ЛАТЫН ӘЛІПБИІ БІЗДІ ЖЕТІСТІКТЕРГЕ БАСТАЙДЫ
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында 2025 жылға дейін қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруді маңызды міндет етіп қойды. Бұл – Елбасының маңызды бастамаларының бірегейі және тіліміздің болашағы үшін жасалған маңызды шара.
Латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін мәні бар тарихи оқиға. Елбасы айтқандай, халқымыз сан мың жылдық тарихында ешқандай сыртқы ықпалсыз, өз еркімен, жалпыхалықтық талқылаумен, тұңғыш рет әліпбиін ауыстырғалы отыр. Оны жүзеге асыру – біз үшін мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін түсінеміз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Әр ұлтқа төрт нәрсе керек. Олар: тіл, діл, дін және жазу. Осылары болса ғана әр халық – өзінше халық. Егер бұлардан айырылса, ол ел, халық болудан қалады», - деген еді. Бұдан біз ұлттың ұлт болуы үшін жазудың да үлкен рөл атқаратынын аңғарамыз.
Латын әліпбиіне көшу мәселесіне орай филолог ғалымдардан, зиялы қауым өкілдерінен, тіл жанашырларынан құрылған республикалық жұмысшы топ ауқымды жұмыстар жүргізуде. Сыр өңірінің ғалымдары мен тіл жанашырлары да бұл бағытта жұмыс жасап, ұсыныс-пікірлерін білдіруде.
Қазақ әліпбиінің жаңа графикасын жасауға Қызылорда облысының ғалымдары мен зиялы қауымы атынан ұсыныс беру мақсатында жұмысшы топ құрылып, оның құрамына облысымызға танымал филолог ғалымдар – Ж.Сәдуақасұлы, Б.Кәрібозұлы, Қ.Құдайбергенов, Ғ.Тұяқбаев, А.Абасилов, тағы басқа ғалымдар, тіл мамандары мен ІТ-мамандар енгізілді. Латын әліпбиі бізге зор мүмкіндіктер сыйлап, жетістіктерге бастайды.
Нақты кезеңде Ұлттық комиссия жанынан орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және сараптамалық-техникалық бағытта жұмыс топтары құрылып, белсенді жұмыс жасап жатыр. Жұмысшы топтың мүшелерін Тіл білімі институтының ғалымдары құрайды. Еліміздегі барлық өңірдің, зиялы қауым өкілдерінің, ғалымдардың пікірлері жұмысшы топта қаралып, талқылануда.
Жалпы, латын әліпбиі бізге зор мүмкіндіктер сыйлап, жетістіктерге бастайды. Өйткені, қазіргі ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологияның тілі – осы латын тілі!