Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » БІР БЕШПЕТІМ БАР ЕДІ ДҮРИЯДАН

БІР БЕШПЕТІМ БАР ЕДІ ДҮРИЯДАН

Ұлттық рух бар жерде рухани жаңғыру күш алады. Ұлттық сана, ұлттық код – сол игіліктің түпқазығы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген басым бағыттың бірі осы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық нақыштағы игіліктерге оралу.
  Қазақ халқының ұлттық киім-кешегі өздері өмір сүрген даланың өмірі мен негізгі кәсібі болған мал шаруашылығына тығыз байланысты дамыды. Халықтар арасындағы сауда дамуы негізінде Қытайдың жібек, мата тоқымалары батыс өңірге ене бастады.
  Осының нәтижесінде киім түрлерінеде өзгерістер енді. Жүн, жібек тоқымалардан тігілген жағалы немесе жағасыз, жеңді қаусырмалы шапандарды, шалбарларды кие бастады. Жібек құртын өсіру, тоқыма өнеркәсібі қолға алынды.
 Мақта өнімдері – мата, бөз, тор, шыт деп аталды. Жібек маталардан торқа, торғын, баршын, мақпал тарады. Осылайша сауданың, қолөнер мен кәсіптің өркендеуі – ұлттық киім кешектер байуына мүмкіндік берді. Ерлер шыттан, ақ бөзден кең мол етіп көйлек, барқыт, қыжым, шұғадан шалбар, жеңіл шапан, тақия, жалбағай киді. Қыздар жібектен желбіршек көйлек, мәуіті, шұғадан қамзол, үкі таққан тақия, кәмшат бөрік, бұлғын, сусар, қасқыр ішіктер киді.
Ерлердің бас киімдері: ерлер тақия, оның сыртынан төбесі шошақ ақ киіз қалпақ немесе әр түрлі аң терілерінен жиектелген бөріктерді киді. Боранды күндері бөркін бастыра әр түрлі жабағай киген.
Ақ қалпақ. Ақ қозының күзем жүнінен, кейде түбіт араластырып жұқа киізден жасалған жаздық бас киім. Кейде «Айыр қалпақ деп те аталады». Ақ қалпақ қара барқыт немесе қара пүлішпен әдіптелінеді. Қайырма етегі мен төбесін түрлі түсті жібек мата мен тыстаған немесе ою-өрнек салған. Кейде қайырма етегіне алды арты жырық салған. Осыдан «айыр қалпақ» деп атаған. Төбесіне төгілдіре шашақты маржан тағылған.
Тақия. Тақияны бір түсті сәтен, шұға, барқыт сияқты материалдардан аласа, төбесі төрт сай немесе дөңгелек төбелі етіп тігеді. Қолмен немесе машинамен таңдай, ирек, қабырға тігістерімен сырып, кестелі тақияның жиегіне ирек және қошқар мүйіз өрнектер салады.
Бөрік. Қыстық және жаздық бөрік деп бөлінеді. Қыстық бөріктің ішіне жүн немесе мақта салып тігеді. Ал жаздық бөрік қос астарланып тігіледі. Бөрік елтірімен немесе аң терісімен көмкеріліп, қымбат, қалың матамен тысталады. Ерлердің ойын-тойға киетін қымбат, бағалы бөріктері болады. Ертеректе ерлер бөріктері қазақтың руларына қарай әшекейлі, үкілі үлгілерде тігілген.
Тымақ. Тымақты малдың, аңның терісінен тігеді. Тігілген теріге байланысты елтірі тымақ, түлкі тымақ, құндыз тымақ деп аталады. Тымақ 4 сайлы, биік төбелі, суықтан, бораннан қорғайтындай мол пішіледі. Маңдайы, екі құлағы және мойны, жотаға дейін жауып тұратын артқы етегі болады. Оның іші тері, сырты пүліш, барқыт, дүрия маталарымен тысталады. 2 құлақтың сырт жағынан бастыра жалпақ екі бау тағылады. Жаз бен күзде киетін сәнді, жеңіл елтірі тымақтарды «жекей тымақ» деп атайды. Кей жердерде тымақты «малақай» деп те атайды.
Жалбағай. Тымаққа ұқсас қалың немесе жұқа матадан, жұқа ақ киізден тігілетін бас киім. Жалбағайдың екі жаны мен артқы етегі тұтас тігіліп, иық мен желкені жауып тұрады. Жылқышылар қыстың күні жалбағайды тымақ сыртынан киеді. Әр жерлерде жалбағайды далбағай, далбай, жолбай, күляпара деп атайды. Түрік тайпалары «башлық» деп атаған.
Әйелдердің бас киімдері: қазақ әйелдерінің бас киімдері – олардың жасы мен отбасындағы жағдайына байланысты болған. Жаздың күні қыздар түрлі түсті жібек, барқыт, мақпалдан тігілген төбесі жайпақ, дөңгелек тақия киген. Қыста киетін негізгі бас киімі кәмшат бөрік болған. Әйелдердің ең қымбат бас киімі қалыңдықтың тойға киетін сәукелесі деп есептелген. Ері бар, егде тартқан әйелдер әшекейі жоқ ,ақ мақта матадан тігілген бас киім киген, немесе жаулық тартқан.
Тақия. Үкілі тақия қазақ қыздарының ерекше ұнатып киетін бас киімі. Қыздардың тақиясын қызыл, күлгін, жасыл тағы басқа бір түсті шұға, барқыт, мәуіті сиякты маталардан тіккен. Төбесі төрт сай немесе дөңгелек келеді. Жібек, алтын,күміс, жер жіптермен кестеленеді. Түрлі түсті моншақ–маржан, алтын, күміс теңгелер және асыл тастармен безендіріледі. Үкінің үлпілдек қауырсынын әсемдік үшін тақияның төбесіне қадайды.
Сәукеле. Ұзатылатын қыз киетін бас киім. Оны қыз ұзатылғанда, ұзатылар жерге киіп барады. Оны арнаулы басылған ақ киізден немесе арасына жүн салып, сырылған матадан жасап, сыртын барқыт, атлас, мәуіті, шұға сиякты қымбат матамен қаптайды. Шетін құндыз, камшат терілерімен көмкереді. Сәукеле үш қарыс шамасында ұзын болып, бойына алтын, күміс және меруерт-маржаннан әшекей тағылып, жібек жіппен кестеленеді. Сәукеленің арнайы күмістен жасалған төбелдірігі, маңдайшасы, екі жағында тізілген маржаннан салпыншақ пен жақтауы және белге дейін түсіп тұратын арт құлағы болады. Сәукеленің төбесіне жібектен желек салынып, оған үкі қадалады. Сыртында жерге жететін, ақ жібек жаулығы болады.
Желек. Келін болып түсіп, жыл өткен соң сәукеле алынып, орнына желек салынған. Желекті тұңғыш баласын тапқанша салып жүрген.
Кимешек. Ақ матадан немесе ақ жібектен тігіледі. Кимешек басты, кеудені, иықты жауып тұрады. Кеуде жағын, бет жақтауларын көмкеріп, кестелейді. Жас келіншектердің кимешегінің бет жақтауы жалпақтау болады, кестесі көркем келеді. Қарттар мен күйеуі қайтыс болған әйелдердің кимешегіне кесте тігілмейді. Күйеуі қайтыс болған әйелдердің кимешегін жылы толғанша теріс кигізіп, асын бергеннен кейін оң қаратып кигізетін салт болған.
Шылауыш. Кимешектің сыртынан киетін бас киім. Ақ мақта матадан немесе жібектен жасалады. Шылауышты матаны шаршылап, маңдайын қатырма етіп шаршының үлкен бөлігін тұтас төбені жауып тұратындай етіп екі шекесінен қыр шығарып жасайды. Кей жерлерле шылауышқа кесте тігеді. Қарт әйелдердің шылауышында кесте болмайды.
Күндік. Әйелдердің басына орап тартатын ақ жаулық. Бұл жаулық 3-5 метрлік ақ мақта матадан, жібектен тігіледі. Ұлы жүзбен орта жүздің әйелдері көп киген.
Бөрік. Қыстық және жаздық бөрік деп екіге бөлінеді. Қалыңдау, қымбат бағалы матамен тысталып, сирек кездесетін аң терілерімен термеленеді. Аң терісіне қарай оны құндыз бөрік, камшат бөрік, сусар бөрік және оқалы бөрік деп атайды. Қыздардың бөркінің төбесі төрт сайлы, биіктеу болып келеді. Алтын, күміс теңгелермен, асыл жіптермен безендіріледі, үкі тағылады.
Жаулық. Жібектен, жүннен, мақтадан тоқылған баскиім. Жүннен тоқылғанын «бөкебай» деп атайды. Жібектен шашақтап тоқығанын «бөртпе» деп атайды. Жібектен немесе матадан шашақ шығармай тоқыған түрін салы деп атайды. Жаулықты орамал деп те атаған.
  Болашақ ұрпақ ұлттық баскиімнің қадір-қасиетін біліп, лайықтап киіп жүрсе, ата дәстүрі жалғасын тапса, заман талабына сәйкес ұлттық сәнге айналса, күнделікті өмірімізге енсе нұр үстіне нұр болар еді.

Алтын ҚОЖАХОВА,
Сырдария аграрлы техникалық колледжінің
жоғарғы санатты өндірістік оқу шебері,
Тереңөзек кенті

13 мамыр 2018 ж. 2 907 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области