ӨРТТЕ ҚАЛҒАН «АЛТЫН ЖҰЛДЫЗ»
Одақтың кезі. Партияның қылышынан қан тамып тұрған уақыт. Үлкен мінбер Мәскеуде, республикалардан жиналған таңдаулы жұрт сонда бас қосады. Оған анау-мынаудың қолы жете бермейді, бақ бұйырса ілуде біреуге.
1977 жылы Ауылшаруашылығы саласы кәсіподағының Х съезі Мәскеуде өтетін болды. Съезге Қызылорда облысынан үш делегат сайланды. Соның бірі Еңбек Ері Арапбек Әбиев. Облыс құрметтеп шығарып салған делегация Мәскеуде «Россия» қонақүйінің 11 қабатына орналасты. Еңселі ғимаратта алты мың қонақ болса, соның барлығы съезд делегаттары.
Күріш өсіруден келелі өнім жинап, бір жыл бұрын «Алтын жұлдыз» медалін кеудеге таққан даңқты диқанның бұл жолғы сапары оқыс оқиғаға ұшырайтынын ешкім білген жоқ. Оны айтпас бұрын әуелі келелі жиынға кезек берсек. Съезд жұмысы сәтті басталды. Бес жыл одақтық комитеттің президиум мүшелігіне кандидат болып келген Арапбекті Еңбек Ері атанған соң съезд қаулысымен толық мүшелікке қабылдады. Әрбір республиканың өкілі өз аймағындағы өнегелі істерді ортаға салды, өзара тәжірибе алмасулар мәселесі көтерілді. Ортақ мәмілелер айтылып, кәсіподақтың ролін күшейту, жұмысшы құқын қорғау туралы ұсыныстар мақұлданды. Сөйтіп 25 желтоқсан күні съезд өз жұмысын аяқтады. Делегаттарға демалыс жарияланып, мәдени-қыдырыс шаралары жалғасты. Аракең қаланы аралап, туған-туысқа көр-жер алып дегендей қонақүйге оралса, серігі ауыл шаруашылығы саласы кәсіподағы облыстық комитеттің төрағасы, соғыс ардагері Жұмабай Әбдіреев бөлмеде мазасызданып отыр екен. Дереу айран әкеліп бермек болды да жетінші қабаттағы буфетке түсті. Кезекте тұрып, біршама уақыт аялдап қалды. Кенет түтіннің иісі қолқаны қапты. Іле ел шулап кетті. Өрт деген дабыл басталды. Баспалдақпен безілдеп алып жоғары көтеріліп бара жатыр еді, кесе-көлденең кезіккен Жұмабай қолына іліккен заттарды алып шыққанын, өртеніп жатқанын айтты. Сөйтіп Арапбекке плащы мен аяқ киімін ұстата салды.
— Оу Жұмеке, басқасы қайда? Орден-медалдарым ше?
— Оған әуре болма, енді кеш,— деді.
Сонда да болса жоғары көтерілмек ойда тұрған оны милиция жібере қоймады.
Сол күні қар аралас жаңбыр жауып тұрды. Дала астан-кестен. Жер езіліп, миы шығып жатыр. Күн ызғарлы. Халық үдере көшкендей сенделіп кетті. Қою түтін Мәскеу аспанын жаулап алған. Құдды қара түнек дерсің. Қорқынышты.
Қонақүйдің солтүстік секторының электр сымдарынан түтенген жалын бөлмелерге ұласқан. Лифттер тоқтап, ішінде қалған адамдар уланып өлген. Адам шығыны аз емес секілді. Түтінге қақалғандар қаншама. Оқиға Мәскеу уақытымен сағат 22.00 болған соң көпшілігі жатып қалған еді.
Дел-сал күй кешкен кісілердің алба-жұлба түріне мән беріп жатқан біреу жоқ. Жан сауғалаған жағдай ғой. Тіпті тоңғанын сезер емес. Жылап-сықтаған жан жетерлік. Прибалтикадан келген кісі өкіріп тұр. Қасындағы серіктері түгел көз жұмған. «Мен бір топ болып келіп, қалай жалғыз қайтамын» дейді шерлі өксігін баса алмай. Осындай абыр-сабырда қалған затты ойлаудың өзі қисынсыз. Бас қайғы басты мәселе. Арада бірнеше сағат өткенде Мәскеу қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Гришин оқиға орнына келді. Қасында СОКП Орталық комитеті Саяси Кеңесі Бюросының мүшелері бар. Жағдайды ушықтырмау мақсатында дереу адамдарды автобуска отырғызып, қонақүйлерге бөле бастады. Бір түн түнеген соң таңертеңгілік арнайы комиссия делегаттармен жеке-жеке сөйлесіп, кімнің қандай заты қалғанын, жалпы шығынды есептеді. Арапбек Әбиев «Алтын Жұлдыз» медалі, екі Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордені қалғанын, киімдері мен қайтар жол билетін айтты. Комиссия шұғыл шешіммен қалалық әмбебап дүкеннің (ГУМ) қызыл бұрыш бөлігінен дәл сондай үлгідегі киімдермен қамтамасыз етті. Сый-сипатын да ескерді. Қайтар жол билеті де алынды.
Елге келген соң жерлестерінің дүрліккенін білді. Бұл туралы «Правда» газетінде шағын хабар жазылыпты. Бірақ кеңестік саясатпен «өрт салдарынан ешқандай адам шығыны болмағаны» көрсетілген. Алты ай дегенде облыстық атқару комитетінің төрағасы Шәймерден Бәкіров шақыртып, тиісті марапаттарды тапсырды. Бір қызығы, «Алтын Жұлдыз» да, ордендер де бұрыңғы өз нөмерлерімен жасалған екен. Осылай, қожакенттік Арапбек Әбиев Социалистік Еңбек Ері медалін кеудесіне екінші рет тақты.
Қаныбек ӘБДУОВ,
Жаңақорған-Қызылорда-Жаңақорған.