КӘСІПКЕР МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ДОМБЫРА СЫЙЛАДЫ
Облыс орталығындағы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияда «Рухани жаңғыру» кабинетінің ашылуы және ұлттық аспаптар оркестріне Балтабай Ибраев және «Қолөнер» орталығы шеберлерінің демеушілігімен домбыра сыйлау рәсімі өтті. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» орталығы хабарлады.
Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келген бұл шара – жас ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, прагматизмге, ұлттық бірегейлікті сақтауға тәрбиелейді, бәсекелік қабілетін дамытып, сананың ашықтығын дәріптеуге үйретеді.
Мектепте ұлттық оркестр құралып, домбыра сыйлау бастамасы «Домбыра Фест» акциясында оқушылар тарапынан түскен ұсыныс негізінде жүзеге асты.
Осы шарадан кейін мектеп ұжымы тарапынан ұлттық аспаптар оркестрі мен «Рухани жаңғыру» кабинетін ашу туралы ұсыныс айтылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда нәтижелі істерге аса мән беру, тиімді шараларды ұйымдастыру талап етілгенін ескерсек, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуға Қызылорда қаласындағы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия ұжымы бастамашы болып, меценаттар қолдауына ие болды.