесін көпір етуі; жалындаған оттан жанбай шығуы тәрізді көптеген тылсымдық әрекеттері ел аузында сақталған.
Пірдің осындай қасиеттерімен қатар оның көркем мінез-құлқымен халыққа әсері, жарлы-жақыбайға деген мейірімділігі, дауларға төрелік айтқан кезіндегі әділеттілігі, ешбір жанға залалын тигізбегендігі де ел есінде құрметпен сақталған, кейінгілерге үлгі болған.
Сонымен, Әулиенің жетілу жолы біз үшін үлкен ғибрат. Қазақстан егемендік алғаннан бергі кезеңде қазақ ауыз әдбиеті мен ауызша тарихы бойынша, тіпті мұрағаттық материалдарға негізделген зерттеулер аз емес. Олардың көпшілігімен салыстырғанда, біз қарастырып отырған Д.Омаров пен Е.Иманбаевтың зерттеу жұмыстарының маңызды бір ерекшелігі бар. Ол ерекшелік – авторлардың Мүсірәлі Пірдің тұлғалық қасиеттерін, табиғи дарындылығын, саяси қайраткерлігін баяндап қана қоймай, Пірдің тылсымдық қасиеттерін ғылыми тұрғыда талдау жасағаны.
Олар адам жаны мен рухының ара қатынастарына талдаулар жасайды.
Философиядан белгілі нәрсе: адам – микрокосм болса, әлем – макрокосм болып табылады. Олардың арасында ұқсастық, әрі тығызбайланыс бар. Өз орайында адамның да ішкі табиғаты аса күрделі. Адам жаны, психологиясы, санасы, руханияттылығының бір-бірінен айырмашылығы ғана емес, олардың өзара байланыстары да терең. Авторлар адам болмысы мен әлемнің байланысын көрсетеді.
Рухани жаңғыру барысында адамның психологиясы мен денсаулығы қандайөзгеріске түсетіні баяндалады. Ол өзгерістер адам табиғатының материалдық құрылымы мен рухани-тылсымдық әлемінде жатыр. Адамның іс-әрекеттерінің табиғатпен үйлесімді дұрыс болуы – оның жантазалығының, рухының бекуінің кепілі. Адамның әулиелік деңгейге жетуі – оның барлық өмірінің көрсеткіші.
Авторлардыңпікірінше, адамөміріүшбастауменбайланысты. Біріншісі – тектілігі, ол туабіткен генасыіспетті. Екіншісі – қалыптасу ортасы, яғни алған тәрбиесі. Үшіншісі – жан дүниесінің ерекшеліктері. Бұл еңбекте Мүсірәлі өмірі осы үшбастау аясында қарастырылып, оның әулиелік қасиеттерінің сыры талданады.
Авторлар осы бастаулардың жетілу сатыларын: бес жасқа дейінгі, бес жастан он бес жасқа дейінгі және он бес жастан кейінгі кезеңдерге бөлген. Бұл кезеңдерді талқылау мақсаты – бала тәрбиесінің рухани қалыптасу ретін көрсету. Әулиенің негізгі құндылығы – оның рухани болмысы. Тылсымдық қасиеттер – материалдық нәзік болмыспен байланысты. Рухани деңгей – жан қасиеті, ал тылсым – нәзік дене қасиеті. Біріншісі – рухани әлемге жатса, екіншісі – заттық әлемге жатады. Сондықтан Мүсірәлі пірдің жан қасиеттері оның тылсымдық қасиеттеріне қарағанда құндырақ. Ол рухани қуатымен халықтың жүрек көзін ашып, елдің рухын өсіріп, жігер-қайратын шыңдады. Адамды өзгертті.
Халық есінде сақталған Мүсірәлінің тылсымдық қасиеттерін қазіргі заманда адам бойындағы магнетизм, спиритизм, телепатия, телекинез, гипноз тәрізді түрлі эзотерикалық сипаттаулар мен тұжырымдар тұрғысынан қарауға болады. Әрине мұндай қасиеттер қазіргі ғылым тұрғысынан өте терең зерттелмеген. Дегенмен әлемде бұл бағытта жасалып жатқан талдау-ізденістер аз емес. Талданып отырған кітаптың авторлары да өз ізденістерін мүмкіндігінше жан-жақты етіп, Мүсірәлінің адами, әулиелік болмыстарының терең сырларын ашуға ұмтылған. Оның тылсымдық қасиеттерін қисындық сызба нұсқасына дейін келтіріп, тіпті математика әдісімен де өрнектеп берген.
Мүсірәлінің елге жасаған қызметі оның тылсымдық іс-әрекеттері емес, халыққа берген рухани әсерімен құнды. Ол өзінің рухани қуатымен елде ислам дінін нығайтып, халықтың рухани дәрежесін көтеруге күш салып, халықты жауға қарсы біріктіре білді. Нәтижесінде халық бір жұдырықтай жұмылып, қалмақ басқыншылығын тойтарып, соққы берді. Осылай ел ұлттық намысын қорғап, тәуелсіздік жолына түсті. Енді қарапайым халық бұрынғы құрмет-дәрежелерінен айырылған қожа, төре, сұлтандардың ықпалынан шығып, өздері ұйымдасып, жаудан қорғануға кірісті. Мүсірәлі Пірдің ықпалымен бір тудың астында бірігіп халық Қазақ хандығын нығайтып, тағдырын өз қолдарына алып, өздері шешуге мүмкіндік алды. Қазақ тарихындағы «Алтын ғасыр» дәуірі осылай орнаған.
Руханияттылық пен рухани жаңғырудың не екенін жақсы түсінген Мүсірәлі қоғам өмірін бір арнаға салуға ұмтылған. Ол қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып қазақтың ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, діні мен тілі тәрізді ұлттық кодты қалпына келтіріп, нығайтуға назар аударды. Осы мақсатпен, жоғарыда айтылғандай, Тәуке хан басшылығымен жасалған «Жеті жарғы» жинағын жетілдіруде, жарғыларды қоғам өмірінің негізімен байланыстыра отырып, оған қосымша өзінің нұсқау, қағидаларын берген. Бұл құнды құжат, бүкіл қазақ тарихында ерекше орын алып, көптеген жылдар бойы халықтың рухани тірегіне айналды.
Мүсірәлі өз заманында үш жүздің рухани ұстазы болып, халықты біріктіріп, ұлттық идеяны айқындап, соның іске асуына белсене араласты. Бұл идеяның негізі – адамның сана-сезімін өсіріп, халықтың рухани жігерін көтеру арқылы оны бір тудың астына біріктіріп, жауды тойтару еді. Осылай ол қазақ халқының ұлттық сана-сезімін көтеру арқылы қазақты жаңа рухани деңгейге көтеруде маңызды рөл атқарды.
Мүсірәлі мұрасын саралай отырып авторлар бүгінгі күндері бізге де сол дәуірдей қоғамдық өзгеріс керек екенін алға тартады. Рухани жаңғырудың жолы ретінде олар ұлттық идеяны жан-жақты негіздеу керектігін ұсынады. Осы істе қазақ халқының өзіне тән бұрынғы ерлік қасиеттерін қайта қалпына келтіру қажет дейді. Ұлттық идея мақсаты – халықтың намысын оятып, рухын көтеру арқылы «Мәңгілік ел» идеясын іске асыруды баянды ету.
Авторлар ұлттық идеяны пайдалана отырып рухани жаңғырудың жолын ұсынады. Ұлттық идеяның мақсаты – адамның болмысын жетілдіру. Бұл жетілу жолы деңгейлерге бөлініп, оларға түсініктемелер беріледі. Ол деңгейлер: бүгінгі қоғамдағы жағдайды түсіну; қалыптасқан жағдайдың ақиқаттығына сеніп, мойындау және оны түйсіну; қалыптасқан жағдайдан шығу үшін нысана қабылдау; нысана – ұлттық кодтың практикалық тиімділігін қалпына келтіру; соның жолы мен шараларын іздестіру; ұлттық кодты қалпына келтіру жолы – халқымыздың рухани-моральдық байлықтарын толығымен пайдалану; бабаларымыздың ерлік қасиеттерін бойға сіңіру; нәтижесінде Еліміздің Мәңгілік болуын ұлттың рухани табиғаты арқылы қамтамасыз ету.
Рухани жаңғыру барысында адам сана-сезімнің түрлі сатыларынан өтеді. Олар: тәндік сана-сезім; ой-өріс деңгейі; рухани білім деңгейі; өзінің рухани болмысын тануы; рухани деңгейдегі шексіз ләззат, яғни нағыз бақыт деңгейі.
Мүсірәлі сопы сана-сезім өсуінің осы бес деңгейін толық өткен. Сондықтан оның жас кезінен дұрыс тәрбиеленіп, медреседе білім алып, ахун дәрежесін алған соң, білімін өмірде пайдалана отырып өзінің рухани болмысын түсінуі және өмірінің соңында діннің тура жолында Алла тағаламен тоғысып, жетілудің шыңы болып табылатын ләззат деңгейіне көтерілуі рухани өмірдің шыңына жету үлгісі болды.
Қорыта келе, бұл кітапты өзіміздің қазіргі күндері көз жазып қалған ұлы қасиеттерімізді қайта қалпына келтіріп, жоғалтқан құндылықтарымызды жаңғыртып, рухани жаңғыруды тарихтың қойнауларынан өмірге қайта әкелген құнды еңбектердің бірі деп толық айтуға болады.

Сапар ОСПАНОВ,
философия ғылымдарының докторы
31 шілде 2018 ж. 881 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области