Ел үшін туған ер тұлға
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Астана қаласына және облыс орталықтарындағы басты көшелерге Нұрсұлтан Назарбаев атын беруді ұсынған болатын. Бұл ұсынысты халық қолдап, депутаттар заң жобасын бірауыздан қабылдады. Себебі Тұңғыш Президентіміздің қазақ халқы алдындағы сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Тәуелсіздік алған жылдары ел басқару оңай шаруа емес. Н.Назарбаев елге басшылық жасаған кезеңде қажетті мемлекеттік институттар қалыптастырып, мемлекеттің шекарасын бекітіп, ішкі саяси тұрақтылық пен сенімді сыртқы саясатты жүргізе білді.
Елбасы ерлігінің бірі астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыруы дер едім. Сарыарқаның төріне әлем таныған Астананы салды.
Елбасының жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды дәріптеуге жаңа бағыт берді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Елбасы белгілеген және батыл жүргізген бағыт өзін-өзі ақтады және алдағы уақытта да өміршеңдігін көрсететіндігіне сенімім мол.
Аманжол ЖОЛМАҒАНБЕТОВ
Арал қаласының тұрғыны