Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » АУДАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА

АУДАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ білуі тиіс», – деп атап көрсеткен еді.
Ауданның 90 жылдығын салтанатпен атап өту мақсатында жан – жақты дайындық жұмыстары жүруде. Осы ғасырға жуық уақыт ішінде ауданымызды басқаруда талай азаматтар еңбек етті. Олардың әрқайсысының білгені мен қабілетіне қарай қызмет жасағаны анық. Солардың ішінде барлық ауылдарда асарлатып мектеп, клуб салдырып, қаржысыз, жоқтан бар жасаған, оқуы болмаса да, тоқуы бар кеуделі басшы, Социалистік Еңбек Ері Нұрқасым Бердіқұловтың есімін айрықша айтуға болады.
Біз өткенді көбінесе естуден білеміз. Естігенің күмән, көргенің шындық. Сондықтан көзіміз көрген, біз қатарлы азаматтарды елеусіз жүрген жерімізден жауапты жұмысқа алып келген, тәрбиелеген, өз есімін аудан шежіресіне алтын әріппен жазып кеткен абзал аға жайлы айтуды жөн көрдім. Президентіміз атап көрсеткендей аудан тарихында айрықша орны бар, аудан халқына пана да, сая да бола білген қайраткер тұлғаны таныта түсуді мақсат еттім. Сөз арқауы-көрнекті басшы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, бойы да ойы да өз қатарларынан озық болған ардақты азамат Қазантаев Қонысбек Төрешұлы. Ол кісінің биік беделге ие болған абыройлы өмір жолы, жарты ғасырға жуық ел игілігі үшін атқарған қызметі жақсылық пен ізгілікке, кісілік пен кішілікке, іскерлік пен адалдыққа толы тұлғалық ұстанымдары бүгінгі өскелең ұрпаққа өнеге.
Біз Қонекеңді әділдіктің, іскерліктің, адамгершіліктің, еңбекқор¬лықтың, тазалықтың туын жоғары ұстаған, өзіне тапсырылған міндеттерді орындауда аянбай еңбек еткен басшы ретінде білдік, таныдық, үлгі тұттық. Жақсы адамның өзі де, сөзі де, ісі де оны көріп білгендер жадынан өшпек емес. Осындай баға жетпес із қалдырған Конекең ағамыздың асыл бейнесі біздің қатарластарымыздың есінде.
Шиелі ауданы атқару комитетінің төрағалығы қызметінде жігерлі басшы ретінде танылған Қонысбек Төрешұлы 1963 жылдың күзінде экономикасы нашар, шаруасы шатқаяқтаған, халықтың әл-ауқаты төмен, майда ұжымшарлардан (колхоздардан) құралған ауданымызға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Аудан басшылығы бүтіндей жаңарып Е.Көшербаев екінші, К.Исаев үшінші хатшылыққа келді. Осы сәттен бастап ауданда үлкен қозғалыс басталды. Қонекеңнің жоғарғы орындарға мәселе қойып, оң шешілуіне қол жетікізуі арқасында майда ауылдар біріктіріліп, кеңшарлар (совхоздар) дүниеге келе бастады. Аз уақыт ішінде бір ғана Қараөзек кеңшары бар ауданымызда Тереңөзек (Шаған ауылы), Қазақстанның 50 жылдығы (Н.Ильясов ауылы), Ильич (Ақжарма ауылы), Партияның XVIII съезі (А. Тоқмағанбетов ауылы), Партияның XXI съезі (Мәлібаев, Қалжан ахун ауылдары), Шіркейілі, Іңкәрдария, Сейфуллин кеңшарлары құрылды. Осылайша жаңашыл басшы қажырлы еңбек, табанды ізденіс арқылы басқару мен ұйымдастыру қызметтерін жаңаша жүргі¬зуге қол жеткізді.
Қ. Қазантаев басқарған он бір жылдан астам уақытта ауданда қыруар жұмыстар атқарылды. Күріштің көлемі де, әр гектар өнімділігі де еселеп өсті. Облыста алғашқы болып Отанға жүз мың центнер күріш беретін, күріш фабрикалары атанған шаруашылықтар біздің ауданнан шықты. Жүздеген еңбеккерлер мемлекеттік наградаларға ие болды. Халықтың тұрмыс жағдайы күрт жақсарып, жекелеген еңбеккерлердің бірнеше мың сом қосымша ақыға қол жеткізуі, адамдардың сырты да, іші де сәнді үйлерде тұруы, жеңіл көліктерге мінуі дәл осы кезеңде басталды.
Ауданымыздың аумағында Қонекеңнің бармаған, табаны тимеген жер жоқ деуге болады. Күріш алқаптарын инженерлік жүйеге келтірудің қолдаушысы да, қорғаушысы да өзі болып, оның басы - қасында жүрді. Егіс егу, күту, жинау, мал қыстату, төлдету т.б. ауыл шаруашылығының таусылмайтын шаруа¬лары¬ның барлығына үлгіретін.
Ол кісі өндіріс жетекшілеріне, қатар¬дағы еңбеккерлерге ерекше көңіл бөліп, пікірлесуші еді және олардың өзіне, өзінің оларға айтқан ұсыныс - ескертпелерін ешқашан ұмытпайтын. Апта, айлардан кейінгі келесі кездесуінде одан сонда айтылғандардың нәтижесін сұрайтын, оған өз тарапынан орындалғандарын айтатын.
Сол кездегі қоғамның социалистік жарыс деген қозғаушы күші, қазіргі тілмен айтсақ жеке еңбеккерлер мен ұжымдар арасында ұйымдастырылған еңбек бәсекесі болды. Жарыс шартында белгіленген мерзім бойынша шығарылған қорытындымен азаматтар сый құрметке ие болып марапатталатын. Әрбір бесжылдық көрсеткіштерімен өндіріс озаттары Қонекеңнің жеке өзінің қатаң бақылауымен мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтарға ұсынылып, аудан өзінің лайықты үлесін алатын. Бүгінгі күні ортамызда жүрген Ленин орденді Ширек Сқақов, Аманкелді Нұртаев, Құдайберген Әзбергенов, Рысты Өкшебаева, Республикаға еңбегі сіңген ауылшаруашылығы қызметкерлері Ширек Сқақов, Құрман Сқақов, Сәуле Өмірзақова, Жоғарғы кеңес депутаттары Райкүл Жалғасбаева, Бексұлу Синаевалар Қазантаев уақытының жемістері.
Қ.Қазантаев басқарған уақытта ауданымыз тұтасымен құрылыс алаңына айналды. Ауданда 6 жылжымалы мехколонна (ПМК), екі құрылыс мекемесі (РСУ) аудан орталығы мен ауылдардағы тұрғын үйлерді, типтік жобадағы мәдениет үйлерін, мектептерді, бала – бақшаларды, сауда орталықтарын, өндірістік нысандарды т.б мәдени-тұрмыстық, әлеуметтік мәні бар ғимараттарды салып, бірнеше мыңдаған гектар жерді инженерлік жүйеге келтіріп, халық игілігіне берді.
Қонекең кадрларды іріктеу мен тәрбиелеуге айрықша мән беретін. Олардың іскерлігіне, орындаушылық қабілетіне, жеке басының тәртібі мен тазалығына қатты қарады. Кадрларға деген қамқорлығы өте жоғары деңгейде болды. Оларға үй бірінші кезекте беріліп, алансыз жұмыс істеуге жағдай жасалынатын. Тәрбиелеген кадрларын сыртқа жібере бермей ауданда пайдаланатын. Сондықтан да сырттан қызметке келушілер бола бермейтін. Қазантаев мектебінен өткендер, Қонекеңнің шекпенінен шыққандар ол кісінің үмітін ақтады, аудан, облыс, республика деңгейіндегі қызметтерде абыроймен жұмыс атқарды.
«Малым жанымның, жаным арымның садақасы» дегенді өмірлік ұстаным еткен Қонысбек Төрешұлының қолының да, жанының да, арының да тазалығы ел аузында аңыз болып жүр. Сонша жылғы басшылық қызметтен зейнет демалысына шыққанда екінің бірінде бар жеке үйінің, жеңіл көлігінің болмауы, көз көргендер айтып кеткен, айтып жүрген адалдығы мен тазалығының бір ғана дәлелі болса керек.
Қонекеңнің еліне, халқына жасаған еңбегі жоғары бағаланып үш мәрте «Ленин», «Қазан Революциясы, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен наградталды.Ол кісі бұдан да жоғары мемлекеттік атаққа лайықты еді, бірақ ең үлкен марапат оның ел есінде сақталған жақсы аты деп білеміз.
Қонекең көрші ауданға ауысып кетсе де ауданымыз сол кісі салып берген екпінмен жұмыс жасап, көтерілген деңгейінен түскен жоқ. Бұл жерде одан кейінгі келген басшының Қонекеңнің кадрларын өзгертпей, өз орындарында пайдалануы өте дұрыс шешім болғанын айтуға тиістіміз.
Қоғам өзгерді. Заман өзгерді. Заң өзгерді. Соған сәйкес жұмыс жасай алған ауданымыз барлық салада үлкен де үздік жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Соңғы бес жыл қатарынан облыс¬та үздік ауданбыз. Халық мүддесіне сай жұмыс атқаруымен, жаңашылдығымен, іскерлігімен, талапшылдығымен ерекшеленген басшылық жұртшылық ризашылығына ие болуда. Осы игілікті істердің басында тағы да сол фамилия тұр. Мұқағали Мақатаев «Ұрпағың бар ел менен ер намысын, Тірі тұрса қолынан бермейтұғын» – десе дана халқымыз «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» – деген.
«Тарихты тұлғалар жасайды» – ауданымыздың 90 жылдық тарихында ұмытылмас іс, өшпес із қалдырған, көрнекті де тұғырлы тұлға Қазантаев Қонысбек Төрешұлы екені ешкім жоққа шығара алмайтыны шындық. Уақыт алыстатқан сайын биыл 95 жасқа толатын Қонекеңнің тау тұлғасы одан сайын биіктей бермек.

Хайрулла Әбенұлы,
Сырдария ауданы

28 маусым 2018 ж. 749 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области