СҮЛЕЙЛЕР СӨЗІ – САФ АЛТЫН
Сырдың санаулы саңлақтарының ішінде үні аққу құстың әуезіне теңеліп, аты аңызға айналған Жаңаберген жырау 1886 жылы (кей деректерде 1883 делінген) Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аманөткел ауылдық советіне қарасты «Бәйімбет ауылы» атанған Мырзас елді мекенінде дүниеге келген. Өрен жүйрік Еспембет, Молда Бәйім, Бәйімбет Кенжеғұл күйшіні дүниеге келтірген Мырзастың киелі топырағы Жаңабергенді де жөргегінде жыр бесігіне бөлеп, табиғатынан дарынды етті. Жыңғыл атын Мырзастан ерттеп мінген Жаңаберген кейін, дәрпі Сыр бойына тегіс жайылған «Жыр дүлдүлі» атанды. Жаңабергеннің өз әкесі Бітімбай арқалы ақын, ділмар шешен адам болған. Жаңабергенді қаршадайынан ауылдың ас-тойларынан қалдырмай ертіп жүрген әкесі баласын сөз өнеріне баулумен қатар болашағына жол ашты. Жасы 14-15 келгенде Жаңаберген әкесі Бітімбай жазған «Қарабек», «Наурызбай» қиссаларын екі-үш тәулікке табжылмай жырлайтын жырау дәрежесіне жетті. Заманында Жансүгір, Жиеней, Қосым жыраулар сияқты Жаңаберген де мақам-саз шығарған жырау-импровизатор.
ЖАҢАБЕРГЕННІҢ ЖЫР БАСТАУЫ
Құлақ салса маңайым,
Жыр бастайын ағайын.
Ықыласын қойса аға-інім,
Сөйлемей қалай қалайын.
Баурымды жазып барынша,
Ойқастатып ойнатып –
Жүйрік аттай шабайын.
Әкеміз жазған Бітімбай,
Орақ-Мамай, Қарабек
Қалауыңша тыңдасаң,
Бұрынға өткен батырдан,
Алдыңа айдап салайын.
Жүзден жүйрік атанып,
«Алты Әлімнің ішінде»
Қайтпап еді талайым.
Жүргенімде жыр жырлап,
Менменсінген нешеудің
Сүріндірдім талайын.
Ер азамат елде бар.
Үйрек пен аққу, дуадақ,
Қоғалы қамыс көлде бар.
Ел ішінде нелер жоқ?
Жыраумен қас болатын,
Неше алуан пенде бар.
Тыңдасаң мейірім қанатын,
Жастарың ғибрат алатын,
Құдіреті сөздің менде бар.
Орамал шаршы жабатын.
Сақина сырға салатын,
Құралай көзді жеңге бар.
Жырауың барын аямас,
Ықыласы үшін елімнің.
Осы бүгін сендерге,
Жырлағаным жөн болар.
Тіршілікте қызық қой,
Өлгеннен соң жігіттер
Жақсы мен жаман тең болар.
Жамандықтың белгісі,
Несібесінен кем болар.
Сөйтіп жүріп ақыры,
Көрінгенге жем болар.
Неғылайын көп айтып,
Зейін қойып, құлақ сал.
Сөзім шырын, тілім бал
Жырдан шашу шашамын,
Керегіңді теріп ал.