ҚЫЗЫЛОРДАДА АПАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҒЫМЕН ШЕШІЛДІ
Қызылордада тұрғын үйлері апатты деп танылған отбасыларға жаңадан салынған 305 пәтерлік 6 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Баспаналы болғандардың ішінде зейнеткерлер, жас және көпбалалы отбасылар мен жұмыссыздар да бар.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев пәтер иелеріне кілттерін табыстап, тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады.
– Біз мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған үйлермен қатар, жыл сайын апаттық жағдайдағы үйлердің мәселесін де кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Бұған дейін апатты деп танылған үйлердің орнына 204 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Бүгін осы игілікті істердің жалғасы ретінде Жаппасбай батыр көшесі мен Титов қыстағындағы жаңа мөлтек ауданда 305 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үйдің кілтін салтанатты түрде табыстағалы тұрмыз. Нәтижесінде биыл қаладағы апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесі толығымен шешімін тапты деп айтуымызға болады. Осы игі істердің барлығы - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қол жеткізіп отырған ең басты жетістігіміз. «Өз үйім – өлең төсегім» деп, басында жеке баспанасы болуын армандамайтын адам жоқ. Үйлі болса, іші жанға толса екен дейді. Бүгін Сіздер сол армандарыңызға қол жеткіздіңіздер, енді іші сәбидің күміс күлкісіне толсын дейміз, - деді облыс әкімі.
Жаңа қонысқа қол жеткізген тұрғындар ризашылықтарын білдіріп, облыс басшысына алғыстарын жеткізді.
Айта кетуіміз керек, 2013 жылы Қызылорда қаласында 300-ге жуық отбасы тұратын 25 апатты үй болған. Бұл мәселені шешу үшін 6 көппәтерлі тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, өткен жылдары оның 4-еуі пайдалануға берілді. Соңғы 4 жылда Қызылорда қаласында 14 шағын аудан бой түзеп, тек осы жылдың өзінде 61 көпқабатты үйдің 24-і пайдалануға берілді. Ал соңғы 4,5 жылда өңірдегі құрылыс көлемі 3,5 есеге, облыс орталығында 8 есеге артты.