ЛАТЫН ГРАФИКАСЫ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ БАСПАЛДАҒЫ
Ұлттық кодтың тірегі болып табылатын тіл тақырыбы қашан да күн тәртібінен түскен емес. Елбасы көтерген рухани жаңғыру һәм генетикалық жад мәселесінің түпқазығы да осы тіл тақырыбынан бастау алады.
Осыдан жеті жыл бұрын биік мінберден айтылған латын қарпіне көшу сол кезде арман болса, бұл күнде шындыққа айналды. Уақыттан өткен сыншы, сарапшы, данышпан жоқ екені тағы бір дәлелденді.
Ұлы бабамыз Әл-Фарабидің «Дүниені өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер» деген даналық сөзінің маңызы зор. Рухани жаңғырудың бастауы – ұлттық сана, тірегі – ұлттық тіл, арқауы білім болса, баспалдағы – жаңа ұлттық әліпби. Ендеше латын графикасына көшу – өркениетті шешім.
Елбасы назарына қоғамдық талқылаулардан өтіп, қайнауы піскен, барлық ұсыныстар ескеріле отырып әзірленген ұлттық әліпби ұсынылды. Латын қарпіне негізделген қазақ тілінің бірыңғай стандарт жобасы – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген негізгі бағдардың басты бағыттарының бірі.
Тарихи мәні, саяси маңызы бар бұл мәйекті мәселені Нұрсұлтан Әбішұлы назардан тыс қалдырған емес. Мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездескен Елбасы халықтың қызу қолдауына ризашылығын білдірді: «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды».
Сондай-ақ, еліміздің болашағы жастардың бұл істен сырт қалмай белсенді түрде қолдап, патриоттықпен атсалысқандарына ризашылық сезімін білдірді. Әлемдік тәжірибелер ескеріле отырып жасалған жаңа әліпби негізінде қазіргі қолданыстағы әліпбиді латын қарпіне көшіруге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу – ең өзекті мәселе.
Латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін мәні бар тарихи оқиға. Елбасы айтқандай, халқымыз сан мың жылдық тарихында ешқандай сыртқы ықпалсыз, өз еркімен, жалпыхалықтық талқылаумен, тұңғыш рет әліпбиін ауыстырып отыр. Оны жүзеге асыру – біз үшін мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін түсінеміз.
Өйткені, латын графикасына өту – тарихи қажеттілік.
Б.ПАЗЫЛОВ,
Қызылорда қалалық сотының судьясы