Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » "100 ЖАҢА ЕСІМ": ТҰРСЫНБЕК ЖҰПАРБАЕВ

"100 ЖАҢА ЕСІМ": ТҰРСЫНБЕК ЖҰПАРБАЕВ


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында туындаған «100 жаңа есім» жобасына Тұрсынбек Жұпарбаев лайықты деп танылды. 20 жылдан астам шәкірт тәрбиелеп, бала бойына білім нәрін құйып, асыл қасиеттерді дарытып келе жатқан оны өз саласының үздігі деуге болады. Оқушылардың білім бәсекесіндегі біліктілігін арттырып, табысқа жету жолында табанды еңбектеніп келе жатқан Тұрсынбек ұстазды аудандық «Рухани жаңғыру» орталығы офистік кеңсесінің сарапшылар кеңесі өскелең ұрпаққа үлгі болатындай ұстаз деп танып, «100 жаңа есім» жобасына ұсынды.
Жалпы, жобаның мақсаты – Тәуелсіздік жылдарында өз саласында табысқа жеткен, елдің көркеюіне үлес қосқан, ұлттың алтын қорына енуге лайықты тұлғаларды дәріптеп, келер ұрпаққа насихаттауды көздейді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихына мән беріп, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыруға шақырған болатын. Міне, соның айғағы осы «100 жаңа есім» жобасы. Шыны керек, мұндай тұлғалар Жаңақорған топырағында аз емес. Ал, ұстаздық салада жүрген әрбір пән мұғалімі осы дәрежеге қашанда лайық. Десе де, толағай табыстарымен, ғылыми зерттеулерімен зерделеніп, білім саласының биігінде жүрген Тұрсынбек Нақыпбекұлының аудандағы білім саласына қосқан еңбегі өлшеусіз. Енді білікті ұстаздың еңбек жолына қысқаша тоқтала кетейік.
Ол №52 Б.Аралбаев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін 1995 жылы Қызылорда Мемлекеттік Университетінің биология-география мамандығын тәмамдап шығады. Екі жылдан кейін өзі түлеп ұшқан білім ошағына ұстаз болып оралады. Еңбек жолын қара шаңырақта биология пәнінің мұғалімі болып бастаған педагог қанша шәкіртті тәрбиелеп, қиялына қанат бітірді. Жоғары санатты мұғалім 2009 жылдан бастап мектеп директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Иә, қашанда ізденіс үстінде жүретін Тұрсынбек ағайдың шыққан биігі бір төбе.
Мәселен, аудандық, облыстық шығармашыл топтың белсенді мүшесі елдің барлық өңірлерінде өткен республикалық конференциялар, семинар тренингке қатысып, іс-тәжірибелерін таратып үлгерді. 2011 жылы Оңтүстік Кореяға барып білімін жетілдіріп келді. Осы мақсатта елдің түкпір-түкпірінде болып, ізденісін арттыра түсті. Облыс көлемінде «Ең үздік мұғалім-2008», «Үздік мұғалім-2013» номинациясын иеленіп, қаржылай грантты жеңіп алады. 2013 жылы Республикалық «Шығармашыл педагог» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленеді. Осы жылы облыстық шығармашыл мұғалімдер конференциясында облыстың «Біз таңдаған жұлдыз» медалімен және «Педагогтардың облыстық тәжірибе алаңы», «Сыни тұрғысынан ойлау», «Білім көшбасшысы» төсбелгісімен марапатталды. Әр жылда толағай жетістіктерімен қуантып жүрген ұстаз 2004 жылдан бері облыстық байқауларда озық атанып келеді.
Биыл облытық білім басқармасы мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының комитеті ұйымдастыруымен өткен ұстаздар арасында жыл қорытындысы бойынша Тұрсынбек Жұпарбаев «Дарынға даналық дарытқан» номинациясының жеңіп алады. Алматы қаласынан «Шығармашыл педагог» номинациясы және «Жаңа үлгідегі үздік биология сабағы-2017» байқауының аудандық кезеңінде биология пәнінен үздік шығады. Сондай-ақ, ұстаз республикалық және облыстық конференцияға қатысып, тәжірибесін толықтырып келеді. Оның еңбектері республикалық газет, журнал беттерінде жарияланып тұрса, ғылыми зерттеулері кітаптарға еніп үлгерді.
Ұстаз еңбегі қашан да құрметті. Өз еңбегінің жемісін шәкірт бойынан көріп қуану тек ұстазға ғана лайық. Бойында қабілеті бар жастардың биология пәніне деген қызығушылығын арттырып, олардың өз мақсаттарына жетулеріне бағыт-бағдар сілтеуді парызым деп есептейтін ұлағатты ұстаздың қаншама оқушысы үлкен жетістіктерге жетіп үлгерді. «Алтын белгі» шығарудан бөлек, талай шәкірттері республикалық, облыстық ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орыннан көрініп жүр. Республикалық сында Гүлзинат Жақыпбек «Ең үздік ғылыми жұмыс» номинациясын жеңіп алса, Бекахмет Жансұлу «Бөленген ақ күрішке сұлу Сырды» тақырыбында облыстық ғылыми жобалар конкурсында жүлделі орыннан көрінді. Бұдан да басқа жетістікке жетіп жүрген шәкірттер өте көп.
Қорыта айтқанда, Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби тұрғыда дайындауды тапсырды. Саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған Тұрсынбек ұстаз осы мүдде жолында шәкірт тәрбиелеп, болашағына бағдар беріп келеді.
15 қазан 2018 ж. 862 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области