ҚАЗАНТАЕВ МЕКТЕБІ (ЕСТЕЛІК-ТОЛҒАНЫС)
Дана халқымыз «Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» деген нақылды бекер айтпаған. Өмір-өзенінің асау толқынымен алысып, қайсарлықпен өзінің бағытын айқындаған, адамгершілік соқпағынан табанын тайдырмаған, жиырма екі жыл үзбестен Тереңөзек (бүгінгі Сырдария ауданы) және Жалағаш аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарып, халқының нағыз қайраткер перзенті атанған Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың үстіміздегі жылы туғанына 95 жыл толып отыр.
Осы жайлы айтарымызды қазақтың ақиық ақыны Сырбай Мәуленовтың:
«Сыр елінде болыс көп,
Мықтысы оның Қонысбек», – деп жырлаған өлең жолдарынан бастау алғанды жөн көріп отырмыз. Себеп 1962 жылы ақын Шиелі ауданында ел адамдарымен кездескен кезде Қонысбек Төрешұлы аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болатын.
Енді азды-кем тарих беттерін парақтасақ. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Қызылорда облысында күріш алқаптарын игеру ісі қолға алынды. Ирригациялық және мелиорациялық жұмыстарға қыруар қаржы бөлініп, жүздеген мың гектар жерлер инженерлік жүйеге келтірілді, шаруашылық орталықтары салынып, жаңа инфрақұрылымдар іске қосыла бастады. Облыс экономикасындағы осынау бетбұрысты кезеңде әлеуметтік-мәдени сала да қарқынды дамыды. 1963 жылдың қаңтарында облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына Мұстахим Біләлұлы Ықсанов сайланды. Ол кісі республикадағы білікті де беделді су шаруашылығы мамандарының бірі болатын, оның облысқа келуі жан-жақты ойластырылған іс болуы керек. Өйткені, облыста жүзеге асырыла бастаған түбегейлі шараларға басшылық жасау үшін шаруаның жайын жетік білетін маман, жігерлі де іскер басшы қажет еді. Мұстахим Біләлұлы біршама уақыт өткен соң аудан басшыларын ауыстыра бастады. Сөйтіп, 1963 жылдың күзінде Сырдария өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы болып Қонысбек Қазантаев сайланды. Ол кезде бұл аудан экономикасы нашар дамыған, халықтың әл-ауқат дәрежесі төмен өңірлердің бірі болатын. Жаңа хатшының аудан активімен алғашқы өткізген кеңесінде-ақ оның кадрларға қоятын талабының биіктігі, кез-келген мәселені терең талдай білетіні, ой-өрісі мен ойлау қабілетінің ауқымдылығы, кемшіліктерге төзгісі келмейтіндігі, тапсырмаларының нақтылығы көзге ұрып тұрды. Көп ұзамай-ақ ауданда тәртіп орныға бастады. Келесі, 1964 жылдың өзінде-ақ төл алу науқаны ойдағыдай өтіп, аудан мал басын өсіру, мал өнімдерін өндіруде әжептәуір табыстарға қол жеткізді. Егін шаруашылығында да ілгері басушылық байқалды.
Аудандағы 30-35 мың гектар егістіктің 13-14 мың гектарына күріш егілетін. Ол шілде айында шаруашылықтарды түгел аралап, әрбір күріш звеносындағы егістің шығымын, күтімін өз көзімен көріп шығатын және көрген кемшіліктерді жою жөнінде тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауында ұстайтын.
Ауданда ол басқарған 1965-1975 жылдары шаруашылықтың басқа салалары да дамыды, әсіресе, құрылыс жұмыстары барынша қарқынды жүрді. Шағын аудан болса да бес жылжымалы мехколонна мен басқа да құрылыс ұйымдарында 1000-ға тарта адам еңбек ететін. Аудандағы орта мектептер мен мәдениет сарайлары, т.б. ірілі-ұсақты мәдени-тұрмыстық, өндірістік нысандар сол жылдары салынды. Қай жерге барсаң да қайнап жатқан тіршіліктің үстінен түсетінсің. Осыған орай, Қонекең жылына бір рет облыстағы ірі құрылыс трестерінің, басқармалардың жетекшілерін аудандық партия комитетінің бюро мәжілісіне шақырып, өзіміздегі сол сала басшыларының есептерін тыңдайтын. Ауданға бағынбайтын, облыстық деңгейдегі беделді деген басшылардың өздері бюрода қысылып-қымтырылып отыратын және Қонекеңнің әрбір ұсынысы мен ескертуін тиянақты түрде жазып алып, мүлтіксіз орындауға тырысатын. Бірде Константин Маймин (салынып жатқан кәсіпорындар дирекциясының директоры), Виктор Александрович Гончаров (Риссовхозстрой тресінің басқарушысы) өздеріне қаратып айтылған байсалды сын-ескертпелерді мойындағаны есте қалыпты.
Қонысбек Төрешұлы 1975-1985 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болған кезде де аудан экономикасы мен мәдени-әлеуметтік жағдайы үнемі өсу, өркендеу дәрежесінде болды.
Мәселен, аудан бойынша 1975 жылы 17000 гектар жерге күріш егіліп, әр гектардан 48,3 центнерден өнім жиналса, 1984 жылы күріш егісі 17944 гектарға жеткізіліп, әр гектардан 52,2 центнерден өнім алынып, мемлекетке 845120 центнер күріш тапсырылды. Бұл сол кезең үшін рекордтық көрсеткіш болатын.
Ол еліне адал қызмет етіп артына өшпес із қалдырды. Оны басқалардан дараланатын үш қасиетін айрықша атауға болады. Олар: іскерлік, тазалық және әділдік. Бір адамның, оның ішінде бір басшының басынан осы үшеуінің бірдей табылуы өте сирек. Оның іскерлігінің басты ерекшелігі – кадрларды іріктеу, таңдау, орналастыру және тәрбиелеу талабын өзіне тән ыждағаттылықпен іске асыруында еді.
Жұмысқа орналасуда, өсуде тамыр-таныстық, жақындық, жерлестік емес, ең бірінші оның жұмыс қабілеті ескерілетін. Кадрларға әділ талаптар қою арқылы оларды ширататын. Қонекеңнің жұмыс уақытын пайдалануы таңғаларлық еді. Ол кісінің кеңсе жұмысына келіп кету уақытының дәлдігі соншалық, «оған қарап сағат жүрісін дәлдеуге болады», деуші еді жұртшылық. Түрлі жиындар белгіленген уақытында басталатын, шаруашылықтарға айтқан уақытында келетін. «Жасыратыны жоқ бастықты тәуір жерлермен жүргізіп, жақсы атты болып қалуға тырысатынбыз», – дейтін совхоз директорлары. «Бірақ, шаруашылық аралағанда оның көзінен ештеңені таса қалдыру мүмкін емес еді», – деп еске алатын. Алайда, шаруашылық басшыларының көрмей жүрген немесе көрсеткісі келмеген жерлеріне дейін өзі бастап барып, талай кемшіліктерімізді ашып, ақыл-кеңесі мен тапсырмасын беретіні көп адамдардың есінде шығар.
Қонекеңнің іскерлігіне байланысты мәселелерді айтып тауысу мүмкін емес. Алайда, әрбір істі соның маманындай егжей-тегжейлі білетінін айтпасқа болмайды. Кез келген маманмен сол саланың кәсіби тілімен сөйлесетін. Сондықтан да істі жан-жақты біліп, саралап айтып тұрған оның сөзі үстем, айтқаны өтімді болатын.
Екі аудандағы сонша жылғы қызметі кезінде де, кейін де қолының тазалығына күмән келтіретін бірде-бір сөз айтылған емес.
Шаруашылық басшыларынан еңбектің сапалық көрсеткіштеріне көңіл аударуды, талдау, сараптау жұмыстарын тұрақты жүргізуді талап ететін.
Иә, Қонекең туралы айта беруге де, жаза беруге де болады. Оның өмірі, жарқын істері ешуақытта ұмытылмайды. «Бедел» ұғымы «Басшы» деген ұғыммен бірге жүретіні белгілі. Бедел ақыл-парасат, еңбек, әділдік, адамдарға жақсылық жасау арқылы ұзақ жылдар бойы жинақталып, азаматты ажарландырып тұрады.
Қонекеңнің елімізге сіңірген еңбегі зор. Ол көптеген марапаттарды иеленді. Қазақстан Компартиясы, СОКП сьездерінің делегаты болды. Үш мәрте Ленин орденінің иегері атанды.
Қонысбек Төрешұлы Қазантаев өз заманының толық мағынасындағы нағыз қайраткері болды. Оған ешкімде дау айта алмайды. Ал, қайраткер дегенді қалай түсінуге болады?
Қайраткер деп жалпы ұлттық, мемлекеттік, керек десеңіз, әлемдік деңгейде ойлай алатын, өзіндік көз қарасы бар дара тұлғаны айтады. Ол қызмет орнына, лауазымға тәуелді емес, оны мансабынан алып тастасаңыз да қайраткер болып қала береді. Қайраткер өзінің қарақан басынан халықтың, мемлекеттің мүддесін жоғары қоятындықтан күні үшін ешкімге жалтақтамайды, қай орында, қандай жағдайда жүрсе де әділетті жақтап, шындықты бетке айтады. Қайраткер – халықтың серкесі. Қорыта келгенде айтарымыз: талантты адамдар қашан да ұлттың потенциялдық байлығы. Қайраткерлер аспаннан түспейді, оны да тәрбиелеу керек, оған да қамқорлық жасау керек. Мінекей осы тұрғыдан алып қарағанда Қонекең тағы да өз замандастарынан оқшауланып шыға береді. Ол бойында жылт еткен таланты бар жас ұрпақты көрсе бірден назар аударып, оны өз қамқорлығына алып отыратын. Кейбіреулердей туған-туысқандыққа, рушылдыққа бой ұрмайтын, барлығына бірдей көзқарас жасайтын «Единица болмаса, не болады өңшең нөл» деп данышпан Абай тегін айтпаған. Осы тұрғыда еңбек еткен Қонекеңнің еңбегі зая кеткен жоқ, қайта қайраткер «Қазантаев мектебі» өмірге келді. Оның мектебінен шыққан азаматтардың алды облыс басқаруға дейін көтеріліп, мемлекет және қоғам қайраткері деген атаққа ие болды. Соның ішінде Қонекеңнің ізбасары, мектебінің алғашқы түлектерінің бірі Талдықорған және Қызылорда облыстарын ұзақ жылдар басқарған Сейілбек Шаухаманов мырзаны айрықша айтуға болады. Онымен үзеңгілес келе жатқан Сырдария, Жаңақорған, Жалағаш аудандарын басқарған, биліктің жоғарғы сатысында болған тағы бір шәкірті Сәмит Далдабаев мырза да елі мен халқы үшін абыройлы қызмет атқарды.
«Қазантаев мектебінен» шыққан кадрлар облыс аумағынан асып республикалық дәрежеде қызмет атқарды. Олардың барлығын тізе берудің қажеті бола қоймас. Десе де әйел жолдастарды да тәрбиелеп, ел басқаруға араластыруда қайраткер ағамыздың еңбегі айтарлықтай. Солардың ішінде аудан әкімі болған, Облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін атқарған Алма Бозжанова ханымды жерлестері ерекше мақтаныш тұтады.
Қонекең мектебінен шыққан бір топ қыз-келіншектердің аттарын атасақ оның артықшылығы бола қоймас, оларда өткенге көз жүгіртіп, жастық шақтарын естеріне алып, бір көтеріліп қалсын. Солардың ішінен Дина Айсина, Алма Бақтиярова, Дариха Ақмағанбетова, Төлеген Аштанбаева, Роза Исахметова, Әсия Мәдиева, Мейрамкүл Биманова, Тынымкүл Ақмағанбетова сынды ханымдардың есімін айтқанды жөн көрдік.
Еліміз егемендік алғаннан кейінде «Қазантаев мектебінен» шыққан бір топ кадрлардың аудан әкімі қызметтерін абыроймен атқарғандығын мақтанышпен айтуға болады. Олар – аудан әкімі болған Қожахмет Баймаханов, Жақай Бодықбаев, Нұрлыбек Жолдасбаев, Салхадин Мырзабеков және басқалар.
Ол туған елінің өркендеп өсуін, мәдениетінің көркеюін, өркениетті ел қатарына қосылуын шексіз сүйе білген қайраткер еді.
Осы жерде тағы бір шегініс жасауға тура келеді. Ел қамын ойлаған аса бір ақылды басшы болмаса, көп басшылар қарауын да қызмет атқаратын кадрлардың ішінде өзіне тең келетін адамдардың болуын онша ұната бермейтін. Ондайды ебін та¬уып бір өспейтін жағына ығыстырып жіберетін. Ал, Қонекең болса, ондай кадрларды қайта жетегіне алып, алға жылжытуға үнемі қамқорлық жасап отыратын. Қазантаев мектебінің өмірге келуінің өзі міне осындай ерекшелігінің арқасында еді.
- Бойында жылт еткен таланты бар жас ұрпақты көрсек, соны көзден таса қылмай қорғаштап өсіруіміз керек. Қазақтың мына байтақ даласынан қанша қайраткер шықса да көптік етпейді - дейтін.
Өзінен үлкенге риясыз іні болған, өзінен кішіге риясыз аға болған, алды-артынан бірдей қан туыстығын емес, жан туыстығын іздеген абзал аға осындай жан еді.
Кісінің жолын ашып алға бастайтын құдірет күштің бірі – оның халқына деген шексіз құрметі. Мұндай үлкен пайым, үлкен парасаттан шығады. Ол – осындай үлкен пайым мен үлкен парасаттың адамы еді.
Ол туған халқын, туған халқының өркендеп өсуін, мәдениетінің көркеюін, өркениетті ел қатарына қосылуын шексіз сүйе білген қайраткер еді.
Адам өзі жүріп кеткен сүрлеуінде осындай із қалдырып жатса қандай керемет. Ендеше көңілімізде жүрген ыстық ілтипатымызды айту бізге парыз. Ол өмірінде кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай іс жасады. Оның әрбір сөзінен, аузы дуалы, сөзі уәлі екеніне шек келтіруге болмайтын. Өзім дегенге ақ жүрегін ашатын, турашыл, ақиқатты ғана мұрат тұтатын. Ол кісінің бейнесінен ақылдың ақиығы, пейілдің тұнығы, парасаттың шаттығы көрініп тұратын.
Өткен күннің белгілері, ол қандай болса да қымбат қой, уақыт озған сайын көзіңе ыстық тарта береді. Әсіресе, Қонекең мен қызметтес болған кезеңде тарихта аты өшпейтін талай-талай жақсылар мен жайсаңдарға, даналар мен ақылдыларға, ардақтыларға кездесіп, олармен табақтас болуға, қолдарына су құйып қызмет көрсетуге тура келді. Бұл сәттер біздер үшін үлкен бір бақыт, өшпейтін өнеге, өмірлік мектеп болып қалды.
Адамға жақсылық жасау екінің бірінің қолынан келе қоятын шаруа емес. Жақсылар ғана жан-жағына көлеңкесін салатын алып бәйтерек сияқты. Соның бірі, тіптен бірегейі Қонекең еді. Ал мен болсам, үзеңгілес інісі ретінде ол кісімен бірге қызмет істеп, онымен пікірлес болуға мүмкіндік берген тағдырыма ризамын. Байқағаным, бір қарағанда жүзінен кімде болса именіп, сөзінен кімде болса тайсалатындай, қаншалықты қатал көрінгенмен, қулық, сұмдық дегендей теріс пиғыл мүлдем тұла бойына жат Қонекең айналасына соншалықты мейірбан еді.
Ол өзінің терең мағыналы ой-талғамдарын біреулердің абыройы – беделіне қарамай, жалтақтамай көпшіліктің алдында кесіп тура тіке айтатын. Сосын да адалдық, шындық алдында өзін-өзі аямайтын, ұзақ сөзге сараң Қонекең отырған жерде, небір мықтылардың мысы басылып қалушы еді.
Ия, табиғатынан ірі туған Қонекеңнің біз білетін қыры мен сыры тек бұл ғана емес. Әлі ол жөнінде талай рет жазылар да айтылар.
Қонекеңді білмейтіндер қатты еді деп айтатын көрінеді. Оны талапшыл деген сөйлеммен ауыстырса дұрыс болған болар еді. Өйткені ол ешбір кадрге зәбір берген емес. Істеген орынсыз жұмыстарын аяусыз сынап, артынан ақылын айтып жауапқа тартылатындай қылмысы болса да өзі араша түсіп алып қалатын. Тіптен қызметінен босатылатындай айыбы болса да тәрбиеге көнсе тәрбиелеп көрейікші – деп партиялық жазамен шектелетін. Осы орай да басшының аудандық газет пен аудандық партия комитетінің арасында болған байланысқа газет оқушыларының назарын аударғым келеді. Мәселенің негізіне толық көз жеткізу үшін мұның артықшылығы бола қоймас деймін.
Қонекең аудандық газет жұмысына айрықша мән беретін. Ол кезде «Жалағаш жаршысы» «Жаңадария» деп аталатын да жетісіне үш рет шығатын. Тоқсан сайын газет бетіне шығатын бас мақалалардың тізімі, тақырыбы күн ілгері аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде бекітіліп отырылатын. Сондықтан да газет қызметкерлері аудандық партия комитетімен тығыз байланыста жұмыс істейтін. Себеп партия комитетінің көтерген бастамалары мен қабылдаған шешімдері халыққа аудандық газет арқылы жеткізілетін. Сол кездері жауапты қызметте жүрген жігіттер жастар болғандықтан, шығармашылықпен айналысатындар өздерін еркіндеу сезініп арақ мәселесінен көп зардап шегетін. Бірде аудандық газеттің білдей журналисі үнемі жұмысқа арақ ішіп келуіне байланысты мәселесі бюрода қаралғаны бар-ды. Сонда Қонекең әлгі азаматқа:
- Айналайын, арақты іше-іше жұтқыншағың жұдырықтай болып, өлуге келіпсің ғой. Мұны талқыға салуды осымен шектейік. Қайталайтын болса, қайта қараймыз, - деген-ді. Кейін осы сөзден әлгі азамат қорытынды шығарды. Дуалы ауыздан шыққан сөздің дуалығы осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ-па?! Тағы бірде осы газеттің тағы бір жауапты қызметкерін аудандық партия комитетінің бюросында қарауға тура келді. Әдеттегідей бюроны басқарып отырған Қонекең, бастауыш партия ұйымының қаулысын бюроға қатысушыларға түгелдей оқып берді. Қаулының талабы қатаң, жұмыстан босатып, партиядан шығаруға дейін жаза қолдану керектігі айтылған. Қонекең де қиналып отырған сыңайлы. Өйткені әшейінде бюро мәжілісін үзіліссіз жүргізіп отыратын бірінші хатшы бұл жолы олай жасамады. Талқыға түсіп отырған азаматқа қарап:
- Роман жазатын кезің емес пе, шырағым, ит ішпейтін арақты ішіп, аузыңды былғап не істеп жүргенің бұл, - демесі бар ма тыжырынып. – Бұл жігітке осы да жетер. Енді менің алдыма мұндай мәселемен келуші болма. Талқылау осымен аяқталды. Қатысушылардың барлығы аң-таң. Жігіттің ойында не бар екені қайдам әйтеуір оның:
- Рахмет, Қонеке, сеніміңізді ақтаймын, – деген сөзін бәріміз де есіттік. Осыны айтқан жігіт республикаға белгілі ақын, кезінде аудандық газеттің редакторы болған Мәлік Аяпов болатын. Сол сәтті Мәлік ақын өзінің «Ау парткомның бюросына барғанда» деген толғауында былай деп жырлаған-ды.
«Роман жазатын да кезің еді,
Неге жұрт бала сенен безінеді?
Не мынау ит ішпейтін арақ ішіп,
Түріңнен шаршағаның сезіледі.
Дегені есімде сол бюродағы,
Білмеймін бюро қалай ұйғарады.
Қонекең меніңшені «менше» дейтін,
«Менше жетер осы да жиналады.
Шынын айтсам жақсы ісімнен масқарам көп,
Көбісі үндемеді қоштаған жоқ.
Қонекең қорғап қалды жас ақынды
Бюродан шықтым мүлде басқа адам боп.»
Ол кезде Мәліктің бір топ өлеңдері 1975 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шыққан «Көктем тынысы» атты жас ақындар топтамасына енген, Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген кезі болатын. Қонекең оның осыларын да ескерген болу керек.
Осындай Қонекеңді «қатты» еді деп бір жақты айтушыларға қалай қосылуға болады?
Көп басшылардың арасында ол бәйтеректей биіктей түсетін. Ал енді бүгінгі күні өз заманының бәйтерегі болған Қонекеңнің бейнесі күн өткен сайын биіктеп барады. Алтынның қолда бар да қадірі жоқ демекші, халқымыз айтқан өсиет мақалдың шындығына куә болғандаймыз. Ол өзінің ісімен, ақыл-парасатымен өз кезеңінде елеулі із қалдырды. Ел үшін, туған жері үшін Қонекең кілті аспанда тұрған күрделі мәселелерге қатысты қандай ой-пікір айтса да, анығын айтуға ат салысатын батыл мінезді, әрі кесек ойлы тұлға болатын.
Қонекең өзінің Орталық партия комитетінің, облыстық партия комитетінің пленумдарында сөйлеген сөздерінде, саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық өмір шындығы хақында батыл ой-ұсыныстарымен көзге түсіп, рухани құндылықтарды қастерлеудің мән-мәнісін тереңнен толғап, ой санаға сілкініс тудыра сөйлейтін.
Ағамызды кезінде ұлтымыздың бірі туар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың өзі де аса құрметтеген. Сол кездері ол Қызылорда облысы бойынша Қазақстан Орталық Комитетіне аудандық партия комитеттерінің ішіндегі бірінші хатшыларының арасынан сайланған пленум мүшесі өзі ғана болатын.
Нақты деректерге сүйенсек, 1975 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев Қызылорда облысына келген сапарында сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов екеуі Тереңөзек ауданында болып шаруа жайымен танысқаны баршаға аян. Сол кезде әңгіме арасында:
- Қонысбек осы ауданда неше жыл қызмет істедің? – депті Димаш Ахметұлы.
- Биыл он екі жылға толады, - деген екен.
- Біраз басқарған екенсің-ау, - депті Димаш Ахметұлы елеусіз ғана.
Енді мына бір оқиғаны еске түсірудің реті келіп тұр. 1955 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет біздің республикамыз жоғары халықаралық деңгейде аса мәртебелі қонақтарды қабылдады. Есімі дүние жүзіне белгілі мемлекет қайраткерлерінің бірі, Үндістанның премьер-министрі Джавахарлар Неруді қазақ жері құшақ жая қарсы алған-ды.
Жер жүзінде саны жағынан да, тарихы жөнінен де, ұлы перзенттері санатынан да шоқтығы биік тұратын елдің аяулы азаматтарына құрмет айрықша болатыны өзінен-өзі түсінікті. Төселген гүл-шоқтарында есеп болмады деседі. Көргенде, ел ықыласына риза болған Неру:
- Мейірім шуағы мол пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ, - деген екен Димаш Ахметұлы Қонаевқа. Сол сияқты Қонысбек Төрешұлы да өз кезінің, өз халқының өшпес тарихын жасасқан перзенті болды. Ол халқына, Отанына адал қызмет етті. Халықтың мүддесін ғана ойлады. Туған халқына тек қана жақсылық тіледі. Тынымсыз еңбек етті. Сондықтан да Қонекеңнің жолы ақ та, адал жол еді. Оны халқы ешуақытта ұмытпайды. Өмірден озған күнінен уақыт алыстаған сайын, шындық арқылы шырқау биікке көтерілген Қонекең тұлғасы одан сайын биіктеп барады.
«Жақсының аты өшпейді» деген қанатты сөздің астарында адал ойдың ақиқат шындығы бар. Өмірге жақсының аты ісімен, өнегесімен, адалдығымен, адамгершілігімен өлшенетінін жақсы білетін жан бұған шүбасыз сенеді. Өйткені, халықтан асқан көреген жоқ. Қашан да қандай іске болса да, халық өзінің әділ бағасын береді. Бүгінгі таңда бұл халықтық қасиет өмір шындығының асыл көрінісіне айналып отыр. Мынау соның мыңнан бір мысалы іспетті.
Шыңғыс Айбосынов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.