«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: ҚАМШЫБЕК ҚОҢҚАБАЕВ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына назар аударуды ұсынды. Елбасының айтуынша, бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Аталған жоба жарияланғаннан бері бірнеше азаматтың еңбегі еленіп, ел дамуына қосқан үлесі халық алдына шықты. Биыл екінші кезеңі басталған жобаға Қызылорда облысынан ұсынылған үміткерлердің қатарында спортшы Қамшыбек Қоңқабаев бар.
Қамшыбек 1991 жылы 18-қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1998-2009 жылдары аралығында №197 қазақ орта мектепті бітірді. 2010-2011 жылдары Алматыда ҚР Қорғаныс министрлігі әскерінің орталық спорттық клубында әскери борышын өтеді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Құқықтану» және «Дене шынықтыру және спорт» мамандықтары бойынша білім алған.
Бала кезінен спортқа қызығушылығы ерекше Қамшыбекті боксқа ағасы Асқар Қоңқабаев жетелеп алып барған. Содан бері тынбай еңбектенген спортшы бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, көптеген республикалық турнирлердің жеңімпазы, Қарулы күштер арасында Әлем чемпионы, ҚР IV жазғы спартакиадасының жеңімпазы, Оңтүстік Кореяда өткен қарулы күштер арасындағы Бүкіләлемдік спорт ойындарында екінші сатыдан көрінген және Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатының, сол сияқты Германияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген.
Қазіргі таңда Қамшыбек Қоңқабаев Қызылорда облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығып жатыр. Бапкері ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Ғалым Байғұндиев.