ЖАҢАЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ
Қазақ тілін латын әліпбиіне ауысу туралы шешімге келген уақыттан бастап, оқулық аудару мәселесі бірінші орынға қойылған еді. Міне, аз уақыттың ішінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Жаңа гуманистік білім: қазақ тілінде 100 жаңа оқу құралы» жобасы аясында аударылған алғашқы 18 кітап пен оқулық көпшілік назарына ұсынылды.
Бұл кітаптар әлеуметтану, психология, лингвистика, экономика, кәсіпкерлік, дінтану, антропология, журналистика және басқа салалардағы кең ауқымды ғылыми білімді қамтитын оқу құралы болмақ.
Сондай–ақ, ғылыми аударма шеңберінде терминология, сөзжасам, стиль және аударма сапасын анықтайтын басқа да аспектілер мен қағидалар айшықталған.
Алғашқы 18 оқу құралының глоссарийлері негізінде үш мыңнан астам ғылыми терминдер мен тұжырымдар анықталған көрінеді.
10 000 дана таралыммен шығып, еліміздегі жоғарғы оқу орындарына тегін жөнелтіліп отырған кітаптар білім қуған жандардың қолына тиіп те үлгерді.
Бұл біз үшін зор қуаныш. Осындай қарқынмен алдағы уақытта да аударылатын оқулықтар саны еселене түссе нұр үстіне нұр болар еді.
Мейрамкүл СӘРСЕНБАЕВА
Арал ауданы