Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТҰЛҒАЛАРДЫ ТҮЛЕТКЕН ӨҢІР

ТҰЛҒАЛАРДЫ ТҮЛЕТКЕН ӨҢІР


Атағы алты Алашқа танылған қасиетті Қармақшы – шайырлар шыққан өнері өріс алған мекен ғана емес, тектіліктің тамыры тереңге кетіп, перзенттері әрісі кәрі құрлық, берісі Елордаға табан тіреген абат мекен. Досқа адал, қасқа қату қабақ танытатын қас батырлардың мекені жауына да құрмет көрсеткен деседі. Қармақшы топырағындағы Тықы батыр кесенесін былайғы жұрт жақсы біледі. Төскейде малы, төсекте басы қосылған қарақалпақтың батыры ел шетіне ауық-ауық шауып, жұрттың мазасын алатын көрінеді. Кейін Жанқожа батыр қол бастап барып, жекпе-жекте Тықының басын алғанда, қарақалпақтың қалың қолы батырдың мүрдесін тастап, бытырап қашыпты. Батырынан безінген елдің бұ тірлігіне кейіген бабаларымыз жау болса да, батырға лайық құрмет көрсетіп, кейін кесене де салдырады. Міне, Тықы батыр кесенесі содан бері де тарихтан қалған бір белгі. Досы түгіл дұшпанға да құрметін аямаған ағеден елдің ту көтерген текті ұлдары елін өрге сүйреген арда туған азаматтығын қашаннан қалыптасқан қағидаға айналдырды.
Иә, сарқырап аққан Сырдария үнсіз ғана өз ағынымен ағып барады. Ел басына туған талай күнді, қанқұйлы соғыс пен қуаныштың көз жасы, бәрі-бәрін де ішіне бүккен күйі үнсіз. Табылдының сөзімен айтсақ, осы қырда төбешіктей аналар дүниеге таудай ұлдар әкелді. Ертеректегі Күлтегін жазбаларында да алыптың анадан туатынын айтып кеткен. «Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі, Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді» деген жазуды да оқып едік қой. Қалқан ұстап жауға шапқан Ер Текейдей ұлы бар елді ұлы емес деп кім айтты?! Текей батыр Әз Тәукенің бас қолбасшысы болған. Тарих беттерін парақтап, сарғайған беттерден өткен күннің талай таңбасын көретін бүгінгі ұрпақ бұл мәліметтен де хабардар. Өткенін ұлықтап, батырына құрмет көрсетіп, мерейтойларында ат шаптырып думандаттық емес пе?! Қайсыбір жылы Текей батырдың 350 жылдығын дүркіретіп тойлағанымыз да есте болар. Батырдың ерлігін насихаттап, кейінгі ұрпаққа қалдыруда осы елдің перзенті Мырқы Исаевтың да еңбегі ерен. Көз майын тауысып, зерттеулерін мақалаға айналдырып, Текей батырды текті елдің ту ұстар ұлдарына насихаттады. Рухани мұраны баба жұрттан келешек ұрпаққа мирас етті.
– Қармақшы – қасиетті өңір. Ұлылар шыққан жер. Бізді білім нәрімен сусындатып, осы жетістіктерге жетуімізге септескен қасиетті мекен. Тұғыры биік тұлғаларды түлеткен жер. Басқа аудандар артта қалып, біздің Қармақшы алға шыққан деп айтудан аулақпын. Олай десем, мақтаншақтық болар, бірақ біздің ауданның өзгеше екенін жұрт біледі. Өнердің ордасы, – деді жылы лебізімен бөліскен туған жердің перзенті, ҚР Мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов.
Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Жиенбай, Тұрымбет, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет, Молдахмет Дабылұлының әрісінде қасиет тұнған Қорқыт баба мен Қармақшы ата аудан атын асқақтатып, абыройын биіктетіп тұр. Облыс аумағында атағы жер жаратын Айғожа Ишан, Құлболды Ишан, Марал Ишан болса, сол үштіктің ішіндегі мәртебелі Марал Ишанның осы өңірде жамбасы жерге тиген. Қазақстанның тұңғыш прокуроры Сүлеймен Есқараевтың да кіндік қаны тамған жер. Атақты Сыр сүлейлерінің көшін бастап, тыңдарман құлақтың құрышын қандырып жүрген бүгінгілердің қатарында Бидас Рүстембеков, Алмас Алматов, Арнұр Көшеней, Серік Жақсығұлов сынды өнер иелері бар. Елде ерен еңбектің жарқын үлгісіне айналған Еңбек Ері, Батыр Ана Сәлима Жұмабекованың ізін басып, маңдайы күнге күйіп, еңбектің нанын жеп жүрген тұлғалар жетерлік.
Тың түлетіп, қала салып түздерге,
Барымызды берсек екен ізгі елге, – деп жырлаған поэзия шайыры Шәкизада Әбдікәрімов те қасиетті топырақта туып-өсіп, Қорқыт бабаның әруағы қолдап, биіктен көрінген тұғырлы ел перзенттерінің бірі.
Тарих беттерінде таңбаланып, әр салада өз іздерін қалдырған КСРО батыры Тәйімбет Көмекбаев, Еңбек Ерлері Цай Ден Хак, Пак Чен Ир, Қасымтай Ізтілеуов, Әділбек Хайруллаев, еңбек майталмандары Ерназар Сексенбаев, Қаратай Қуаңбаев, Әбжәми Құрманбаев, Қасым Жүсіпов, Жанділда Бердімұратов, Әзілхан Аманов, тағы басқалар аудан тарихында елеулі еңбек етіп, абыройлы қызмет атқарған.
Құнарлы топырақ тұлғаларды тәрбиелеп түлетудің құтханасына айналды. Бұл күнде Қармақшыдан ұшқан сары ауыз балапандар қанатын көкте қаққан қыранға айналып, туған жерге тағзым жасап жүр. Берекелі бесіктің бүгінге дейінгі тоқсан жылда еңбек еткен тұлғаларын түгендеп шығу мүмкін емес. Өйткені, қасиетті жердің әрбір перзенті өз алдына бір төбе.

«Қармақшы таңы»
17 қазан 2018 ж. 682 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области