Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ӨНЕР ТАРЛАНБОЗДАРЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫ ЖОЛДАРЫ

ӨНЕР ТАРЛАНБОЗДАРЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫ ЖОЛДАРЫ


Қыдыр дарып, бақ қонған Сыр елі қашаннан хас таланттарды тоғыстырған өнегелі өңір. «Сыр елі – жыр елі» атанған бұл өлкеде алаштан ән оздырып, салған әні қазақ елінің биік шоқтығына айналған әнші, жыршы даланы тербеп, сан ұрпақты тебіренткен өнер иелері жетерлік.  
Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде сақталған жеке тектік қорлардың қатарында Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосқан  фолкьлор-зерттеуші, жырау Алмас  Алматов, айтыскер ақын Бибігүл Жаппасбаева , ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, ҚР-ның еңбек сіңірген әртістері Қаракөз  Ақдәулетова және Күлән Қалымбетовалардың құжаттары  сақтаулы.  Иә, жырдың кені атанған Сыр өңірі талай-талай өнер саңлақтарының ордасына айналған киелі мекен.
Біз жырау Алмас  Алматов пен айтыскер ақын Бибігүл Жаппасбаева, композитор Рамазан Тайманов туралы материалды оқырман назарына ұсынған болатынбыз. Бүгінгі әңгіме  қоңыр даусымен, жүрекке жылы үнімен көрермен ықыласына бөленген өнер иесі Қаракөз Ақдәулетова туралы.
Есімі бір аймақтың өнерпаз жастарына үлгі болатын абыз ұстаздар, батагөй даналар халқымызда аз болмаған. Солардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетова.
Ол 1956 жылы 3 наурызда Қызылорда облысы, Комсомол совхозында дүниеге келіп, орта мектепті бітірген соң қаламыздағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтына музыка факультетіне оқуға түседі.
1977 жылы институтты бітіріп, оқытушы болып қызмет жасады. 1981 жылы Алматы қаласында Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияға ән бөліміне оқуға түсіп, қазақтың бұлбұлы атанған профессор Бибігүл Төлегенованың класын 1985 жылы бітірді. Осы жылдан бастап Қызылорда музыкалық училищесінде «Ән салу» бөлімінде бөлім меңгерушісі болып қызмет жасап, шәкірттер тәрбиелеуде.
Әнші-ұстаз Қаракөз Ақжігітқызы қазақ және шетел композиторларының классикалық әндерін өзіне тән мәнерлеп орындауымен ерекшеленеді.
1996 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасына «Еңбегі сіңірген әртісі» құрметті атағымен, 1997 жылы педагогикалық еңбегі үшін ҚР Білім Министрлігінің «Құрмет грамотасымен», 2001 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл толуына орай Президент Н.Назарбаевтың «Алғыс хатымен», 2006 жылы облыс әкімінің степендияты, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі және «Шапағат» медалімен, 2014 жылы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың «Озат ұстаз» номинациясы бойынша гранты және білім беру саласы қызметкерлеріне тағайындалған сыйақысымен марапатталды.
«Жақсы ұстаз –шамшырақ, шырағы жаққан өшпейді» демекші, бүгінде кәсіби шеберлігі шыңдалып кемеліне келген, өнерін өмірінен артық көретін Қаракөз Ақжігітқызы Сыр бойының жас таланттарын жазбай танып, өнер төріне шығарып, әлем сахналарында шырқатып, қазақ деген ұлт барын, Сыр елі деген жұрт барын төрткүл дүниеге танытып жүрген ардақты ұстаз, абзал ана.
Атап айтсақ, Есқалиева Перизат – Қызылорда облыстық «Әнші балапан-98» байқауының лауреаты, 2000 жылы облыстық «Бозторғай» байқауында I-орын және лауреаты, 2002 жылы «Славян базары» эстрада әндерінің жас орындаушылар халықаралық көрмесінің дипломымен Руслан Сыдықов, Владимир Лигай «Крым Волна-2006» IV дәрежелі дипломмен, Қайсар Дүйсенбай – 2006 жылғы «Витебск 2006» халықаралық балалар музыкалық конкурсының дипломанты, Байсеитова Самал 2008 жылы «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық саяси газетінің ұйымдастыруымен «Қазақ романсиада» IX Халықаралық конкурстың 3–ші жүлделі орын және «Профессионалдар» номинациясымен 2011 жылы Беларуссия Республикасында өткен «Славян Базары» ХХ Халықаралық өнер көрмесінің I-ші дәрежелі дипломымен Құралай Мейрамбек марапатталып, жүлделі орындарға ие болған.
«Super Star KZ» мегапроектісінің алғашқы жеңімпазы А.Кішкенбаев та Қ.Ақдәулетованың шәкірті.
Сыр бойындағы кәсіби ұстаз Қаракөз Ақдәулетова туралы БАҚ өкілдері аз жазған жоқ. Мысалы, «Ақмешіт ақшамы» газетінде «Бұлбұл әншінің шәкірті», «Кызылординское вести» газетінде «Музыкальное созвездие Каракоз», «Әлімсақ» журналында «Бүгінгі әншілер музыкалық жағынан сауатты, жан-жақты білімді болуы қажет» деген мақалалар жарияланды.
Айнұр ӘЛИАСҚАРОВА,
Қызылорда облысының мемлекеттік архивисі
04 қыркүйек 2018 ж. 910 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области