«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: БОТАГӨЗ ПАРИДИНОВА
Еліміздегі «100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихына мән беріп, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыруға шақырды.
Осы орайда Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі Қызылорда облысынан жобаға үміткер тұлғаларды халыққа таныстыруды жалғастырады.
Ботагөз Паридинова Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алған. Магистрлік диссертациясын қорғау барысында 20-ға жуық ғылыми-әдістемелік мақалаларын мемлекеттік комиссияға көрсете білді.
Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің докторанты. Оның бүгінгі таңда жазып жатқан «Болашақ мұғалімдердің рухани дүниетанымын тұлғалық-бағдарлы оқыту арқылы дамыту» тақырыбындағы докторлық диссертациясы өзекті болып табылады. Университет және колледжде қызмет атқарған жылдары мол жетістіктерге жетті. Ол студенттік жылдан бастап зерттей бастаған Ахмед Йүгінекидің философиялық көзқарастарына байланысты ғылыми жұмыстары магистратурада жалғасты. Нәтижесінде «Болашақ» университеті Ғылыми Кеңесінің шешімімен 2014 жылы «Ахмед Йүгінеки дүниетанымы» атты монографиясы жарық көрді.
Б.Паридинованың ғылыми-зерттеу жұмыстарының ауқымы өте кең. Философия ғылымдарына тән көптеген мәселелерді дөңгелек үстелдердерде, конференцияларда, ғылыми журналдарда қозғайды. «Болашақ» университеті Ғылыми-зерттеу институтының әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығының қызметкері ретінде әріптестерімен бірлесе отырып бірнеше ғылыми жобалардың жүзеге асуына ат салысты.
Соңғы жылдары студент жастардың әлеуметтену мәселесі де оның басты назарында. «Оқытудың жаңа технологиялары» оқу-әдістемелік жинағы, «Қазіргі замандағы әлеуметтік-саяси көзқарастар», «ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім», «Қоғамдық, гуманитарлық, жарытылыстану және техникалық ғылымдардың өзекті мәселелері» атты ғылыми мақалалар жинағының жауапты хатшысы. Ол Чехияда 2014 жылдан бастап университетпен бірлесе өткізілетін «Қазіргі әлемдегі жарнама: тарихы, теориясы және тәжірибесі», «Адам мен қоғамның қауіпсіздігі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың мәселесі ретінде» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларының тұрақты мүшесі. Жас ғалым ғылымға араласқан 2009 жылдан бастап барлығы 126 ғылыми еңбегі жарық көрді: оның ішінде бірлескен екі монография бар. ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті Тізіміндегі журналдарда 20-дан астам мақаласы жарық көрді. 2013 жылдан бастап «Скопус» базасына тіркелген бірнеше ғылыми журналдарға мақалалары жарияланды. Бүгінгі таңда 7 мақаласы базада тіркеуде тұр.
Жас ғалымның зерттеу жұмыстары алдағы уақытта оқу үдерісіне кеңінен қолданылатындығына сенімдіміз. Себебі, қазіргі таңда оның зерттеулері «Философия» пәні үшін сұранысқа иеленіп отыр.