А.Янушкевич: «Көшпелі халықтың, оған шекесінен қарап отырған елдердің қатарына қосылар күндері де туар»
Kyzylorda-news.kz – Қазақтың кең сахарасында жиырма төрт жыл ғұмырын өткізген (ХІХ ғасырдың ортасы) поляк жазушысы Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына сапар туралы жазбалары» атты еңбегінен үзінді.
АЙТЫС
Осыдан бірнеше сағат бұрын ғана мен Аягөз округінің аға сұлтан сайлауының жанды куәсі болдым. Ел билеушілер мен ақсүйектер ашық аспан астында, қаптаған көпшілік ортасында өткен қысқа кеңесінен кейін, аға сұлтандыққа дәл сол ортада, бүкіл халық көзінше кедей, әрі момын Бөленді сайлады. Әлсіз шыбыққа тірек болсын дегендей, кандидат немесе оған орынбасар етіп, өзіңе таныс, күшке мығым Барақ сұлтанды сайлады. Өткен аталарының әдет-ғұрпын барынша қастерлейтін қазақтар жаңадан сайланған аға сұлтанның шапанын парша-паршасын шығарып, жыртыс ретінде таратып әкетті. Мұндай ырым бұрын хан сайлағанда да жасалатын. Шекаралық бастық болса, оның иығына үкімет атынан қызыл шапан жауып, кеткен шығынды жедел орнына келтірді. Аягөз бекінісінің зеңбіректері төңіректі жаңғырта салют берді. Жаңа аға сұлтанның көңілін өсіріп, руластары алдындағы мерейін бұдан артық көтерген ештеңе болған жоқ.
Басқа елдерде жаңадан сайланған сенатор сайлаушыларына алғысын білдіру үшін, өз қаржысымен оларға дәм таттырады. Ал мұнда, далада бұл рәсім мүлде бөлек. Қазақтар бәйге деп аталатын салтанатты үкімет есебінен өткізе береді. Қойшы, жергілікті билік басындағылар сайлаушыларға да, олардың сеніміне кірген әкімдерге де қатар құрмет көрсетіліп, бір дастархан басында ас ішеді. Ас дегенде ақсүйектер алдына ұсынылар тағам түрлері палау мен шай болса, қара халық үшін жылқы еті мен қымыз болса жетіп жатыр. Біздің ішімдіктеріміз бұл елге барынша жат болып көрінеді. Еттің бір жапырағы олар үшін ең аңсаулы тамағы болып саналады. Бұл халыққа бұдан артық ештеңе қажет емес.
Осы салтанат үстінде мен тұңғыш рет өлеңшіні тыңдауға мүмкіндік алдым. Бұлар қазақ трубадурлары, даланың бардтары – ұлы ақындары. Бұлардың өлең шығару мен оны орындау деңгейі осы халықтың ақыл-ой қабілетін тамаша айғақтайды. Несін айтайын, мені сонау орта ғасырға алып барды. Бүгін мен казақ киіз үйі ішінде көргенімді готикалық қорғанның тас күмбездері астында өздерінің серіктестерімен масайрап отырған барон тойынан ғана таба алар едім.
Ертеңгі сапарға дайындала отырып, бұл салтанаттың өзім жетеқабыл суреттеген сипаты – міне, осындай.
Бекініс сыртында кең жазық бар. Осында тігілген киіз үйлерге салтанатқа шақырылған қазақ қауымы орналасып жатыр. Сұлтандар, билер, молдалар, қожалар және старшиналар сәндеп тігілген үлкен үйлерге жайғасқан. Әлем-жәлем киінген олар ашық аспан астында, жайылған кілем үстінде қораздана шекаралық бастықтың келуін күтуде.
Орыс-поляк, қазақ-татар азаматтық нәсілдері және әскери нөкерлері қоршаған шекаралық бастық сағат 12-де салтанат өтетін жерге келіп жетті. Ақсүйектер киіз үй алдында көптеген дала дәулеттілерімен бірге аға сұлтан оны қысқаша сөзбен құттықтап, арнайы орынға салтанатты түрде әкеп отырғызды.
Оңынан да, солынан да мундирлер жартылай қоршалған тақ сықылды осы орындықтан шекаралық бастық көпшілікке арнап сөз сөйледі. Сөз қазақ тіліне аударылған сәтте ол бүкіл жұртты дүр сілкіндірді.
Ресми сөздер мен көпшілік шуы басылған соң молда дұға оқып, дайындалған дәм-тұзды бұйыртуын Алладан өтінді. Жиналғандар қолдарын жайып, асқан ынтамен дұғаны тыңдады.
Осы діни әдет-ғұрыптан кейін бірнеше орыс тілмаштары үлкен табақтармен шай әкелді. Қазақтар жандарал деп атайтын шекаралық бастық алғашқы шыныаяқты жаңа сайланған аға сұлтанға ұсынып, екіншісін өзі алды да, жиналғандардың бәріне кезегімен шай беруді бұйырды.
Бұдан кейін жиналғандардың бәрі шыныаяқтарын қолдарына ұстап, қытай сусынына қанған кезде, сырт кескіні келісті, қара мұртты, көзі ойнақшыған бір жас ақын өзінің жұпыны аспабын қағып-қағып жіберіп, құлаққа жағымды даусымен еркін өлең шығарып айта бастады.
Ақын өлеңінің алғашқы шумақтары жандаралдың келу құрметіне арналған екен. «Оның бұл жаққа арнайы келуі – жұртқа жеткен бақытпен бірдей. Мұндай жайды қазақтар жыл сайын асыға күтеді. Өйткені, ол осы жақтың тұрғындары үшін көктемгі келген күнмен тең. Бұл өзі үлкен бақыт, – дейді ол ерекше екпінмен, – тыныштығымыздың қас жауы көлденең тұрмаса, бұл мереке бұдан да аумақты болар еді. Несі бар, жандаралдың ортамызға келуі ол дала тағысын Қарақұм шөліне ығыстырып тастады». Сөйтіп, өлеңші алдымен жандарал басындағы жақсылықтарды бірталай дәріптеп мақтады. Өлеңін осылай бүгінгі елді алаңдатып отырған толғақты мәселе айналасында шебер қиюластырған соң жас Орынбай (біздің өлеңшінің есімі), енді жаңа аға сұлтан Бөленді, Қарқаралы шешені Құнанбайды біраз уақыт мадақтады. Бұдан кейін жиналып отырғандардың ішіндегі атақтыларына ол ке-зек-кезек өлең шумақтарымен сәлем берді. «Уа, сен! – деді ол кәдімгі қалпын өзгертпей. – Уа, сен, әйгілі Әбілпейіздің тұқымы! Шыңғысханның ұрпағы! Барақ сұлтан, Орынбай ақынның жырын тыңда!
Уа, бұл сенің құлағыңа жеткен алғашқы да, соңғы да жыр емес. Ақындардың қайсысы сені жырына қоспады. Сөйтсе де мені бүгін де тыңдап көр.
Уа, Дархан кең дала! Барақ туралы жырды ұйып тыңдамаған және оны елінде қайталап айтпай- тын киіз үй бар ма екен жаһанда?
Уа, Барақтың руынан әйгілі, Барақтың руынан көне және жо- март ру бар ма екен? (Барақтың әкесі мен атасы күпініп, күдірейе бастады).
Уа! Кеңесте одан артық кесек ақылды кім береді!? Шиеленіскен билер сарабында дауды Барақтан артық әділ шешетін кім бар?
Уа! Бәйгеде барлық бақталастарынан батылдығын, күшін, шеберлігін Барақтан басқа кім асырады? (Барақ жұпыны кейіп- пен төмен қарады).
Уа! Аңшылықта, барымтада өзін Барақтай батыл көрсететін кім бар? (Бұл мақтау Бараққа ұнамады-ау, деймін, ол қабағын түйіп, шекесін сипады).
Уа, өлеңші бейбақты хандардың әйгілі әулетті Барақ сұлтаннан артық сыйлыққа кенелтетін кайсың барсың? (Барақ күледі).
Уа! Барлық жерде де, барлық уақыттарда да ұлы сұлтан Барақ! Даланың қас батыры – сұлтан Барақ!
Уа! Даланың құбыласын тек Барақ есімі шарлауы тегіннен емес! Барақ! Барақ!
Ақын өлеңді айтып бітірді. Мақтауға балқыған біздің кейіп- керіміз сол сәтте-ақ орнынан атып тұрып, үстіндегі шапанын шешті де, оны тура ақынға лақтырып:
— Саған менен бір түйе мен бір жүйрік ат,—деді. Барақтың жоғарыдағы жомарттығына жығылып, әркім өзіне айтылған мақтаудың шамасына қарай, ақынның өнерін өтеуі керек бол- ды. Осыған орай, қас қағым сәтте ақынның басына жан-жақтан лаврдың орнына ақша, шапандар мен жылқылар (соңғылары ауызша уәдемен) жаңбырдай жаумасы бар ма... Мақұлдаған қатты дауыстар отырған үйдің жұқа қабырғаларын сілкіндіріп жатты.
Осы жағдайлардың бәрі көз алдымызда өтіп, біздің ақынымыз өз дарынын жоғары бағалағандарға тағы да өлең арқылы алғысын айтпақ болып жатқанда, біз отырған үйдің бір бұрышынан құлақ жарардай бір дауыс естілді. Сол сәтте- ақ, қобдишадан шыға келген дию секілденіп сидиған біреу, беделді байлар мен қадірлі сұлтандарды киіп жарып, аң-таң болып қалған Орынбай қасына жетіп барды.
— Осы екеуіміздің қайсымыз жақсы өлеңші екенбіз, енді көрейік, — деп ол қолындағы домбырасына қарап тепсіне сөйлеп кетті.
Мұндай diсtum acerbum (лат. уытты сөздер) уытты сөздерге Орынбай тіксіне жауап қатты. Оқталған мысықша ол көзден от шашып, бүйідей қабарып кетті. Егер жандарал отырмаса, дәл осы жерде ол ақындық атақты қызғанған мына бақталасын өзі білетін өктем сөздер астына қалдырар еді. Мүмкін, оның іштарлығына қайтарым ретінде оны домбырасымен басқа ұрып жарақаттар ма еді. Абырой болғанда, ол әдеп сақтап, жаңағы ақынның өрекпілігін салмақты қалыппен, жеңімпаздың райымен қарсы алды.
Ойда жоқ жерден айтыс басталып кетті. Киіз үй ішінде қайта тыныштық орнады. Ертедегі Олимп ойындарындағыдай-ақ, екі саңлақ ақын бір-бірімен сайысқа түсті. Бірі шумақпен атқылай бастаса, екіншісі оған дереу жауап береді. Біріншісі шапшаң шабуылдаса, екіншісі қапысыз қорғанады.
Стенография өнерінен хабарым жоқ болғандықтан, жаңа ақын өлеңінің мәнін ашатын бірнеше шумақтарын ғана саған жеткізейін. Оның өзі де менің қасымдағы тілмаштар есінде калғандары ғана.
«Уа, мен де сен сияқты осы халықтың ақынымын. Мұндай көп ұлы адамдардың, атақ-даңқы жайылған беделді адамдардың алдында менің де өлең айтуым бірінші емес! Мен де ақынмын. Бірақ Орынбайдай емеспін. Жанақтың жырлары Орынбайдың жырларындай емес. Уа! Орынбай! Сен жандаралды дәріптедің. Жанақ та оны мақтай алар еді. Онсыз да ұлы, онсыз да даңқты және байтақ далаға сүйікті болып тұрғанда, жандаралға бәдік ақын өлеңінің не қажеті бар. Сен өзіміздің сұлтандарды дәріптедің, өйткені, олардың шапандары мен жылқыларын тәуір көресің. Мен болсам, сормаңдай мүсәпірмін, жылмаң қағып, ешкімге жарамсақтанбаймын. Сен әркімге бір қол жайып, аш төбеттей майлы сүйек күтіп жаутаңдайсың, мен айуан болғым келмейді. Сен өзіңді өлеңші деп атауға аузың қалай барады? Сенің өлеңің ақы төлеген адамға ғана арналады. Егер сен шын ақын болсаң, өлгендер туралы неге айтпайсың? Арамызда қазір жоқтардың еңбегі туралы неге жырламайсың? Осы иен далада бір кезде өмір сүрген әкелеріміз бен аталарымызды неге мадақтамайсың? Ие, жылқы да, шапан да бере алмайтын оларды қалай жырға қосарсың? (Ол Орынбайдың даусы мен қимыл қозғалысын әжуалап келтірді). Ей, Орынбай! Уа, әйгілі ақынсың! Бағзы заманда даламыздың қандай болғанын сен осы білетін бе едің?
Абылай заманында кім едік, осы біз... т.б.» Мұның бәрін дұғаша жатқа білетін және өзінің ойы мен көз алдына келгендері сол сәтте жыр шумақтарына айналдыруға шамасы жететіндігін дәлелдемек болып, Орынбай домбырасын қағып-қағып жіберіп, өлең басын Адам ата мен Хауа анаға арнады. Содан мына отырған сұлтандарға тағзым еткендей аты шыққан арғы аталарының әрқайсысын бір-бір шумақпен мадақтап тастады. Содан Нұх кемесіне мініп, топан судан өтті де, Арараттың биігінен бүкіл інжіл иірімдеріне көз тастады. Жолай барлық оқиғаларды, тіпті, Вавилон Навуходоносорын да, Египет перғауындарын да қалдырмай сүзіп шықты. Сағат бойы мүдіріссіз жырлап, Ниагара сарқырамасындай арындап келіп, ол аман-сау Мұхаммедтің өзіне де жетті-ау. Соңғы он ғасырды құшағына алып нөсерлеткен бұл жыр исламизм басына құйылып, бүкіл қазақ даласына толықси жайылар ма еді, қайтер еді... Жоқ! Меккеден шыға берген кезде біздің арқалы ақынымыздың домбырасының шегі үзілді.
Еріксіз ызаға берілген ақын сыпайыгершілік пен қонақ кәдесін ұмытып, жүрегіндегі лағнет сөзін сәл естірте-естіртпестен айта салды...
Ол домбыраға шек тағып жатқанда жеңілгенін мойындағысы келмеген қарсыласы қайтадан айқасқа шықты. «Бұл өткен ұзақ тарих нені білдіреді. Әрбір молда оны сенен гөрі жақсырақ айтып береді... Сен оны молдадан естіп үйреніп, жаттап едің ғой. Бүгін енді бие ұрлаған адамша күпініп кетіпсің... Өзіңнің ақпа ақын екендігіңді дәлелдегің келсе, бірден онға дейінгі әр санның мағына-мәнісін біздерге түсіндіріп берші (тілмаштың түсіндіруінше, бұл жерде сандардың діни аллегориялық мәні жөнінде әңгіме болып отыр)».
Орынбайға керегі де осы еді. Тегі, бұл оның ең мықты білетін жерінен басса керек. Себебі, бұған ол құлшына: «Тоқта! Тоқта!» – деп, домбырасын қағып-қағып жіберіп, желпіне құлашын кең жаза ұсынған тақырыпты өлеңге айналдырып кете барды. Бұған дейін ауыз ашпаған қазақтардың бәрі бірден гуілдесіп, арагідік қозғалып та қойып, оның бұл өнеріне таңдай қағысты. Тіпті, тіл білмеген мен де өзім бір рақатқа баттым. Соған қарағанда бұл шынында да бір ғажайып нәрсе болса керек. Мұнара сағаты аса бір салтанатпен қаққандай-ақ «бір» деген таныс дауыс құлаққа шалынды. Іле-шала мешіт күмбезінің астынан Құдайға жалбарынған молданың «Алла» деген даусы сияқты үн де ерекше қуаттана естіліп, отырғандарды дүр сілкіндірді. Ақберен ақынның бұл тіршілік дүниесіндегілерді бәрінен жоғары тұрған Құдайдың ұлылығын жырлағанын жүрегім бірден сезді. Дүниені жасаған осы «бірдің» ұлылығы алдында мен де оған қосылып басымды идім. Ақынның бұдан былайғы жырлағаны маған қараңғы түндей беймәлім еді, өкінішке орай, жыр арнасынан асқан өзендей буырқанып ақты да, отырғандар оның бір тамшысын да иемдене алмай қалды. Жыр ұзақ сорғалады. Айтыс болып жатқан жерге ақын шабытын қайтаратын палау салынған дәу табақтарды әкеліп қоймағанда, жыр жосылысы бітер ме еді, бітпес пе еді, оны кесіп айту қиын. Ол тоқтады. Барлық ақсүйектер оған жеңіс тұғырының төрінен лайықты орын бергендіктен, оның бұл жолы абыройы, тіпті, асқақтап кетті. Қазақ жыры мен сазының үнінің бұдан әрі бастырмалатуынан, шамасы именсе керек, жандарал бірнеше жылы сөз айтып, шалбарлық жақсы шұғадан сыйлықтар тапсырып, бақталастың аптығын басты. Сөйтіп, осылайша олардың сөз сайысы аяқталды.
Мен ойға қалдым. Осының бәрін мен дүниежүзі тағы және жабайы санайтын далада көшіп жүретін халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой! Бұдан бірнеше күн бұрын мен дүрдараз екі ру өкілдері қақтығысуларының куәсі болып, ешқашанда Демосфен мен Цицеронды естіп және білмеген шешендердің сөзіне қол соғуыма тура келді. Ал бүгін менің алдымда, тіпті, оқи да, жаза да алмайтын ақындар өнерлерін алдыма жайып салды. Олар өзінің таң қалдырарлық талантымен менің жүрегім мен жаныма көп нәрсені ұялатып, мені, тіпті, тәнті етті. Ал бұлар тағы, жыртқыштар ма? Бұл халық тек ғұмыр бойы мал бағумен шектеліп, болашақтан мақұрым қалмақ па? Жоқ, олай емес! Бұл имандай шындығым! Мұндай талант иесі өркениеттіліктен әсте тысқары қалмақ емес. Оның рухы қазақ даласына да жетіп, жарық шоғын үрлей түсер. Бүгінде жүдеген, қажыған көшпелі халықтың, оған шекесінен қарап отырған елдердің қатарына қосылар күндері де туар.