АЙМАҚТАҒЫ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ПӘНІ МҰҒАЛІМДЕРІНЕ ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Облыстық білім басқармасы «Аймақтық дене тәрбиесі әдістемелік орталығы» мен «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлер біліктілігін арттыру институты бірлесіп, «Білім беру мазмұнын жаңарту аясында дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбында әдістемелік семинар өткізді. Орта мектептердегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері қатысқан семинарда жаңартылған білім беру мазмұны аясында дене шынықтыру пәнін оқытудың әдістемелік жұмыстарын талқылау, тәжірибе алмасу, кәсіби құзыреттілігін арттыру жолдары қарастырылды.
Семинардың ашылуында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Бауыржан Елеусінов дене шынықтыру пәнін жаңа мазмұнда оқыту бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігін атап өтті.
Облыстық білім басқармасы «Аймақтық дене тәрбиесі әдістемелік орталығының» директоры Бауыржан Әбенғалиев семинардың мақсаты мен маңызы жайлы тарата айтты. Қазір дене шынықтыру пәні мұғалімдері оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына баса назар аудару қажеттігін жеткізді.
Шараға қонақ ретінде тоғызқұмалақтан 3 дүркін әлем чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Хәкімжан Елеусінов қатысып, тоғызқұмалақтың адамның ой-өрісін дамытуға септігі жайлы айтып өтті. Ал халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ақерке Кенжебекова осы спорт түрін таңдауға түрткі болған жайлар туралы айтып, оның ерекшеліктеріне тоқталды.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Инновациялық технологиялар және ғылыми жаратылыстану (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі Болат Ақбембетов «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбында хабарлама жасады.
Осыдан кейін түрлі бағытта панормалық сабақтар өткізілді. Семинар тақырыбына сәйкес жаңартылған білім беру бағдарламасынан өткен мұғалімдер қысқартылған мерзімді жоспарлар ұсынып, тәжірибелерін көрсетті. Күнтізбелік тақырыптық жоспарға сәйкес сауалдарға жауап беріліп, мәселелер талқыланды. Шараға белсене қатысқан мұғалімдер Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталып, барлық қатысушыларға сертификат табыс етілді.
Н. ЖҰМАНОВА,
облыстық білім басқармасы
«Аймақтық дене тәрбиесі
методикалық орталығының»
бөлім басшысы.