Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » АТАНҒАН ТӨБЕ АҚЫНЫ СЫР ЕЛІНІҢ

АТАНҒАН ТӨБЕ АҚЫНЫ СЫР ЕЛІНІҢ


Талантымен дараланған шоқтығы биік ақынның бірі – Төлеубай Үркімбаев. Ол 1898 жылы Жалағаш ауданы қазіргі Бұқарбай батыр ауылында дүниеге келген. Ескіше білім алған ақын жаңа қоғамның талабына сай бастауыш білім алады. Еңбек жолын теміржолда жұмысшы болып бастайды. 1916 жылы «июнь жарлығына» ілініп, бірінші дүниежүзілік соғысқа алынады. Онда қара жұмысқа жегіліп, майданның алғы шебінде батпақты, орманды жерлерде бейнеттің азабын шегіп, денсаулығынан айрылып, елге оралады. Бойындағы дарындылық пен өмірге деген құштарлық жас Төлеубайды ерте есейтіп, өз бетімен білімін жетілдіруге талпындырды. Осы мақсатта ол атақты Сыр сүлейлерінің өлең-жырларын оқып, оларды жатқа айтып, халық арасында және соларға еліктеп өзі де жаза бастайды. Бұл шабыт Төлеубайдың ел арасында беделін көтеріп, оның болашаққа деген құлшынысын арттыра түсті. Ол жаңа қоғамның, елдегі болып жатқан өзгерістер мен еңбекші халықтың ерен еңбектерін жырлап, өзінің шеберлігі мен саяси білімін өмірге деген көзқарасын байыта түсті. Табиғат сыйлаған дарын оны халыққа ерте танытты. Алғашқы 1927 жылы жарық көрген «Он жылдағы олжа», отызыншы жылдары жазған «Қатарымыз шынықты», «Тас жарғанда табыс бар», «Сатанның сарыатаны» тағы басқа топтама шығармалары, 1935 жылы «Социалды Қазақстан» газетінің 284 санында жарияланды. Төлеубай Үркімбаевтың облыстық партия комитетінің хатшысы Ә.Аталақов өзінің «Талант» атты мақаласында Т.Үркімбаевтың шығармашылығына талдау жасап, оның ақындық талантына әділ баға берген. Ә.Аталақов: «Әттең, науқастықтан самсаған қолдан, шаршы топтан озатын жүйріктің аяғына ақау түсіріпті. Бірақ, Төлеубай ақын төсек тартып қалса да, қолынан қаламы түсіп көрген емес. Дәуірдің ұлан-асыр дүбіріне үн қосқан», – деп жазған. Шынында да, ақынның әрбір өлеңінен дәуір шындығын көреміз.
Төлеубай ақынның өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы жекенің малын тәркілеп, ұжымдастырудағы асыра сілтеушілер мен шолақ белсенділердің заңсыз іс-әрекеттерін халық атынан ашынып жазған туындылары, республикамыздың бас газеті «Социал Қазақстанға» жариялаған «Сатанның сарыатаны» фельетоны еді. Онда жекенің қолындағы күш көліктің жақсы күйден, қоғамдық меншікке тәркіленіп өткеннен кейін кез келгеннің билігінде кеткен дала кемесінің өлу халге келгендігін, сарыатанның мұңын сол кездің ащы шындығымен жеткізген. Осы бір сын фельетон үкімет тарапынан қолдау тауып, заңсыз тәркіленген күш көлік ұжым мүшелеріне қайтарылып, оларды бағып пайдалануға рұқсат берілген. Жыр алыбы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысып, кеудесіне орден тағып оралған Жамбылды Алатаудан бастау алатын мөлдір бұлаққа балап, «Жамбыл бұлақ» деген өлең арнаған.
– Мұз болып дүниежүзі қатқан кезде,
Адамға ащы тұрмыс батқан кезде.
Бір таудың жырасында Жамбыл туды,
Ел үркіп, тау көбелеп қашқан кезде.
Құрметті асыл сөздің қыранысың,
Мұзбұлақ қия шалған қырағысың.
Өлеңнің зәм-зәм суын жұтсам, тоймас,
Сен ата, тәтті әуездің бұлағысың.
Төкеңнің өлеңдері облыстық газеттерде жарияланып, есімі байтақ елге таныла бастады. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер өмірден көргені мен түйгені, басынан кешірген оқиғалары жайлы сол кездегі елдің, дүниенің саяси-қоғамдық ахуалы туралы прозалық еңбектер де жазған. Өкінішке орай, бұл еңбектері қолды болып, іздеудің жоқтығынан жоғалып кеткен. Дегенмен, Төкең науқастығына қарамастан бұл салаға қалам тартуын тоқтатпады. 1939 жылы Төлеубай Үркімбаев КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады. Сол жылдары республикада бұл одаққа Мұхтар Әуезов бастаған санаулы ғана ақын-жазушылар мүше еді. Сол кездері Төкеңнің қаламгерлігіне тәнті болған облыс басшылары ақынға кейбір саяси науқандарға, атаулы, мерекелі күндерге байланысты арнау өлеңдерге тапсырмалар бере бастайды. 1940 жылы ұлы Абайдың туғанына 95 жыл толуы қарсаңында облыстық «Ленин жолы» газетінің 15 қазандағы 240 санында «Абай сөзі – алтын сөз» деген өлеңі жарияланады.
– Қазақта өтсе бұрын талай ақын,
Атасы сол ақынның Абай ақын.
Кімде-кім ақындарды ауызға алса,
Атайды дәс әуелі Абай атын.
Төкең жазба әдебиетінің өкілі ғана емес, суырып салма ақын, екі саланы да тең ұстаған. Жас кезінде домбыраның құлағында ойнаған. Қолдан қалса да, құлағы мен дауысында мүкіс болса да, өз қатарларынан қалмаған. Шаршы топта айтысуды армандап өткен. Сонда да болса замандастары Төкеңді әрқашанда іздеп, қатарластарынан қалдырмаған. Соның бір айғағы, 1945 жылы ақпанның 2-4 күндері Қызылорда қаласында ақындардың облыстық ІІ слеті өткен. Бұл слетке 50-ге тарта ақын-жазушылар мен жыршылар қатысқан. Ақындар слетіне жасы 80-ге жеткен қарт ақын Тұрымбет Салқынбаев қатысып, өзінің құттықтау өлеңін оқыған. Ақындар слетін облыстық партия комитетінің хатшысы Ә.Аталақов ашқан. Слетте орденді ақын А.Тоқмағамбетов «Ақындар айтысы және олардың алдағы міндеттері» жайлы баяндама жасады.
Айтыстың қорытындысы туралы қазылар алқасының мүшесі ақын Ә.Оңалбаев хабарлама жасаған.
Ақындар айтысын ашу мәртебесіне Төлеубай Үркімбаев ие болған. Төкең «Ақындарға арнау» өлеңімен ашқан.
Ақындарым келіңдер,
Ой мен қырдан жиылып.
Маған кезек беріңдер,
Айтуға өлең бұйырып.
Төбеммен қызмет етемін,
Келіншектей иіліп.
Ұнаса сөзім нақ солай,
Қаларсыңдар сүйініп.
Ұнамаса лаж жоқ,
Қаларсыңдар күйініп.
Ерлерім жүр майданда,
Төрт жыл бойы сабылып.
Төсегіне мұз төсеп,
Қардан көрпе жамылып.
Қарсы ұмтылды айбатпен,
Арыстандай шабынып.
Тұтасып келген қалың қол,
Тұс тұтасынан жарылып.
Тас-талқан боп жайрады,
Жалынды өртке шалынып.
Қырғын тобы қырылды,
Қызыл қанға малынып.
Сыпырылып терісі,
Жерімізден арылып.
Өз жеріне тығылды,
Өрістері тарылып, – деп жеңістің жақындап келе жатқанын шабыттана жырлайды. Төкеңнің өлеңдері «Ақын жырлары» (1958 жыл), «Пернедегі термелер», «Үш ғасыр жырлайды» (1965 жыл) атты «Жазушы» баспасынан шыққан жинақтарға енген. Тұрмыс тауқыметін бір адамдай тартқан ақынның еңбектерін Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасынан іздестіріп жүріп жинап М.Әуезов атындағы әдебиет және қолжазба қорына табыс етуде белгілі әдебиетші ғалым М.Байділдаев көп еңбек сіңірген.
М.Байділдаев 1984-1985 жылдары ақынның 12 баспа табақ көлемдегі өлеңдерін баспаға дайындап өткізген. Түрлі себептермен ақын жинағы жарыққа шықпай қалған. Төкең ел байлығын жасап жатқан еңбек адамдарының ерен еңбектерін, ақын айдынды Аралдан, қазыналы Қаратауға дейінгі аралықтағы құрыш қолды еңбекшілерді өлеңмен жырлаған. Соғыстың аяқталу тұсында облыстық, аудандық газеттер жазба ақындардың айтыстарын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып, оны жариялап тұрған. 1945 жылы Төлеубай Үркімбаев қармақшылық Бисенбай Қасқырбаев пен қазалылық Байназар Өтеповпен газет арқылы айтысты. «Ленин жолы» газетінде үздіксіз жарияланып, газеттің құндылығын арттырып, оқырмандардың қызығушылығын тудырған. Ақынның «Бармысың, Қармақшыда Қасқырбаев», «Қайдасың Қазалының Байназары» деп басталатын айтысы оның бұрқыраған жыр күшінің құдіретін көрсетсе керек. 1945 жылы 44 ақын қатысқан айтыста Төкең бас бәйгені жеңіп алып киіз үй, бір жылқы, пальто тағы да басқа бағалы заттармен марапатталған. Осы айтыстан кейін Төлеубай Үркімбаев облыстың «Төбе ақыны» аталып, Қызылорда, Жамбыл облыстары ақындарының айтысында Сырдың намысын қорғаған. Айтыста Төкең тауды төмендетпей, даланы асқақтатпай екі облысты тең ұстап, халықтың көңілінен шыға білген. Өзінің мағыналы да мазмұнды жырларының арқасында халқының сүйікті ақынына айналған. Төкең «Қазақ ССР-ның құрылғанына 15 жыл төсбелгісімен», 1945 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Төкеңді ұстаз санаған Әбілда Тәжібаев, сатирик-ақын Асқар Тоқмағанбетов, Бөлебай, Тұрсын, Сырбайлардың оған тәнті болғанын бүгінгі жастар біле бермейді.
Халық ақыны Төлеубай Үркімбаев туралы еліміздің көрнекті ақын жазушылары, қоғам, мемлекет қайраткерлері жақсы пікірлер айтқан болатын. Филология ғылымдарының докторы, сыншы, әдебиетші, ғалым профессор Есмағанбет Ысмайлов «Совет халқы ақындары ішінде шоқтығы биік тұлғалардың бірі Төлеубай Үркімбаев» десе, ақын Оңалбай Әбдікәрімов «Төлеубай халық ақыны, желдей ескен, кес-кестеп жүйріктердің алдын кескен» деп баға берген. Әбілда Тәжібаев Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Қазантаевқа жазған хатында: «Жалағаштың суырып салма ақыны Төлеубай Үркімбаевтың артында қалған мұраларын жинауға, атын ұлықтауға ұйытқы болуды және баласына қамқорлық жасауды өтінемін» депті.
1943 жылы Төкеңнің үлкен ұлы туғанда Нартай қасындағы әріптестерімен келіп шілдехана өткізіп, «Төке ендігі өміріңіз қуанышты болсын» деп баласының есімін Қуанышбай деп қойған екен. 2003 жылы ақынның баласы Қуанышбай Төлеубайұлы жерлес жазушы, этнограф-ғалым Тынышбек Дайрабаев құрастырған ақынның «Өлеңмен өрілген шындық» жинақ кітабын «Бастау» ғылыми басылымдар редакциясынан шығарып, оқырманға тарту етті.
Төлеубай Үркімбаев 57 жасында 1955 жылы ақпан айында қайтыс болды. Менің өзім елуінші жылдары ақынмен көрші тұрғандықтан, сабақтан қол босағанда ауырып төсек тартып жатқан ақынның айтуымен өлеңдерін көшіріп, тапсырмасы бойынша баспаға жолдап отырдым.
Биыл ақынның туғанына 120 жыл толып отыр. Төкеңнің еңбектері заман өзгерсе де құндылығы мен мағынасын жойған жоқ. Бүгінде елімізде бүкіл халықтық қолдау тауып, осындай аттары көмескіленіп бара жатқан тұлғаларды қайта еліне қауыштыру біздерді қуантады.

Рысбай КӘРІМОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
08 қазан 2018 ж. 1 048 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области