РУХЫМЫЗДЫ АСҚАҚТАТУ – БҮГІНГІ ҰРПАҚТЫҢ ПАРЫЗЫ
Ата-бабаларымыздан қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту шын мәнінде елдігімізге үлкен сын. Сол сыннан сүрінбей өту, бабалар үрдісіне адалдық таныту, рухымызды асқақтату – бүгінгі ұрпақтың парызы, азаматтық борышы.
Тарихи деректерге сүйенсек, біз көп нәрседен ұтылғанбыз. Өткен ғасырдың өзінде-ақ, бабалардан қалған асыл мұра, баға жетпес байлығымыз – тілімізден айрылып қала жаздадық. Тіл – ұлттың болмысы. Тілің жоқ болса, қалайша ұлтпын деп айта аласың. Біз, тек, тіл арқылы ғана өзіміздің қазақ деген ұлт екенімізді, мемлекет екенімізді өзгелерге таныта аламыз. Ертеде латын әрпін қолданғанымыз белгілі. Елбасы Н.Назарбаев сол тарихты жаңғыртып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Бұл – тіл білімінің ғалымдарына, мемлекеттік қызметкерлерге, жалпы қоғамға жүктелген міндет. Латын әліпбиінің заман үрдісіне сай бірыңғай стандарты керек. Қазірдің өзінде нақтылы графикасын қабылдауға батыл қадам жасалды. Бұл ретте ұзынсонарлыққа салуға болмайтынын Елбасы қадап айтты. Сөйтіп, 2025 жылдан бастап күнделікті өміріміздегі, қызметіміздегі іскерлік құжатнамалар, жыл сайын шығатын оқулық, мерзімді баспасөз құралдары, газет - журналдар бірыңғай латын қарпінде шығып, қалың қазақ елінің жүрегіне жетуге тиіс. Мұны уақыттың қажеттілігі деп ұққанымыз жөн. Коммуникативтік, ақпараттық технологиялар айтарлықтай дамып кетті. Біздің еліміз де осы тұрғыда латын әрпіне көшсе, әлемдік озық технологияны меңгеруге мүмкіндік алады.
Латын әліпбиі ұлттық тіліміздің халықаралық дәрежеде танылып, өркендеуіне бірден-бір себеп. Жедел дамыған интернет жүйесі латын әліпбиі арқылы әлемді мойындатып, халықаралық тұрақты ақпарат кеңістігінің нағыз кілті болып отыр. Осы дәрежеге жете алсақ, неге қуанбасқа? Өркениет қатарына ілесу осы ұлы бастамалар арқылы жүзеге асырылады. Тағы бір айтарлығы – латын әліпбиі арқылы жер бетіндегі туысқан түркі халықтарымен ортақ түсіністікке қол жеткізіп, ұғыныса аламыз. Латын әліпбиіне көшу арқылы елдегі заманауи технологиялық салалардың даму қарқыны артып, күллі түркі жұртымен байланысымыз нығая түспек. Сондай-ақ, әлемдік жаңа цифрлы технологиялар үдерісіндегі еңбек жеңілдей түспек. Қазірдің өзінде латын қарпін қолданысқа енгізу бағытында қыруар шаруа атқарылып, латын қарпінің қазақ тіліне ыңғайластырылған соңғы нұсқасы қабылданды. Енді елдегі түрлі дәрежедегі басылымдар да тақырыптарды, айдарларды латын қарпімен жазуға бет бұрды. Бұл бастаманы ең алдымен «Egemen Qazaqstan» деп атын өзгерткен республиканың бірінші үнпарағы қолға алды. Одан кейін «Aiqyn», «Jas Qazaq» газеттері қолдап, республика көлемінде эстафета секілді жалғасын тапты.
Латын әліпбиіне көшу кезең кезеңімен жүзеге асырылады. Қазір қолданып жүрген басы артық әріптерден арылып, орфографиялық заңдылығымызды реттейтін боламыз. Біздің тілдік табиғатымыз көп теперіш көрді. Ендігі арада ата-баба өсиетіне адал болып, мұрамызды көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Дегенмен де, күмән көп, осы уақытқа дейін кирилица әліпбиімен жазылып келген құнды дүниелерімізден айырылып қаламыз деген пікірлер айтылуда. Кирилицамен жазылған алтынға бергісіз мұраларымызды, жазба жәдігерлерімізді латын әліпбиіне көшіруде ешқандай тосқауыл болмауға тиіс.