Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Алғыс алған арымас

Алғыс алған арымас


Бұрындары Шиелі қыстағының ішінде көлшіктер көп болатын. Туасы кент көлтабанға орналасқандай. Өйткені, жауын-шашын көбірек жауса, су жерге сіңбей тұрып алады. Тіпті, шалшыққа айналып, тұрғындардың мазасын кетіреді. Бірақ, қайда барамыз? Алтын бесік-туған жеріміз өзімізге ып-ыстық. Күннен-күнге көріктене түскен Шиеліге «Өз үйім, боз үйім» деп, қашан жеткенше асығамыз. Осы көрік дегеннен шығады. Ауылдың, қаланың көркін келтіретін оның бас жоспары, архитектуралық кескін-келбеті болса керек.
Көшелердің түзу тартылып, оның бойына ғимараттар мен тұрғын үйлердің орналасуының өзі әдемілікті, сәнділікті қажет ететіні белгілі. Ол бірінші кезекте сауатты архитекторға, яғни, сәулетшіге байланысты. Сәулетші қызметінің лауазымдық ережелерінде көрсетілген міндеттерді басшылыққа алғанда ғана сәулетшінің сәулет өнеріндегі қабілеті танылып, халықтың алғысына бөленері анық. Екіншіден, ол салған, орналастырған әр құрылыс кенттің ажарына ажар қосып, әйбаттана түсуі керек. Міне, осындай жауапты аудандық сәулетші қызметіне Қызылорда қаласындағы гидромелиоративтік техникумның өндірістік және азаматтық құрылыс бөлімін бітірген, аудандық су шаруашылығы басқармасында аға техник, құрылыс-жөндеу бөлімінде инженер қызметін атқарған, 1978 жылы Шымкенттегі қазақтың химия технологиялық институтының құрылыс факультетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған, өмірде тәжірибесі мол жас маман Қуандық Әлтаев 1979 жылдың наурыз айында тағайындалды. Аудандық партия комитеті оның кандидатурасын мақұлдаған соң, оны сол тұстағы аудандық атқару комитетінің төрағасы Әзімхан Исмаилов өзінің құрылыс жөніндегі орынбасары Мақаш Пірмахановты қоса шақырып, қабылдап, бұған дейін қандай қызмет атқарғанын, не оқу орнын бітіргенін, отбасылық жағдайын түгел сұрап біледі.Аудандық құрылыс жұмыстарының ауқымды, көлемді екендігін, оған ынта-жігермен, жауапкершілікпен қарау керектігін және сапалы, жайлы құрылыстар жүргізуге тиіс болатындығын, Шиелі кентін көркейту, абаттандыру және сәулеттендіру жұмыстарына аса мән беру қажеттілігін назардан шығармауды тапсырады. Сонымен қатар, атқарылған жұмыстар жайында хабарлап, баяндап отыруды, құрылыс жөніндегі орынбасарына тікелей бағынышты екенін де ескертеді. Жүрегі алып ұшқан Қуандықтың алғашқы үлкен қуанышына айналған лауазымдық қызметіне аудандық атқару комитетінің төрағасы басшы ретінде жылы қабақ танытып, ыстық лебіз білдіріп, мейірімділікпен, жанашырлықпен ақыл-кеңесін береді. Жас кадр үшін ұмытылмас сабақ болып қалады. Ол осылайша қызметіне бар ынтасымен кірісіп кетеді. Әркезде уақыт таразы. Қуандық Әлтаевтің аңғарымпаздық, қағылездік, жауаптылық, адалдық қасиеттері қызметінде көрініп, ол Шиелі кентінің бас жоспары (генплан) 1965 жылы әзірленгенін, кенттің қазіргі өсіп-өркендеуіне, дамуына оның енді сай келмейтінін ескеріп, бас жоспарды қайта жасауды жөн деп табады. Сонымен қатар, ауданның барлық елді-мекендерінің де бас жоспарлары ертеректе даярланған болып шығады. Ол ауатком төрағасының орынбасары М.Пірмахановпен ақылдасып, рұқсат алып, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Л.Н.Салминге арнайы барып, бас жоспар жайлы баяндағанда, ол кісі де мұның ойын растай келе, қаралатын қаражатқа сәйкес жобалау институттарымен келісім-шартқа отыруға кеңес береді. Ол кісіден шығып, облыстық мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау комитетінің бастығы И.А.Посталовскаямен сөйлескенде де осы әңгіме алдынан шығады. Белгілі құрылыс маманы ауданда салынып жатқан барша құрылыс объектілерінің жобаға сәйкес және сапалы салынуын қадағалау-аудандық сәулетшінің міндетіне кіретіндігін шегелеп айтады. Қ.Әлтаев жаңа қызметке кіріскен кезде Шиелідегі Ә.Алтынбеков көшесі бойынан 140 орындық «Аққайың» балалар бақшасы, А.Байтұрсынов және Ы.Жақаев көшелерінің қиылысынан 24,18 пәтерлі, сондай-ақ, 8 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде екен. Құрылысты «Қызылордасельстрой-16» тресінің Шиелідегі №1607 жылжымалы мехколонна құрылыс мекемесі (ПМК-1607) салып жатады. Аудан сәулетшісі өзіне тапсырылған жұмысқа ыждағаттылықпен қарап, осы құрылыстардан сапасы мен құрылыс-құрастыру жұмыстарының орындалуына бақылау жасаудан бастайды. Учаске бастықтары Т.Әбілдаев пен Е.Үмбетәлиевтерге тексеру барысында кеткен кемшіліктер жөнінде нұсқама береді. Басшылар оны дер кезінде жойып, халыққа сапасы жоғары үйлер табысталады. Мысалы, бақылау болмаған жерде Т.Жүргенов көшесінің бұрылысында соғылып жатқан 9 және 18 көппәтерлі үйлердің құрылыс нормалары мен ережелерінің сақталмауынан лоджаларының қабырғалары құлап, оған жол бергендерге шара көрілді. Ал, Аманкелді көшесі бойынан 1296 орындық Ы.Алтынсарин атындағы үш қабатты мектептің құрылысын жүргізу барысында №1607 мехколонна құрылысшылары тарапынан олқылықтарға жол беріліп, облыстық сәулет құрылыс бақылау комитетінің басшысы И.Посталовскаямен бірге тексеріп, ескерту жасалынған жерлерді қалпына келтіру үшін нұсқаулықтар жасалынады. Мектеп қабырғасы силикат ақ кірпіштен қаланар алдында тас қалаушылар байқауы ұйымдастырылады. Оған осы мекеменің тас қалаушылары бригадирі, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері К.Жүністаев бастаған жігіттер қатысады. Қазіргі аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров жетекшілік еткен тас қалаушылар Р.Сейтмұратов, Ә.Қадырбеков, В.Шепик, С.Каскиевтер асқан шеберлік танытып, конкурс жеңімпаздары атанады. Осы байқау комиссиясының мүшесі ретінде Қ.Әлтаев та қалаушылар еңбегінің әділ бағасын беруге атсалысады. Тынымсыз еңбек иесі Қ.Әлтаев аудан көлеміндегі елді-мекендерде бой көтеріп жатқан бар құрылыс алаңдарында болып, бір дамыл көрмейтін. Оның біреулерге зекігенін шыбын шаққан құрлы көрмесе де, талапшылдығын қойған емес. Айтқанынан қайтпайтын. Әдетте құрылысшылар боқтампаз келеді ғой, ал, Қуекеңнің бар ашуы, бар айтары «Түрің құрысын, ұялмайсың ба?» Осындай сыпайылығы, қарапайымдылығы, сабырлылығы, байсалдылығының арқасында шуы көп қызметте бірде-бір шу шығармай, қайта халықтың құрметіне, мәртебесіне бөленіп жатты. Ол сәулетші қызметін атқарған жылдары ауданның елді-мекендерінде №1607 жылжымалы мехколонна құрылысшылары тұрғызған Қарғалы ауылындағы 464 орындық, Ы.Жақаев, Ақмая, Алғасбас, Бәйгеқұм ауылдарындағы 624 орындық мектептер, Ә.Тәжібаев ауылындағы 50 орынға лайықталған балалар бақшасының құрылысы да үнемі қадағалауда болды. Олардың жобадан ауытқуларына еш мүмкіндік туғызбады. Сонымен қатар, колхозаралық құрылыс ұйымы құрылысын жүргізген Төңкерісте салынған 624 орындық мектеп, 90 балаға арналған балабақша ғимараты, Нартай ауылындағы 300 көрерменге соғылған клуб үйі, 140 орындық балалар бақшасы, Ы.Жақаев елді-мекеніндегі 140 орындық балалар бақшасын салуда да кемшіліктерге бой алдырмай, үнемі қарбаласта жүретін. Ал, Бәйгеқұмдағы 50 төсектік аурухана ғимаратын, Алмалыдағы 624 орындық мектеп үйі, Алғабастағы 160 орынға бейімделген балалар бақшасын салу №47 жылжымалы мехколоннаның үлесіне тиген еді. Мекеме құрылысшылары өз міндеттемелеріне салғырт қарап, көптеген жобалық ауытқуларға жол берді. Ондай олқылықтарға аудан архитекторы Қ.Әлтаев көз жұма қарамады. Бір ай мерзімде кемшіліктерді орнына келтіру тапсырылды. Бүгінде осы мекемелердің барлығы дерлік аудан тұрғындарына, біздің болашағымыз – балаларымызға, ұрпағымызға қызмет етіп жатыр. Онда аудан архитекторы Қ.Әлтаевтің қолтаңбасы, ерен еңбегі Шиелі ауданының бас жоспары аясында сайрап жатыр. Ол уақытта күрделі құрылыс жүргізу кезінде кемшіліктерге жол берген құрылыс мекемелерінің жауапты адамдары ауаткомның мәжілісінде арнайы қаралып, шара қолданатын. Қ.Әлтаев 1943 жылы 26 шілдеде Төңкеріс ауылында дүниеге келген. Әкесі Әлтай Әріпов Ұлы Отан соғысынан оралмай, майдан даласында мерт болады. Анасы Қатша жалғыз ұлы Қуандығын мәпелеп өсіріп, оқытып-тоқытып ер жеткізеді. Сол Қуандық бүгінде Тазагүл Сыздыққызы екеуі екі ұл-қыз, он немере тәрбиелеп өсірген адал жар, қамқор әке. Қ.Әлтаевтің өнегелі, өнімді өмір жолын айта бергің келеді. Өз мамандығын шын сүйген Қуандықтай ағаның өзімен әңгімелесудің өзі де бір ғанибет дерсің. Ол жасауға 1987 жылы ұсынған Шиелі кентінің бас жоспары бекітіліп келіп, өзі зейнетке шыққанша қолданыста болған. Қуан аға айтып отырса, ол Шиелінің шежіреші қариясы секілді. Оның кезінде халық игілігіне соғылған орталық стадион, орталық базар, орталық алаң, 1985 жылы салынған Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған мемориалдық ескерткіш құрылыстары аудан архитекторының қолтаңбасымен айшықталып, кенттің сәнін келтіріп, көркіне көрік қосып, менмұндалап тұр. М.Шоқай көшесіндегі данқты азаматтар аллеясы сол кезде аудан әкімінің орынбасары Ә.Оразбекұлының қолдауымен, бір ай ішінде су ағары, науасы бар, мәдени ағаштар егілген демалыс орнына айналдырған да, кенттегі «Оқшы ата» мешіт медресенің, алаңдағы М.Шоқай ескерткішінің салынуына тікелей үлес қосқан сәулетші Қ.Әлтаев болғанын біріміз білсек, біріміз білмеуіміз мүмкін. Аудан сәулетшісі, құрылыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде 27 жылдан астам уақыт еңбек еткен, туған жерін, елін көркейту жолында аянбаған азамат жайлы айта берсек, жараса түседі. «Еңбек етсең емерсің» дегендей, Қ.Әлтаев «Еңбек ардагері», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жылдығы» медальдарымен, «Шиелі ауданына 80 жыл», Ы.Жақаетың 120 жылдығы төсбелгілерімен, облыс әкімінің, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының, аудан әкімдігінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. 2007 жылы зейнетке шыққан соң да ауданда салынып жатқан мәдени-тұрмыстық ғимараттардың құрылысына жобалау мекемесі арқылы авторлық қадағалаушы ретінде үлес қосып келді. Қоғамдық жұмыстан да қол үзбеген ол – 2010 жылдан бастап ауданның құрылысшы ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы. Дамылсыз еңбекпен шыңдалған қарапайым сәулетші Қуандық Әлтаев ағамыз 75 жастың желкенін есіп, өзі бас жоспарын жасаған Шиелісіне көзі тоймай, аудан халқының алғысын арқалап жүріп жатыр.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
12 қараша 2018 ж. 655 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области