Қызылорда облысында уақыт белдеуінің өзгеруі тұрғындардың денсаулығына оң әсер етеді
Желтоқсанның 20-сынан 21-іне қараған түні сағат 12-ден бастап Қызылорда облысының уақыты 1 сағат кейін жылжиды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тиісті қаулыға 7 желтоқсанда осындай өзгеріс енгізілген болатын. Өңірде табиғи биологиялық уақыттан ауытқушылық мәселесі соңғы 10 жыл бедерінде жиі көтеріліп келді. Түрлі ғылыми-зерттеу институттары да өмір сүру ритмінің бұзылуы тұрғындардың денсаулығына теріс әсер ететінін растады. Облыста уақытты өзгертуге байланысты тұрғындар арасында арнайы сауалнама жүргізіліп, оған қатысушылардың 70 проценті уақыт белдеуін өзгерту қажет деген пікір білдірген.
Айта кетейік, Байқоңыр қаласының уақыты да Қызылорда облысымен бірге төртінші сағаттық белдеуге сәйкестендіріледі.
Ерқанат Кеулімжаев, облыстық Техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы:
- 29 құзыретті органның келісімі алынып, солардың ұсыныстарының бәрі ескеріле отырып, осындай қаулы қабылданды. Бұл – біздің облыс көлемінде атқарылған өте үлкен жұмыс. Өйткені бұл халықтың көңілінен шығатын, солардың пікірлерімен атқарылып отырған жұмыс.