«Ұлы дала елінің тұғырлы тарихы» көрмесі өтті
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты сараптамалық бағдарламасы аясында С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында «Ұлы дала елінің тұғырлы тарихы» атты көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Шараға зиялы қауым өкілдері, ЖОО студенттері мен оқытушылары және жергілікті қылқалам және қолөнер шеберлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Көрменің мақсаты – атқа міну мәдениеті кешегі бабаларымыз үшін әлемді аузына қаратқан айтулы оқиға болса, бүгін сол бабалардың ұрпағы аттың оң-терісін ажырата білгеін түсіндіру, көрме арқылы жастардың жылқы малына деген құрметін арттыра білу, атқа міну мәдениетін санаға сіңіру. Қазақ қоғамындағы жылқы малының қадір-қасиетін ұғындыру.
Көрмені облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы ашып, Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты сараптамалық бағдарламасы, оның жүзеге асырылуы жайлы ой бөлісті. Сондай-ақ, Қызылорда қаласының тұрғыны жеке коллекционер, ХVIII-ғасырдан сақталып келе жатқан күміс ер-тұрман әбзелдерін жинаушы, бәйге атын ұстап-баптаушы Жапбасбай Қожабек Бөлебайұлы қатысып, ертеден келе жатқан салт-дәстүріміз, атқа міну мәдениеті туралы ойларын ортаға салды.
Көрме екі топтамадан тұрады: біріншісі – ежелден атбаптаған қазақтар жаһандық мәдениетті дамытуға үлес қосқаны жайлы баяндалатын фотосуреттер және Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қоырнда сақталған ат әбзелдері, киім үлгілері, этнографиялық бұйымдар, тұрмыстық заттар және ер қаруы бес қару, атқа міну мәдениетінің тарихына қатысты суреттер қойылды.