ЖАҢҒЫРУ АЯСЫНДАҒЫ ЖАҢА БАСТАМАЛАР
Жалағаш ауданында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Туған жер – Туған ел» базалық бағытындағы мәдени құндылықтарды дәріптеу шаралары жүйелі жүзеге асып келеді.
Қоғам дамуын жаңа бағытқа бұрған бастама аясында ауданда Есет батыр Көкіұлының 350 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтті. Осы тақырыпта ғылыми-танымдық конференция, республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, батырдың тұлғалық қасиеті, ерлігі мен еңбегі мазмұнды баяндамаларға, келісті ой, кестелі жырға арқау болды. Ақарық ауылына Есет батырдың есімі берілді.
Аудан тұрғындарының ұлттық салт-дәстүрлер мен тарихи мәдени құндылықтарға құрметпен қарап, өз өлкесінің тарихын терең білуге қызығушылығын арттыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының облыстық, аудандық бөлімшелерінің «Туған жерге саяхат» шарасы ұйымдастырылды. Ауданның белсенді жастары көне дәуірден сыр шертетін киелі орындарды аралап, керемет әсерге бөленді.
Жаңғыру талаптарына сай жаңа әлеуметтік мәдени ортаны қалыптастыру, ұлттық өнерді дамыту, патриоттық құндылықтарды дәріптеу бағытында Далдабай ауылдық клубы жанынан «Қобыз» үйірмесі, Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанынан «Мұрагер» фольклорлық этнотобы құрылса, Т.Жүргенов ауылдық мәдениет үйі жанынан бұрынғы «Шұғыла» фольклорлық ансамблі қайта жаңғыртылды. Өнегелік құндылықтарды насихаттау мақсатында Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған этнотоптың ұйымдастыруымен жастар көп жиналатын демалыс орындарында «Көне аспаптар сыр шертеді» жобасы іске асырылды.
Сондай-ақ, жас буынды ұлттық мәдени құндылықтар мен ұлтжандылыққа тәрбиелеу, бағыт-бағдар беру мақсатында мәдениет және өнерді дамыту орталығында Ә.Жүргенбаев атындағы жас ақындар үйірмесі ашылғалы отыр. Оған Жалағаш ауданының тумасы, белгілі жырау Айдос Рахметов жетекшілік жасайтын болады.