«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: АЛМА МУСАФИРОВА

"Рухани Жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында өмірге келген "100 жаңа есім" жобасы тәуелсіздік жылдарында ерен еңбектері арқылы үлкен жетістіктерге қол жеткізген азаматтарымыздың тағдырына арналады. Бұл тағдырлар біз білмейтін тартысты сәттер мен қуанышты жеңістерге, адамның көз жасы мен мерей жасына толы ерекше өмір парақтары. Оған біздің бүгінгі кейіпкеріміздің қызмет жолы дәлел бола алады. Алма Мусафирова – Қызылорда облыстық балалар ауруханасының жүйке аурулар бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты невропатолог, жоғары санатты педиатр- дәрігер.
Ол Алматы мемлекеттік медициналық институтының педиатрия факультетін бітірген. Институтты бітірісімен Қызылорда қалалық біріккен балалар ауруханасында бір жылдық интернатурадан өтті. Әр жылдары жедел жәрдем бригадасының педиатр-дәрігері, қалалық балалар ауруханасының реанимация бөлімшесіне дәрігері болды. 1990 жылы ҚКСР денсаулық сақтау министрлігінің педиатрия ғылыми-зерттеу институтының негізінде клиникалық ординатураны бітіріп, қалалық біріккен балалар ауруханасына неонатолог-дәрігер болып орналасқан. 2002 жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінге дейін облыстық балалар ауруханасының жүйке аурулар бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқаруда.
Алма Бекентайқызы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, облыстық медициналық орталығының балалар хирургиясы бөлімшесінде, аудандық ауруханаларда науқастарға кеңес беру жұмыстарын жасайды. Аурухананың реанимация бөлімшесінің науқастарын қарап, кеңес береді, дәрігерлік консилиумдарға қатысады.
Антына берік дәрігер өзінің кәсіби біліктілігінің және мол тәжірибесінің арқасында әріптестер арасында үлкен құрметке ие болып, 2009 жылы «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.