Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ ЕТУДЕН АРТЫҚ БАҚЫТ ЖОҚ

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ ЕТУДЕН АРТЫҚ БАҚЫТ ЖОҚ


Мемлекет басшысының атамекенді, туған жерді қадірлеу, құрметтеу туралы бастамасынан кейін еліміздің барлық аймағында «Туған жерге тағзым» акциясы өткізілді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы сондай тағылымды шаралардың бірі Шиелі ауданында да өткені есімізде. Байыптап қарасақ, туған өлкесіне қол ұшын созып, оның гүлденуіне үлесін қосқысы келетін жайсаң жандар көп екен. Біздегі «Туған жерге тағзым» акциясына математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмаділдаев бастаған бір топ жерлестеріміз келіп, жүрекжарды тілектерін айтты. Акция аясында туған жерімізді түлетуге арналған бірнеше меморандумға қол қойылды. Астана қаласында тұратын жерлесіміз Бегман Қауасұлының «Шиелі кенті орталығынан құны 250 млн. теңге болатын жабық су бассейнін өз қаражатыма саламын, туған жерім Ортақшылдың маңынан жер алып, мал өсіремін, мал бордақылайтын алаң жасаймын» деуі туған жерге деген нағыз сүйіспеншіліктің белгісі болды.
Төрткүл дүниеде дәл қазақ халқындай туған жерін пір тұтатын, қадірлейтін, сыртта жүрсе де өскен өлкесін аңсап сағынатын халық жоқ шығар, сірә?! Иә, қазақ туған жердің әр сүйемі үшін қан төгуден, оны сыртқы жаулардан қорғаудан жанын аямаған батыр халық. Сол батырлығының арқасында қаншама жерді ғасырлар бойы арпалысып жүріп қорғап қалды, ұлан-байтақ даламызды бізге аманаттады. Міне, бүгінгі таңда сол жердің ен байлығын иеленіп, дүниежүзіне танымал ел болудамыз. Кейінгі ұрпақ та өздерін осындай бақытты күндерге жетуіне себепші болған бізге бақытты өмір сыйлаған бабаларымызды ұмытпай, жыл сайын ұрпақ санасында жаңғыртып еске аламыз.
Халқымыздың туған жерін қадірлеуінен оған деген махаббатынан сыртқы жаулар да сескенген екен. Ескендір Зұлқарнайын туралы аңызға келейік. Ескендір патша қазақ жерін шаппай, неге бұрылып кеткен деген сұрақтың жауабын таба алмай жүр едім. Әр жерде әртүрлі болжам айтылады. Ақылға қонатын жауабын тапқандай болдым. Ескендір қалың әскерімен Шу алқабына, қазақтың шекарасына жетеді. Таңертең ерте тұрса төбенің басында 40 атты әскер тұр. Ескендірдің ақылшысы сонда:
– Қазақ деген батыр халықтың шекарасына келіп тұрмыз. Бұлар өте жаужүрек халық. Туған жерінің әрбір сүйемі үшін жан берісіп, жан алысады. Мынау тұрған қазақ әскерінің таңдаулы 40 батыры. Сен де осыларға қарсы осынша батыр шығар. Егер сенің батырларың жеңсе, бұлар соғыспай беріледі. Олар жеңсе, сен соғыспай бұл елді айналып өт, - деген екен.
Топтық жекпе-жекте қазақ батырлары жеңіп, Ескендір соғыспай-ақ бірден айналып өткен деседі. Аңыз түбі шындық деген сөз бар. Бастысы, сол кездегі қазақ әскерін бастаған Шу батырдың есімін халық әлі күнге ұмытқан жоқ. Кейін сол жерге батырдың құрметіне оның есімін беріпті. Әлі күнге дейін Шу батырдың атында үлкен елді мекен – Шу ауданы, станция атауы бар.
Туған жерді қадірлеуді, туған жерге қызмет етіп, туып өскен жерді ұрпаққа мұра етуді аталарымыз әріден ойластырған. Әсіресе, Сырдария бойын жайлаған біздің аталарымыз егін егуді, жерді суландыруды терең ойластырған сияқты. Арнайы білімі болмаса да мұраптар қазған каналдар әлі бар. Мәслен, Күркіреуік, Ботабай каналдары, Шиелі халқының ерен еңбегімен қазылған Сталин каналы әлі күнге дейін халықтың игілігіне қызмет етуде.
Күркіреуік каналы көршілес жатқан екі ауданға қызмет жасап келеді. Күркіреуік каналын қаздырған Ташкентте оқып, білім алған Серқұл Алдабергенов ағамыз екен. Каналдың құрылысын әдепкі кезде өз ағайындарымен бастағанмен жұмысты өндіре алмағасын, Шиелінің Шәулімше жағындағы отырықшы халықтарына содан бастап сауын айтып, 200-дей жігіттің басын құрап, «Күркіреуік» каналын бітіріпті.
Каналдың сағасының ұрымтал жерден дәлдікпен алынғаны соншалық сағаны ашқан кезде дариядан су гүрілдеп дыбыс шығарғандықтан «Күркіреуік» деп атап кеткен. Қазіргі таңда атамыздың сол салып кеткен каналын созып, Қарғалы елді мекенінің тұрғындарына қызмет етуге қол жеткізілді. Былтыр 70-тен аса үй егіс ексе, биыл 200-дей үй сырттан егіс егуге құлшынып отырған көрінеді.
Ботабай каналын қаздырған азамат жөнінде нақты мәлімет таппадым. Бірақ ол атамыз да елдің қамын ойлаған жан болу керек деп топшыладым. 1970 жылдары Ботабай каналын пайдаланып «Гигант» колхозы күріш еккені есімде. Аудан жұртшылығын отырықшылыққа тәрбиелеп, әр аймақта су жолдарын салғызған Жөлектен Пірназар ақсақал, Мәмірей, Қызылтудан Абылай, Еңбекшіден Мәулен ақсақалды елі ұмытпай еске алады.
Елбасымыз «Қазақ үшін туған жерге тағзым етуден артық бақыт жоқ. Ендігі жерде халықтың арқасында жинаған байлықтарыңды туған елге, туып-өскен ортаға жұмсауға ұмтылыңдар. Байлықтарыңды шетелге жасырғандарың болса Қазақстанға қайтарыңдар. Сендер халықтың кеңдігінің, жердің жомарттығының арқасында байыдыңдар. Сондықтан туған жерге тағзым етуге тиіссіңдер», – деп еліне, халқына бір жағы тапсырма ретінде айтуы халық көңілінен шықты. Қазіргі таңда туған жерге тағзым етудің, оны құрметтеудің, қадірлеудің жаңа кезеңі мәреден шықты деуге болады. Сондықтан осы ұлы көштің алдыңғы сапында болайық, туған жерімізге тағзым етуге, оны құрметтеуге, қызмет жасауға асығайық, ұлы көштен қалмайық, ағайын дегім келеді.

Есіркеп ШӘДІБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Шиелі ауданы
27 қыркүйек 2018 ж. 1 241 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области