Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Мүлкаман мектебі

Мүлкаман мектебі


Өткен ғасырдың 67-ші жылдарында атағы жер жарған «Сыр сұлуы» ансамблі жайлы айтқанда Мүлкаман Қалауовты айтпау мүмкін емес. Себебі, сол ансамблді құрған, жетекшісі, жанашыры болған Мүлкаман Сүлейменұлы еді. 1968 жылы «халықтық» атаққа ие болған өнер ұжымы әлем елдерін аралады. Иемен, Болгария, Румыния, Молдавия, т.б. елдерде өнер көрсеткен ансамбль өнеріне тамсанбаған шетелдік кемде-кем. Ал, тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1964 жылы жеті қыздан құрылған «Сыр сұлуы» бригадасы аяған тәй-тәй басып еңбекке араласқанын көреміз. Бригаданың комсомол жетекшісі Құтыбаева Баян мен Заитова Дариханың Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалі мен 100 сом ақшалай жүлдесін алуы «кілең қыздар не көгертер дейсің» деген кереғар ойдың тұманын сейілткендей болды. Бригадаға еңбек етуге тілек білдірушілер көбейді. Келер жылы бригада құрамы 16 қызға жетті. Жаздың тамылжыған кезінде клубқа бүкіл ауыл халқы жиналды. Сахнада қайсар талант Зейнолла Шүкіров пен композитор Шәмші Қалдаяқов. Әндер шырқалып, өлеңдер оқылды, күрішші қыздардың еңбек жолы әңгімеленді. Кеш соңынан З.Шүкіров «Сыр сұлуы» бригадасының қыздарына арнап «Сыр сұлуы» өлеңін оқыды. Әсерлі кеш Ш.Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы» әнін дүниеге келтірді. Бұл ән кейіннен республика жастарының еңбек гимніне айналды.
1975 жылдың жайма шуақ жазында, білім атты теңіздің айдынына тәуекелдің жел қайығының желкенін жайып жіберген, албырт жастар Кызылордадағы сол кездегі жалғыз жоғары оқу орнында тоқайластық.Қазақ елінің түкпір-түкпірінен жиылған біздердің тілегіміз де, ниетіміз де біреу. Ата-аналарымызбен, ұстаздарымыз өсиет еткеніндей «адам болу». Ол кезде тағдырыңды бір күнде таразыға тартып сынақ алатын ҰБТ деген атымен жоқ. Ай бойы төрт пәннен емтихан тапсырып студенттер тізіміне ілінгендердің бақыттан басы айналып, көңілі көкте қалқып жүр. Студент атанғандар бойын түзеп, шашын күзеп жүздері балбұл жанып, қыркүйектің бірі күні Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетінің «Ән және музыка» бөліміне жиналдық. Екі қырық бес минуттан тұратын бірінші парымыз музыка кафедрасының меңгерушісі Мулкаман Сүлейменұлы Қалауовтың сабағы екен. Орта бойлы қара шашын шалқасына қарай сілкіп тастап, әңгімелесушісін ерекше баурап алатын жылы жүзді, жайдары ұстазымыз алғашқы көргенде-ақ ерекше ұнамды жан ретінде танылды. Маңдайындағы бір шоқ ақ шашы өзі ажарлы жанның ақыл-ойдан да кенде емес екенін айшықтап тұрғандай. Алғашқы сабақтың бірінші жартысында оқу орнының негізгі міндеттері, оқылатын пәндер мен музыка әлеміне саяхат жасағандай күй кештік. Сабақтың екінші жартысында жиырма бес студентті кезек-кезек сөзге тартып, сұрақ-жауап түріндегі сабағымыз әсерлі өтсін дей ме, аратұра әзіл айтудың шебері екенін танытып қояды. Оқудың жайы қалай болар екен деген күпті көңіл орнына түскендей. Кафедра меңгерушісінің өзімен қарапайым қарым-қатынаста өрбіген әңгімеден соң, жаңа ортаға алғашқы күні-ақ бой үйретіп, еркінсіп қалдық. Сабақ аяқталар тұста топ ұйысқан ұжым болу үшін оның музыкадағыдай үш тағаны болады. Ол топтың профкомы балалардың әкесі де, шешесі, барлық тұрмыстық, әлеуметтік жағдайының жақсы болуына жауапты тұлға. Комсорг – барлық мәдени, саяси жұмыстардың ұйымдастырушысы. Ал топтың жетекшісі староста. Кәсіподақ басшылығына бізден екі-үш жас үлкендігі бар Балхан Мамытова, комсомол жетекшілігіне Шиелі музыка мектебінің түлегі, бір жылдық еңбек өтілі бар Ырысдәулет Құдайбергенов тағайындалды. Қызылорда қаласында орта мектепті бітірген соң, ауылда бір жыл қой бағып, оң-солыңды танып қалған маған «сен староста боласың» деп жылдам шығып кетті. Ол кезде бұл тағайындауларды пайымдай қоймағанымыз анық. Кейінгі өмір тәжірибесі ауызы дуалы, сөзі уәлі Алла талантты етіп жаратқан жанның батасы екенін көрсетті. Филология факультетін тәмәмдаған Балхан Аққұм ауылында ұстаздық қызметтен абырой тапса, Ырысдәулеттің саяси жетекшілігі өмір бойына жалғасып, Шиелі аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы болып, абыройлы қызмет атқаруда. Үш жылдай ғана мектеп мұғалімі болған мен мектеп директорынын тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, совхоз кәсіподақ комитетінің төрағасы, мәдениет үйінің директоры, Бесарық ауыл әкімі болып халыққа қызмет жасаудың Мүлкаман ұстаз қалаған жақсы ісін жалғастырып кеттік.
Сол кезеңде атағы жер жарған «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің дені осы музыка бөлімінің студенттері болатын. Біз де төрт жыл бойы ансамбльдің хорында өнер көрсеттік. Хор жетекшісі А.Данильченко концерттік бағдарламадағы хорды дайындаса, би, оркестр, хор біріктіріліп «генеральный репетитциялар» айтулы мереке қарсаңында жиілей түседі. Бұл кезде дирижерлық пульт тек Мүлкаман Сүлейменұлында ғана болады. Данильченконың дайындығы «ағаның алды ақжайлау» еркіндеу болса, жайшылықта жайдары жүретін Мүлкаман ағамыз жүз адамдық ұжымды «бір дәннің қауызына сыйдыратын» қатал, талабы қатты.
Сазға елтіген сиқырлы қолдары әр нотаны шашау шығармай, соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп, шебер дирижердің қимыл қозғалысына бағынған жүздеген жанды әсемдік әлеміне жетелеп, ақ тер, көк тер етіп, ертіп жүре береді. Алла назары түсіп, дарынды етіп жаратқан жанын, жан-жақты қылып жарата салады екен. Дарынды жандарға біреулерге алынбас қамалдай көрінетін қиын істер «шемішке шаққандай» оп-оңай шағыла қалады. Шебер домбырашы, күйші, турба аспабының маманы Мүлкаман ағамызға «оң-солы бірдей» кез келген аспапта шебер ойнайтын. 1976 жылы Қарағанды қаласында өнер фестивалі өтетін болып, бірнеше күн бүкіл ансамбль мүшелері жол жүрудің сәті түсті. Осы сапарда орыс бөліміндегі Никита Цой деген жігіттің гитарасын қолына алып отырып, ағайымыз осы аспапты үйренуге ниетті екенін жеткізді. Арада шамалы уақыт өткенде екеуі екі аспапта небір сазды әуендерді төгілдірді дерсің. Бірде аккорд, бірде соло, варициямен ойнап, бәрімізді таң тамаша еткені бар. Алпыс екі тамырында әуен ойнаған музыканттың сөйлеген сөзі, әзілі тіпті жүрісіне дейін белгілі бір тактіге бағынған әуендей есіліп тұратын.
Сыр бойында туғанмен Мүлкаман аға түйекеш ағасы Жылкелдінің тәрбиесінде жүріп, Сырдан қырға сапар шеккен, түйелі көштің қызығын, сән салтанатын көрген жан. Әз Жәнібекті хан көтерген таңбасын тасқа қашаған Нұраның сырына қаныққан, хан жайлауы Телікөлдің балығын аулап, Сарысудың сары құмына аунап өскен әсершіл жан. Күй тақырыбы тарлан тарих, сұлу табиғат, жанға жайлы жайлау болса. Жылжи аққан Сыр өзені оны мекен еткен асыл жандар, сұлу құрбы, ардақты ана әніне арқау болған бояуы қалың әріппен жазылар композитор.
Екі дүниеде де сауабы үзілмес ұстаз деген мәртебелі мамандық иесінің сексен жылдығына орай еске алу шаралары басталғанда, ұстаздан жұғысты болған әсерге бөленіп, жақсы ағаның жақсылығын ақыретте де жалғасуын тілеп, үш шумақ сөз ұйқастырдық.

Тойың жатыр тойланып туған елде,
Сағыныштан саз келді ойға демде.
Пульт дайын, оркестрде күтіп отыр,
Дауылдатып күй төкші тойға кел де.

Сыр Ана жылжи ағып тербетеді,
Бөленіп Телікөлдің гүлге етегі.
Шежірелі, шерлі аңыз тарих сыр боп,
Таңбалы Нұрасынан күй жетеді.

Қолдадың біздей қанша жас дарынды,
Сағыныштан көзге келді жаста мұңды.
Өзіңнен бастау алған күй-керуен,
Күмбір күймен толтырды аспанымды.

Жұмабай Байзақұлы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Бесарық ауылы
13 қараша 2018 ж. 658 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области