Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ӨМІР ЖОЛЫ ӨНЕГЕ

ӨМІР ЖОЛЫ ӨНЕГЕ


Елімізде өзіндік орны бар, тарихы терең Қазалы өңірінде талай дүлдүл абыздар, сайыпқыран батырлар, көмейінен жыр төгілген ақын-жыраулар, бұлбұл үнді әншілер дүниеге келген. Сонымен қатар С.Толыбеков, С.Сүлейменов, М.Ерлепесов сынды көрнекті ғалымдар шыққан. Осы алдыңғы толқынның жалғасы саналатын тұлғаның бірі – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, белгілі педагог Алданияз Ерғалауов.
Ол алғаш еңбек жолын 1955 жылы Алматы дене тәрбиесі техникумын бітіргеннен кейін Қазалы ауданының Қожабақы ауылындағы №25 орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беруден бастаған. Жас маман ауыл, аудан спортын жандандырып, разрядты спортшылар дайындаған. Оларды аудандық, облыстық спорт жарыстарына бастап барып, жүлделі орындарға қол жеткізген. Өзінің үлгілі жүріс-тұрысымен, инабатты болмысымен кейінгілер еліктейтін азаматқа айналған. Ауданда сол кездерде өткізілген түрлі шараларға, қоғамдық жұмыстарға қатысқан. Ел ауызына ілініп, аудан басшыларының көзіне түскен.
1960 жылы өз білімін жетілдіруді, жоғары білім алуды мақсат тұтып, Алматы шетел тілдері педагогикалық институтының ағылшын тілі факультетіне емтихан тапсырып, арманы орындалады. 1964 жылы институтты қызыл дипломмен бітіреді. Осы жылдың тамыз айында Қазақ КСР жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің жолдамасымен қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық университетіне оқытушылық қызметке жіберіледі. Жастайынан еңбекпен шыңдалуы, ұлағатты тәрбие, мектеп, студенттік шақ, жоғары оқу орны оның парасатты азамат ретінде қалыптасуына үйлесімді жол ашады. Міне, сол 1964 жылдан өмірінің соңына дейін осы университетте (бұрынғы институтта) 31 жыл табан аудармай жемісті еңбек етіп, болашақ педагогтар даярлауға орасан үлес қосады. Алғаш оқытушы, аға оқытушы, доцент, кейін «Ағылшын тілі филологиясы және әдістемесі» кафедрасының меңгерушілігіне бекітіледі. Оқу орнының қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Ұжым құрметіне бөленеді. Ғылымға ынта-ықыласпен ден қойып, терең білімдарлығымен, асқан жауапкершілік пен қажымас еңбекқорлыққа толы болмысымен танылады.
1969 жылы Алматы шетел тілдері педагогикалық институтының аспирантурасына түседі. Ғылыми жетекшілігіне – филология ғылымдарының докторы, профессор Сахина Ғабдулкаюмқызы Ахметова тағайындалады. 1973 жылы «Ағылшын және қазақ тілдеріндегі ырықсыз етістіктердің ерекшеліктері» атты күрделі ғылыми тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Диссертациясына филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қасенов, Қырғыз КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Сартбаев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Т.Тұрсынәлиев жақсы баға береді. Сөйтіп тіл білімі саласында өз орнын қалыптастырады. Оның бұдан арғы өмірі педагог кадрлар даярлау мен ғылыми-шығармашылық жұмысқа арналады. Соның негізінде қазақ-ағылшын тілдерінің сөзжасамдық, грамматикалық, морфологиялық, стильдік тұрпаттарына талдау жасалып, барынша зерделенген 30-дан астам ғылыми еңбектері, сондай-ақ «Особенности страдательного золога в английском и казахском языке» (Фрунзе, 1973) және «Ағылшын тілінен сабақ беру әдістемесі» (Алматы, 1986) атты оқулығы мен оқу құралы жарық көреді. Ғылым айдынында еркін жүзіп, ағылшын тілін жете меңгереді. Институтта беделі артып, республика, Одақ деңгейінде өткен ғылыми конференцияларға қатысады, тұжырымды баяндамаларымен көрінеді. Талантты ғалым ретінде Мәскеу қаласына білімін жетілдіруге жіберіледі. Мәскеу жоғары оқу орындарының көрнекті ғылымдарын тәжірибе алмасуға институтқа шақырып, өз басшыларынан мақтау естиді. Мұстафа Матаев, Байғара Тайлақбаев, Мәди Кереев, Қараке Білімбетов, Нұраддин Дәріқұлов, Айжігіт Нұрғызарынов, Ермахан Нұрахметов, Жұмағали Әбуов сияқты Сыр өңіріне белгілі ғалымдармен қызметтес әрі достық қарым-қатынаста болады. Бойында жастық жалыны бар, білімге құштар шәкірттерін жақын тартып, ғылым жолына баулыды. Мұндай жарқын істерді нағыз педагог, әрі терең ойлы кісі ғана істей алады. Қазіргі кезде А.Ерғалауовтың тартымды дәрісі мен еске тұтар ақыл-кеңесін тыңдаған, ыстық-ықыласына бөленген көптеген жастар республикамыздың түкпір-түкпірінде қажырлы жұмыс жасап, ұстаз жолын жалғастыруда. Сондықтан Қазалы ауданы осындай асыл азаматты, өресі биік ғалымды ұшырғанына мақтаныш сезіммен қарайды.
Міндетті ісіне шын берілген, адамгершілігі биік, үлкен сыпайылық пен мәдениет иесі Алданияз Ерғалауов жан жары Күлшай Сәндібекқызы екеуі Қадырнияз, Асқар, Ғани, Зейнегүл, Бақытгүл, Анарбек, Гүлнафис есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы бола білді. Балаларының бәрі еліміздің түрлі салаларында жемісті еңбек етіп жүр. Алдекеңнің өнегелі өмір жолы, азаматтық асыл қасиеті, биік болмысы, халқына сіңірген қызметі, ғалымдық қайраткерлігі жайлы «Ананың ақ тілегін арқалаған» атты кітап жарық көрген. «Қазақ тілі» және «Қазалы ауданы» энциклопедияларында өмірбаяны берілген. Ғасырдың күндер мен жылдардан құралатыны сияқты ел мен жер тарихы да халық үшін аянбай қызмет атқарған тұлғалардың өмірінен тұрады. Сондай аяулы жандардың уақыт көшінде көміліп қалмай, жұртшылық жадында өшпестей сақталғаны жөн-ақ.
Алданияз Ерғалауов сынды белгілі ғалымның елімізге педагогикалық кадрлар даярлаудағы орасан еңбегін, кезінде аудан спортын дамытуға қосқан зор үлесін ескере отырып, ардақты азамат есімін есте қалдыруды тиісті орын басшылары ескере жүргені абзал.
Бұл – елімізге, қала берді туған өлкесіне кезінде қалтқысыз қызмет еткен жайсаң жанға жасалған құрмет болар еді.
Самат ҚАЛУОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
әдебиетші-энциклопедияшы
05 қазан 2018 ж. 933 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области