Көркіңді ашар, болмысыңды тағы да...
«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деген ұлы адамдар. Қазақтың ұлттық киімдері халқымыздың ақыл-ойы мен биік эстетикалық талғамының жемісі. Басқа ұлттық киімдерді былай қойғанда, қазақ ежелден шапанды, қамзолды, тақия мен бөрікті айрықша киелі киім санап, қадір тұтқан. Әсілінде, халқымыз ерте заманнан бері ұлттық киімдерді кез келген адамға сыйға тартуды қаламаған. Керісінше, ел басқарған хандар мен сұлтандар қазақы қалыптың, ұлтымыздың айрықша белгісіндей болған шапанды әсте иықтарынан тастамаған.
Тіпті хан мен сұлтандардың өздеріне ғана тән мінезін үстіне киген шапандары ешкім айтпай-ақ айқындап тұрған. Ал бүгін ше? Атадан балаға мәңгілік мұрадай болып қалған сол бір киелі де қасиетті киімдерді қалай пайдаланып жүрміз? Жалпы ұлттық нақыштағы киім үлгілерінің қадірі мен қасиетін, оның түрлері төңірегінде ой қозғауды жөн көрдік.
Шапан. Қалай десек те, шапан қазақтың көнеден келе жатқан ерекше қастерлі әрі кәделі сырт киімінің бірі. Әдетте, оның тысы мен астарының ортасына қойдың жүнін салып, сыртын шұға, барқыт кей жерлерде мақпал сияқты әдемі әрі мықты матамен қаптап, сырып, тігетін болған. Тіпті тігіншінің шеберлігіне қарай, шапанның жағасы мен өңіріне, жең ұштарына әдемі ою-өрнек салып, кестелеген. Бір ерекшелігі, шапанның тігілу мәнері мен оған кесте салынуынан шапанның кең байтақ қазақ елінің қай аймағына тән екендігімен қатар, оны киген адамның әлеуметтік жағдайы, атқаратын қызметі немесе кәсібі айқын аңғарылып тұрған. Тағы бір ерекшелігі, қазақ халқының арасында аса сыйлы қонақтарға шапанды сый-кәде ретінде тарту ету дәстүрі бар. Сондай-ақ шапан ертеде әртүрлі жағдайларда төлем түрін анықтайтын әлеуметтік қызмет те атқарған. Мысалы, ежелгі «Жеті жарғы» заңында ұлттық салт-дәстүрді бұзған адамдарға көп жағдайда ат немесе шапан айып тарттырған. Халқымыздың сөз қолданысындағы «ат-шапан айып тарту» деген сөз, міне осыдан қалған. Бұған қоса, шапан ежелден дін өкілдерінің де күнделікті киіміне айналған. Діндар адамдар жібек немесе басқа да қымбат бағалы асыл маталардан тігілген шапанды қастерлеп, мұндай шапан пәле-жаладан, оғаш әрекет-қылықтардан сақтайды. Ондай шапанды киген адамға қыдыр дарып, құт қонып, биік мансап билігі тиеді деп есептеген.
Халқымызда ескіден қалған салт бойынша құрметті қонақтардың иығына шапан жабу дәстүрі бүгінде заңды жалғасын табуда. Әрине, мұндай қазақы дәстүрдің жаңа ғасырда жалғасын тапқанына қуануға болар еді. Алайда атадан балаға жеткен сол бір асыл дәстүріміз бүгінгі күні қалай насихатталып жатыр? Кез келген шетелден шақыртылған қонақтың иығына сол қасиетті шапанды жауып, мерейін асырып жатады. Ал оны еліне оралған сол жан қадір тұтып, төріне іліп қойса хош делік. Халқымыздың ұлттық брендіне айналуы тиіс әлгі шапан төрге оза алмай, сол шетелдіктің үйінің босағасында жатпасына кім кепіл...
Ол – ол ма, бірде той басқарып тұрған асаба жігіттің мерей иесіне тілек айтып, шапан жапқан адамға: Қазіргі күні біздің шаһарда тойға арналған бірнеше мың «дежурный» шапан бар деп естуші едім. Мынау соның нешіншісі екен, білесіз бе?» дегенде, шапан жапқан ерлі-зайыпты үнсіз қалған еді. Ал , сол асабаның айтып тұрғаны әзіл болса да бүгінгінің шынайы шындығы екендігіне дау жоқ.
Тымақ – ерлердің қысқы баскиімі. Оны аңның, малдың терісінен тігеді. Түлкі тымақ, елтірі тымақ, сеңсең тымақ, пұшпақ тымақ секілді түрлері бар. Бұрын қазақ елі қай жүздің, қай рудың адамы екенін тымағына қарап та таныған. Абайдың «Ескілік киімі» деген өлеңінде былай деген:
Күләпара бастырған, пұшпақ тымақ,
Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.
Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,
Артын белге қыстырған бар құрысақ.
Тымақ – қасиетті бас киім. Оны айырбастауға болмайды, оған аяқ тигізбейді. Жақсы кісілердің тымағы атадан балаға мұра есебінде қалып отырған көрінеді. Бұрынғы кезде қазақтар шала туған баланы неше күні кем болса, сонша күн тымаққа салып, кереге басына іліп қоятын болған. Бұл – тымақтың қадірі мен қасиетін бейнелейтін көрініс.
Ұлтымызға жарасатын баскиімнің тағы бір түрі – бөрік. Көмкерілген тері түрлеріне қарай кәмшат бөрік, құндыз бөрік, жанат бөрік, сусар бөрік, түлкі бөрік, күзен бөрік деп аталады. Бұл бас киімді ерлер де, қыздар да киеді. Қыздар киетін бөрік дөңгелек төбелі немесе конус тәрізді биіктеу болып келеді. Сәндік үшін төбесіне үкі, жиегіне моншақ, шашақ, түрлі асыл тастар, түйме, оқа, зер, күміс тағылады. Жас жігіттер мен сал-сері ақындар бөркіне үкі тағып, зерлеп, өрнектеп киген. Мысалы, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Мәшһүр Жүсіп бөріктерінің төбесіне үкі тағып жүрген.
Сәукеле – ұзатылған қыз киетін аса қымбат бағалы, кәделі әрі әсем баскиім. Дәстүр бойынша сәукеле тек ұзатылған қыздарға ғана кигізіледі, оны айырбастамайды, басқаға киюге беруге болмайды. Сәукелені өте шебер әйелдер ғана тігеді. Ұзатылған қыздың дәрежесі осы сәукелесіне қарап бағаланады. Әрине, мұндай бағалы баскиімді байлар мен өте ауқатты адамдардың қыздары ғана киген.
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүз Сапақ бай құда болыпты. Байсақал құдаларына қызының сәукелесін жіберіп: «Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды», – депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре: «Бұл сәукеленің бағасы бес жүз байтал болады екен, сондықтан қызының қалыңмалы без жүз жылқы болсын», – деп кескен екен.
Тон – қойдың терісінен тігілетін қыстық жылы киім. Тон тігісіне, үлгісіне қарай қималы, бүрмелі деп бөлінеді. Тонның ең әдемі, жылы, қымбат бағалы түрі – қамқа тон деп аталады. Оны бұрын хан, би, бай, мырза, ханша сияқты ауқатты, белгілі адамдар ғана киген екен. Абылай ханның ұрпақтары ХІХ ғасыр басында аққу терісінен қамқа тон тіккізген. Уәли хан өлгенде оның қамқа тонын Айғаным ханша ханның сыйлас замандасы Байдалы биге кигізген деген дерек бар.
Жақы – ертеректе ауқатты адамдар киген, қазір өте сирек кездесетін жағалы әрі асыл киімдердің бірі. Ол тек жылқы терісінен тігілетіндіктен, құлын жақы, тай жақы, құнан жақы деп бөлінеді.
Шекпен – тек қана түйе жүнінен тоқылатын жаздық сырткиім. Шекпендік матаны иіріп, оны өрмекпен тоқып, шапан үлгісінде пішеді. Оған мақпалдан немесе басқа қалың матадан қайырма жаға, тік жаға салады. Ботаның немесе тайлақтың жүнінен тоқылған шекпен өте әдемі болады. Оны шидем шекпен, кей өңірде боз шекпен дейді. Жас¬тар мұны сәндікке киген.
Ішік – сәнді әрі жылы киім. Мұның сыртын берік матадан, ішін аң, мал терілерінен тігеді. Қазақтың әдет-ғұрпында ішіктің алатын өзіндік орны бар. Мысалы, қасқыр ішікті жиырма беске толмаған жастарға киюге болмайды. Сол сияқты екі адам боранды күнде адасып, қасқыр ішікті адамның жанындағы кісі үсіп өлсе, онда өлген кісінің туыстары қасқыр ішікті кісіден кұн даулауға хақысы бар, өйткені бір қасқыр ішік екі адамды суыққа бермейтін көрінеді.
Күпі – қазақтың ертеден киіп келе жатқан киімдерінің бірі. Ол – ішіне қойдың, түйенің жабағы жүнін салып, бидай шүберекке сырып, сырты берік бір түсті матадан тігілетін жылы әрі қарапайым киім. Күпі жеңіл әрі ыңғайлы болады. Қажетті бұйымдар мен тігілуі оңай болғандықтан, мұны бұрынғы қазақтардың бәрі де киген. Киімнің бұл түрі көктем мен күзде киіледі.
Қалпақ – ақ киізден немесе қалың матадан тігілген, биік төбелі ерлердің баскиімі. Бұл киім бірнеше сайдан (құрамнан) құралып, жиегі қайырмалы болады. Сайлары ұлттық ою-өрнектермен әшекейленіп, төбесіне салбырап тұратын шашақ тағылады. Мұны көбінесе белгілі, лауазымы биік адамдар киген.
Қамзол – әйелдердің жасына қарай қызыл, көк, жасыл, қара түсті барқыт, шұға, мауыты т.б. маталардан әсем безендіріліп тігілетін киім. Жағалы, жиекті, жеңді немесе жеңсіз тігіледі. Өңіржиек, алқа, тұмарша, үкіаяқ секілді алтын, күміс зергерлік бұйымдары тағылады, қапсырмалы, түймелі болады. Жағасына, етегіне зерлі оқалар, өрнектер жүргізіледі.
Жаулық – ақ матадан жасалатын әйелдердің ең негізгі баскиімі. Әз әжелерді, асыл аналарды ардақтап, ақ жаулықты деп атайды. Жаулық – қазақ әйелдерінің ары, ажары, беделі һәм көркі. Мұндай жаулықтар биік әрі көрнекті болғандықтан әжелер мәртебесі мен ажарын көтере түседі. Ертеде мұндай жаулықтарды көбінесе бәйбішелер киген. Әжелер иығынан асып тұратын кимешек те киеді. Оның алдыңғы жағы түрлі түсті ою-өрнекті болады.
Белбеу – ерлер де әйелдер де қалың киім сыртынан буынатын өте қымбат бағалы зергерлік бұйым. Ер адамдар белбеуі жалпақ етіп жасалады. Әйелдер белбеуі жұқа әрі жіңішке болса да, өте сәнді, жұмсақ болады. Ұзарып, қысқарып тұратын ілгектер арқылы буынады. Берік маталарды да бірнеше қабат орап, белбеу ретінде пайдаланады.
Жарғақ шалбар – ешкі терісінен тігілетін ерлер киімі. Байлар, мырзалар, жас жігіттер сәндік үшін киген. Мұндай шалбарлар әдемі әрі жеңіл болады, бағалы киім қатарына жатады.
Етік – былғарыдан, құрымнан тігілетін ерлер мен әйелдердің аяқкиімі. Жым етік, қисық табан етік, жәй табан етік, шоңқайма етік деп бөлінеді. Мұны қыста да, жазда да киеді. Ерлерге арналған, қонышы тізеден асып, қара санға дейін жететін етік – жырым етік, ішіне байпақ салатын етікті – байпақты етік дейді. Соңғы екі түрін ер адамдар қыста ғана киген. Етікшілер мұндай етіктерді тарамыспен көктеп, ағаш шегемен шегелеп тігеді. Кейбір шеберлер сықырлап жүрсін деп етік ұлтанына тоз салады. Мұндай етікті сал-серілер мен бозбалалар киген.
Майя ҚОЖАБАЙ